Сөздердің ішінен кім

Сабақтың мақсаты мен міндеттері

Бұл сабақта оқушылардың зат есім туралы түсінігін толықтырып, оны сөйлеу процесіндегі рөлімен байланыстыра бекіту көзделеді.

Білімділік

Зат есімнің сөйлеуде ерекше орын алатынын ұғындыру, сөз табы ретінде атқаратын рөлі мен мәнін ашу.

Дамытушылық

Елестету арқылы шығармашылық және теориялық ойлауды, тілдік дағдыларды дамыту.

Тәрбиелік

Ұйымшылдыққа, ерлікке, достыққа, адамгершілікке тәрбиелеу және патриоттық сезімді ояту.

Сабақтың барысы

I

Ұйымдастыру кезеңі

Психологиялық дайындық ретінде оқушылардың назарын сабаққа шоғырландыру үшін мына шумақ айтылады:

Бір, екі, үш —
Бойға жинап күш.
Жалқаулықты тастаймыз,
Біз сабақты бастаймыз.
II

Үй жұмысын тексеру

  • 142-бет, 4-жаттығу: бір оқушыға оқыту.
  • Қимылды білдіретін сөздерге сұрақ қою.
  • Мақалдың мәнін түсіндіру.
  • Тіліміздегі сөздердің қандай сөз таптарына бөлінетінін қайталау.
III

Жаңа материалмен жұмыс

Қызығушылықты ояту: ойжұмбақ

Бір күні жолаушы жолдан бір нәрсе тауып алады. Ол затты әрі қарап, бері қарап, не екенін таба алмай, ақылгөй данаға келеді: «Мен жолдан бір нәрсе тауып алдым. Оның жартысы көрінбей тұр. Бұл не болуы мүмкін? Көмектесіңізші».

Ойжұмбақ

Ол аспанда да, жерде де болады; шөлейт жерлерде де жүреді; ата-әжелеріңнің қолында да болуы мүмкін; оны жеуге де болады; ол — барлық адамда да болады.

Оқушыларға: «Бұл не?» деген сұрақ қойылып, болжамдар тыңдалады.

Слайдтағы суреттерге қарап, пайда болған заттардың аттарын жазамыз: бұлт, құрт, түйе, көзілдірік, құс, алма, жүрек және т.б.

Сұрақ қою

Бұл сөздерге қандай сұрақ қоямыз? Не?

Көпше түрде: Нелер? (түйелер, құстар, алмалар).

Адамға қатысты

Затты пайдаланатын адамдарға қандай сұрақ қоямыз? Кім? Кімдер?

Қорытынды: кім?, кімдер?, не?, нелер? сұрақтарына жауап беретін сөздер заттың атын білдіреді.

Ереже

Заттың атын білдіретін сөздер зат есім деп аталады.

Тапсырма: сынып ішінен не? нелер? және кім? кімдер? сұрақтарына жауап беретін сөздерді табыңдар.

Мағынаны тану: «Зат есім» ауылына саяхат

Бүгін «Сөз таптары» еліндегі зат есім ауылына саяхат жасаймыз. Интербелсенді тақтадағы сиқырлы ұяшықтардың тапсырмаларын орындап, ұяшықтарды ашамыз. Әр ұяшықтың артында еліміздің мақтанышына айналған тұлғалар жасырылған.

1-ұяшық: 1-жаттығу

Оқулықпен жұмыс

Сөздердің ішінен кім? не? сұрақтарына жауап беретін сөздерді теріп жазу.

Ашылған тұлға

Серік Сәпиев — Лондон олимпиадасында бокстан алтын жүлде иегері.

2-ұяшық: 2-жаттығу

  • Суретте бейнеленген заттардың атауын жазу.
  • Сөздерді қатыстырып сөйлем құрау.

Ашылған тұлға

Илья Ильин — ауыр атлетикадан алтын жүлде иегері.

3-ұяшық: 3-жаттығу

Кім? және не? сұрақтарына жауап беретін сөздерді екі қатарға бөліп жазу.

Ашылған тұлға

Александр Винокуров — велоспорттан алтын жүлде иегері.

Сергіту сәті: «Жаңылмай көтер қолыңды» ойыны

Шарты: көзге көрінетін зат есімдерді айтқанда екі қолды көтереміз, ал көзге көрінбейтін зат есімдер болса бір қолды көтереміз.

Сөздер

ой, жаңбыр, білім, гүл, ақыл, арман, ауа, ою және т.б.

4-ұяшық: өздік диктант

Ребусты шешіп, жауабын жазу. Мысалы: Алмас, Айжан, Гүлнар және т.б.

Жазылған сөздерге сұрақ қою: кім?

Ашылған тұлға

Зульфия Чиншанло — ауыр атлетикадан алтын жүлде иегері.

5-ұяшық: 5-жаттығу

Өлеңді мәнерлеп оқу. Зат есімдерді тауып, сұрақ қою (ауызша).

Ашылған тұлға

Ольга Рыпакова — жеңіл атлетикадан алтын жүлде иегері.

6-ұяшық: шығармашылық тапсырма

Интербелсенді тақтадағы сөйлемдерді оқу. Қарамен берілген зат есімдерді сөз құрамына талдау.

Ашылған тұлға

Мая Манеза — ауыр атлетикадан алтын жүлде иегері.

7-ұяшық: бекіту

1) Венн диаграммасы

Кім? және не? сұрақтарын Венн диаграммасына орналастыру.

2) Топтастыру

«Зат есім туралы не білдік?» тақырыбымен негізгі ойларды топтастыру.

Ашылған тұлға

Светлана Подобедова — ауыр атлетикадан алтын жүлде иегері.

Қорытынды

«Сиқырлы» 7 ұяшықтың бәрі ашылды. Бұлар — спортшылар. «Спортшылар» сөзін сөз құрамына талдау арқылы бекіту жүргізіледі.

Лондон олимпиадасында спортшыларымыз көк туымызды биікке көтеріп, алтыннан алқа тағынса, сендер де бүгінгі сабақта білімдеріңмен жарқырап көріндіңдер. Сондықтан сабақ соңында білімдеріңе сай «алқа» арқылы бағаланасыңдар.

Ән

«Көк тудың желбірегені»

Үй тапсырмасы

144-бет, 4-жаттығу.

Ережені жаттау.