Отанның дегенін істеу - қуаныш, мақтаныш

Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, А. Жанпейісов атындағы №105 орта мектебінің 11-сынып оқушысы — Шарипова Қарлығаш.

Ер есімі — ел есінде

Жер бетін тып-типыл етуге ұмтылған, аранын ашып, әлемге алақұйын жалын шашып, жан біткенді жалмауға жанталасқан қаһарлы зұлмат — соғыс туралы сөз бастағанда, бұл тақырыпты он бетке де, жүз бетке де сыйғызу мүмкін еместігін түсінесің. Себебі соғыс — уақытқа тәуелсіз, ешқашан өзгермейтін, ешбір сынға көнбейтін азап.

2015 жылы біз Жеңістің 70 жылдығын қарсы алдық. Келешек ұрпақ ретінде бүгінгі бейбіт өмірдің қандай қиындықпен келгенін білу — парыз. Қазіргі таңда тәуелсіз мемлекет болсақ та, сол кезеңде Кеңес Одағы сан түрлі халықтарды бір ортақ мемлекетке біріктірді. Батыстан жау төнген шақта Отанның абыройын, бостандығы мен еркіндігін қорғауда қазақ жұрты жаппай ерлік пен қайсарлықтың ерен үлгісін көрсетті.

Соғыс жылдарындағы бірлік пен еңбек

Даламыз қандай кең болса, пейіліміз де сондай кең; жер қойнауы қандай бай болса, жүрегіміз де сондай бай. Қан майданда халқымыздың елдік мінезі мен ерлік қасиеті сынға түсті. Осы жолда қаншама ардагер әкелеріміз, аталарымыз бен апаларымыз қанын төгіп, жанын пида етті.

Сол кездегі халықтардың тұтасқан бірлігі мен мызғымас достығы, халық пен әскердің жаппай ерлігі — Жеңістің басты кепілі болды. Майданға аттанған мыңдаған жұмысшылар мен шаруалардың орнын тылда әйелдер мен балалар, мүгедектер мен зейнеткерлер алмастырды. Әр отбасының асыраушысы майданға кеткендіктен, ел ішінде тәулік бойы еңбек ету қалыпты жағдайға айналды.

«Бір минут ішінде сен соғысқа дейін бір сағатта істегеніңді істеуге тиіссің!» — деген ұранды берік ұстанған жұрт қатал тәртіпке қарамастан, асқан шыдамдылық танытып, ұйымшылдықтың биік үлгісін көрсетті.

Рух пен адалдық туралы сөз

Әбділдә Тәжібаев

Қасиетім менің — адалдығым мен ақтығым.
Жаныма қуат — жүрегімнің таза пәктігі.
Тәңірімнен күнде көз жасымменен тілеймін,
Өтсем екен деп тірі жанға болмай жаттығым.

Баубек Бұлқышев

«Адал адам Отанын сүйеді. Адал, ақ жүрекке Отан — анасындай. Отанның дегенін істеу — қуаныш, мақтаныш. Отанға деген махаббатты бізде өлшеуге болмайды».

Жаратылысынан ақ жүрек әрі намысты халық өз мүддесінен Отан мүддесін жоғары қойды. Отан үшін өмірін құрбан етуден асқан ерлік жоқ екенін ұқты. Қасиетті туған жеріне деген махаббатын осылай дәлелдеді.

Отбасы тарихы: Таңқаев Шәріп Шәуенұлы

Ұрпағына бейбіт өмір сыйлау үшін жанын аямаған жандардың бірі — менің атам, Таңқаев Шәріп Шәуенұлы. Ол 1922 жылғы 8 тамызда Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Қызылтам ауылдық кеңесінде дүниеге келген.

Әскер қатарына шақырылуы

1941 жылғы 13 қазанда Кеңес Одағының Қарулы күштері қатарына алынды. Сол уақыттан бастап атқыш болып қызмет атқарды, 30 қарашадан бастап атқыштар взводының командирі болды.

Майдан жолы

1942 жылғы 31 тамызда Сталинград түбіндегі шайқасқа, 1945 жылғы 4 қаңтарда Украина түбіндегі шайқасқа қатысты. Атқыштар дивизиясында командирлік қызметтер атқарды.

Соғыстан кейінгі еңбек

Жеңістен кейін Қармақшы ауданы орталығында орман шаруашылығы бөлімінде есепші болып еңбек етті.

Марапаттары

  • Ұлы Отан соғысының II дәрежелі ордені
  • «Ерен еңбегі үшін» медалі
  • Кеңес Одағы Қарулы күштеріне 60 жыл мерейтойлық медалі
  • Ұлы Жеңістің 20, 30, 40, 50 жылдығына арналған мерейтойлық медальдар

Ауданның құрметті ақсақалы, еңбек ардагері әрі соғыс ардагері болғанын немересі ретінде мен мақтан тұтамын. Атам 1988 жылғы 7 сәуірде дүние салды.

Ерлік — ұмытылмайтын аманат

Біз жас болсақ та, Ұлы Отан соғысына әр үйдің ер азаматтары аттанып, Отан үшін жан қиғанын білеміз. Сол кезеңде Отанын қорғауға аттанған әр азамат соңғы қасық қаны қалғанша жеңіске жетуді мақсат етіп, қажет болса өмірін құрбан етті. Олардың ерлігі болашақ ұрпақтың жадында мәңгі сақталады.

«Балам, сенің бұл халқың — батыр халық, батырлығын жауына татырды анық», — деген жыр жолдары халқымыздың ерлігін талай мәрте айғақтайды.

Дүниені дүр сілкіндірген сол алапат соғыста қазақтың 497 азаматы Кеңес Одағының Батыры атағын алып, тарихта өшпестей із қалдырды.

Ел шетіне жау тиді дегенді естігенде, қазақ батырлары қолына қару алып, кеудесін оққа тосуға әзір екенін көрсетті. Отанды қорғауды азаматтық борышы санаған жалынды публицист, ер жүрек жауынгер Баубек Бұлқышев те осы жолда жанын қиды. «Өмір сүргім келеді» деп арман еткен небәрі жиырма сегіз жастағы жауынгердің отты сөздері майдандағы рухты күшейтіп, елге үміт пен жігер сыйлады.

Бейбіт күннің бағасы

Егемен елдің ұрпағы — біз бақыттымыз. Өйткені заманымыз тыныш, аспанымыз ашық. Ендігі міндет — мақсат қойып, соған ұмтылу, біліммен және еңбектің қуатымен елге қызмет ету.

Соғыс аяқталып, Жеңіске жеткенімізге 70 жыл толса да, сұрапыл соғыстың ізі ұмытылмайды. Оны көзбен көру тұрмақ, көркем шығармалардан оқығанның өзінде жүрек шымырлап, көзге жас үйіріледі. Тәуелсіздікке, осындай бейқам өмірге біз тар жол, тайғақ кешумен жеттік — мұны естен шығармау керек.

Біздің парызымыз — Жеңіс күнін мәңгі есте сақтап қана қоймай, ержүрек аталарымыз бен әжелерімізге тағзым ету. «Ер есімі — ел есінде»: бізге жарқын болашақ сыйлаған жандардың ерлігі ешқашан ұмытылмайды.

Қазақ елінің көгінде бейбіт құс қана самғай берсін. Ешқашан соғыс болмасын.

Қамықпаған қиындықтың түгінен,
Өздеріңе жинап қырдың гүлінен.
Бүгінгі ұрпақ — бақытты ұрпақ атынан
Құттықтаймыз 70 жыл — Жеңіс күнімен!