Тәуелсіздік жолында. Сабақтың технологиясы
Алматы облысы, Іле ауданы, №20 орта мектебі МКМ-нің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі: Оманова Гүлзат Төребекқызы
Сабақтың тақырыбы
Тәуелсіздік жолында — Т. Рысқұлов
Сабақтың мақсаты
Білімділік
Желтоқсан оқиғасы арқылы жылдар бойы бабаларымыз армандаған егемендікке қол жеткізгенімізді ұғындыру. Т. Рысқұлов туралы жаңа мәлімет беріп, тәуелсіздікке жету жолында талай боздақтың шейіт болғанын көрсету.
Дамытушылық
Оқушылардың танымдық және шығармашылық қабілетін дамыту, сөздік қорын молайту.
Тәрбиелік
Отанды сүюге, ел мен жердің қадір-қасиетін түсінуге тәрбиелеу.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру
- Сәлемдесу.
-
Тіл дамыту сұрақтары:
- — Сенің Отаның қандай? Қазақстан.
- — Қазақстан қандай мемлекет? Тәуелсіз мемлекет.
- — Қазақстан қашан тәуелсіз ел болды? 1991 жылы.
- — Қазақстанның Президенті кім? Н. Ә. Назарбаев.
- Үй тапсырмасы туралы сұрау.
II. Үй тапсырмасын тексеру
Өткен тақырып бойынша оқушылардың орындаған тапсырмалары тексеріледі.
III. Жаңа сабақ
1) «Ой шақыру» стратегиясы
Туған жер, Отан туралы мақал-мәтелдер:
- Отансыз адам — ормансыз бұлбұл.
- Отан үшін отқа түс, күймейсің.
- Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас.
«Отан үшін отқа түс, күймейсің» — Бауыржан Момышұлы сөзі.
Эпиграфтың орысша аудармасы: «Никто не рождается героями».
«Батыр» сөзінің синонимдері: қаһарман, ер, ержүрек, батыл. Антонимі: қорқақ.
Антонимін қойып айтқанда: «Анадан ешкім қорқақ болып тумайды».
Сұрақ: Биыл тәуелсіздігімізге қанша жыл толды? Жауап: 20 жыл.
2) Мұғалімнің кіріспе сөзі
Тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ. Кешегі ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен үш жүздің басын бір тудың астына біріктірген Абылай хан да ел тәуелсіздігі жолында ғұмырын сарп етті. Қара бала, қара қазан қамы үшін сөз саптаған төбе билер — Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би — аңсаған мұрат та осы тәуелсіздік еді.
Мұстафа Шоқай, Тұрар Рысқұлов, Әлихан Бөкейхан да халқының бостандығы мен бақыты үшін күресті. Ал 1986 жылғы желтоқсанда орталық алаңға жиналған жастардың жанайқайы да тәуелсіздік үшін болды.
Бүгінгі сабақтың тақырыбы: «Тәуелсіздік жолында — Т. Рысқұлов». Мақсатымыз — ойымызды жүйелі жеткізіп, белсенді қатысу арқылы тәуелсіздік туралы ұғымды бекіту.
3) Жоба жұмысы және қорғау
Оқушылар екі топқа бөлініп, алдын ала дайындалған жобаларын қорғайды.
I топ
Тәуелсіздік жаршысы — Т. Рысқұлов
Тұрар Рысқұлов 1894 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Ол — революционер, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. 1918–1937 жылдар аралығында әртүрлі мемлекеттік басшылық қызметтер атқарып, республиканың экономикасын, мәдениетін және тұрмысын дамытуға үлкен үлес қосты.
Т. Рысқұлов — халқын шексіз сүйген патриот. Ол Мәскеуде он жылдан астам басшылық қызметте жұмыс істеген тұңғыш қазақтардың бірі ретінде танылды. Алаш арысы Мұстафа Шоқай Тұрарды «Сталиннің фавориті» деп атаған деген дерек айтылады.
Түркі идеясы, Түркісіб теміржолын салдыруға атсалысуы және аштықпен күресі — қазақ тарихындағы маңызды оқиғалар. Сондай-ақ Шығыс киносы дамуына үлес қосып, «Шығыскино» бірлестігінің ашылуына ықпал еткен.
1937–1938 жылдары қуғын-сүргінге ұшырап, 1937 жылы мамыр айында Кисловодскіде әйелі Әзизамен демалып жүрген кезінде «халық жауы» деген жаламен қамауға алынады. 1938 жылы 10 ақпанда атылды.
Т. Рысқұловтың отбасы туралы
Тұрардың бұрынғы жұбайы Надежда Константиновнадан екі қызы болған: Софья және Майя. Софья Тұрарқызы 1923 жылы туған, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болған, 1998 жылы қайтыс болған. Майя Тұрарқызы 1929 жылы туған, Мәскеуде түрлі мекемелерде қызмет атқарған.
Владимир — Майяның ұлы. 1957 жылы Мәскеуде туған, Мәскеу мемлекеттік университетінің Азия–Африка елдері институтында тарих-филология факультетін бітірген. Араб, ағылшын, француз тілдерінің маманы. Оның үш қызы бар: Александрина мен Анастасия — биотехнология мамандары, Анна — суретші.
Әзиза Түбекқызыдан туған жалғыз ұлы Ескендір он жылға сотталып, Архангельск түрмесінде өкпе ауруынан қайтыс болады. Аяғы ауыр Әзиза Бутырка түрмесінде босанып, Рида есімді қызын балалар үйіне өткізеді. Әзизаның анасы Әрипа Атауылқызы «халық жауының енесі» ретінде Қарағанды лагеріне айдалып, сол жерде қайтыс болған.
Қазіргі деректер бойынша Сәуле Алматыда тұрады, биология ғылымдарының докторы; Рида Мәскеуде тұрады. Әзиза апай 1988 жылғы маусым айында Алматыда қайтыс болған.
II топ
Желтоқсан қаһарманы — Қайрат Рысқұлбеков
Дүниені дүр сілкіндірген 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы ұмытылмайды. Талай тағдыр талауға түсіп, тәуелсіздік жолында талай азамат шейіт болды. Солардың қатарында Асанбай Асқаров, Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев, Сәбира Мұқаметжанова сияқты есімдер аталады.
Олар өмірден қандай қызық көрді?
Бұл сұрақ — тәуелсіздіктің құнын ұғындыратын, әр ұрпақтың жадында жаңғырып тұратын ауыр да әділетті ой.