Елде сталиндік саясат жүзеге асты
Ашық сабақ
Тоталитарлық режимнің орнауы және саяси репрессия
Пәні: Қазақстан тарихы
Топ: Д-142б, Д-131 (2-курс)
Сабақтың типі: Топтық жұмыс
Сабақтың мақсаты
Білімділік:
Сталинизмнің орнығуын, жазалау шараларын және халық трагедиясын ашып көрсету. Қазақстанның «лагерьлер өлкесіне» айналуын түсіндіру. Кеңес дәуірінде Қазақстан аумағында құрылған еңбекпен түзеу лагерьлерінің тарихына шолу жасау.
Дамытушылық:
Оқушылардың шығармашылық ізденісі арқылы философиялық ойлауын дамыту, өз ойын жүйелі жеткізудегі сөйлеу мәдениетін қалыптастыру.
Тәрбиелік:
Отаншылдық сезімді күшейту, қиындыққа төзе білуге және болашаққа деген сенімді жоғалтпауға тәрбиелеу.
Әдістер мен ресурстар
Сабақтың әдістері
- «Оқумен жазуды сын тұрғысынан ойлау» технологиялары
- Сатылай кешенді талдау технологиясы
- «Миға шабуыл» стратегиясы
- «Аптаның жеті күні» әдісі
- Ақпараттық технологиялар (слайд, бейнематериал)
Көрнекіліктер мен байланыстар
Көрнекілігі:
Қазақстан картасы, КарЛАГ картасы, қазақ зиялыларының фотосуреттері, слайд-шоу.
Пәнаралық байланыс:
Әдебиет, география.
Ұйымдастыру кезеңі
- Оқу құралдарын тексеру және түгендеу.
- Оқушылардың зейінін сабаққа шоғырландыру.
Үй тапсырмасын тексеру
Алдын ала берілген тақырып бойынша оқушылар топтарға бөлініп, слайдтар мен баяндамаларын қорғайды (15 минут).
«Миға шабуыл» сұрақтары
- 1. «Индустрияландыру» ұғымының мағынасы қандай? Индустрияландыру бағыты партияның қай съезінде және қашан белгіленді?
- 2. Ол қай бесжылдық жоспармен тұспа-тұс келді?
- 3. Индустрияландыру бағыты неден басталды?
- 4. Ф. И. Голощекин Қазақстанды қай жылдары басқарды және қандай бағыт ұстанды?
- 5. Голощекин бағытына қарсы шыққан қоғам қайраткерін атаңыз.
- 6. Қазақ халқын орны толмас қасіретке ұшыратқан «қызыл жендет» кім? (Ф. Голощекин)
- 7. «Голощекиннің саясаты — бірден-бір дұрыс саясат» деп кім айтты? (И. В. Сталин)
- 8. 1932–1933 жж. ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш монумент қай қалада тұрғызылды? (Астана)
- 9. Аштық туралы мәліметтер келтірілген қай кітапта берілген? («Қызылдар қырғыны»)
- 10. Тарихшы Талас Омарбеков дерегі бойынша 1930–1933 жж. аштықтан қанша адам қаза тапты? (2 млн 200 мың адам)
- 11. Геноцид деген не? (Ұлтты түбірімен жою)
- 12. Ашаршылыққа кім кінәлі деп ойлайсыз? (Сталин саясаты; орындаушы — Голощекин)
- 13. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» — кімдердің ұраны? (Голощекиндік солақай саясаттың ұраны)
- 14. Ашаршылыққа дейінгі халық саны қанша болды? (4 млн 850 мың адам)
- 15. Голощекиннен кейін Қазақстанға кім басшы болды? (Л. И. Мирзоян)
- 16. «Күніне қазақ мыңдап өліп жатыр…» деген өлең жолдары кімге тиесілі? (І. Жансүгіров)
- 17. Аштық туралы слайд көрсету (3 минут).
Тарихи еске салу
Қазақ даласындағы аштық кезеңдері
- 1921–1922 жж.
- 1931–1933 жж.
- 1941–1945 жж. және соғыстан кейінгі кезең
Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген,
Жөргегімде таныстым мұң тілімен.
Жылағанда жүрегім, күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн тірілген.Өлең жолдары (дәйексөз)
Жаңа тақырып
Сабақтың тақырыбы мен мақсаты түсіндіріледі. Оқушылар негізгі ұғымдарды меңгеріп, Қазақстандағы тоталитарлық жүйенің қалыптасуы мен саяси қуғын-сүргіннің тарихи салдарын талдайды.
Терминдермен жұмыс
- Бюрократия
- Қоғам мүшелеріне белгілі бір артықшылықтар беретін, мемлекеттік аппарат арқылы жүзеге асатын басқару жүйесі; шенеуніктік билік.
- Репрессия
- Мемлекеттің өз азаматтарына қолданатын қатаң жазалау шаралары.
- Тоталитаризм
- Қоғам өмірінің барлық саласы мемлекет тарапынан толық бақылауға алынатын саяси құрылым.
Топтық жұмыс (ой дамыту)
Уақыты: 5 минут
1) Тоталитарлық жүйенің орнауы
Мемлекеттік бақылаудың күшеюі, орталықтандыру, жеке бастың құқығын шектеу механизмдері.
2) Жаппай жазалау және «лагерьлер өлкесі»
Қазақстандағы лагерьлер жүйесі, мәжбүрлі еңбек, саяси айыптаулардың салдары.
3) Қуғын-сүргінге ұшыраған зиялылар
Қазақ зиялыларының тағдыры, ұлт руханиятына тиген соққы, тарихи жад мәселесі.
Тапсырмаларды қорғау
Әр топ өз тақырыбын слайд арқылы қорғайды: тоталитарлық жүйе, жаппай жазалау, лагерьлер, қуғын-сүргін құрбандары болған зиялылардың фотоматериалдары көрсетіледі.
Мұғалімнің кіріспе сөзі
1930 жылдарға қарай ел аумағында социалистік қатынастар орнықты: жер, фабрика-заводтар, ұжымшарлар мен кеңшарлар мемлекет меншігіне өтті. Өндіріс құрал-жабдықтарына қоғамдық меншік бекіді.
1936 жылдың 5 желтоқсанында Кеңестердің Жалпыодақтық VII төтенше съезінде жаңа сталиндік Конституция қабылданды. Соның нәтижесінде КСРО-да бюрократиялық орталықтандыру күшейіп, социализм тоталитарлық, «казармалық» сипат алды.
Жазалау органдарының қызметі күшейтіліп, азаматтардың құқықтары шектелді: пікір айтқан немесе ұсыныс жасаған адам «халық жауы» ретінде айыпталып, жазалауға ұшырады. Сталиндік қуғын-сүргін осылайша жүйелі саясатқа айналды.
Қазақстандағы екінші репрессия (1937–1938)
1937–1938 жылдары КСРО көлемінде, әсіресе Мәскеу мен Ленинградта жаппай жазалау науқаны күшейді. Оның ызғары Қазақстанға да жетті, соның ішінде Қарағанды өңіріне де әсер етті.
Қарағанды сол кезеңде елдегі ірі көмір ошақтарының бірі саналып, мұнда партия, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, ақын-жазушылар қызмет етті. Солардың бір бөлігі қуғын-сүргіннің құрбанына айналды. Сабақта слайд арқылы осы кезеңдегі қазақ зиялыларының тағдырына тоқталу көзделеді.
Сатылай кешенді талдау
Мұғалім Әлихан Бөкейхановтың өмірі мен қызметін сатылай кешенді талдау әдісі арқылы көрсетеді.
Оқытушы
Ұ. О. Абзелова