Қасым Аманжоловтың өмірі мен шығармашылығы

Әдеби-сазды кеш туралы

Қасым Аманжоловтың 105 жылдығына арналған «Қазақстан дейтін менің бар елім» атты әдеби-сазды кешке арналған материал. Кештің көрнекілігі ретінде сурет көрмесі, слайдтар және бейнематериалдар ұсынылады.

Мақсаты

  • Оқушыларды Қасым Аманжоловтың өмір жолымен және шығармашылығымен таныстыру.
  • Ақынның ерлік пен өрлік рухындағы жырлары арқылы оқушылардың отансүйгіштік қасиетін арттыру.

Көрнекілігі

  • Сурет көрмесі
  • Слайдтар
  • Видеолар

Жүргізушілер сөзі

І жүргізуші

Құрметті оқушылар, қадірлі мұғалімдер! Қазақ поэзиясында айрықша орны бар ұлы тұлға Қасым Аманжоловтың 105 жылдығына орай ұйымдастырылған «Қазақстан дейтін менің бар елім» атты әдеби-сазды кешімізге қош келдіңіздер!

ІІ жүргізуші

Мұқағали Мақатаевтың:

«Қасым солай болмаса, несі Қасым!?
Жыр бәйгеге аттанған адам болса,
Сөредегі Қасымнан есіне алсын!..»

— деген жолдарындай, Қасым Аманжолов жасық өлең емес, асыл өлең жазуды мақсат еткен қайсар ақын.

І жүргізуші

Әбділда Тәжібаев: «Қасым жыры — көңіл күйіміздің бақытты шағы. Қазақ поэзиясы қалай өрледі? — деген сұрақтарға ешкім де Қасымсыз жауап бере алмайды», — деген еді. Ендеше, Қасым Аманжоловтың өмір жолы мен шығармашылығына бірге үңілейік.

Қасым Аманжоловтың өмірі мен шығармашылығы

Қасым Рахымжанұлы Аманжолов 1911 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. Алғашында жаңадан ашылған ауыл мектебінде оқып, сауатын ашады. Кейін ағасы Қасымды Семей қаласындағы интернатқа орналастырады.

1924–1926 жылдары балалар үйінде тәрбиеленген Қасым одан кейін Семейде оқиды (1927–1930 жж.). 1931 жылы Ленинград қаласындағы (қазіргі Санкт-Петербург) орман шаруашылығы институтына түседі.

1930 жылы Алматыға келіп, «Лениншіл жас» газетінде қызмет етеді. Кейін Орал қаласында «Екпінді құрылыс» газетіне орналасады. 1933 жылы міндетті әскери қызметке алынып, оны да осы Орал қаласында өтейді.

Алғашқы қадамдар

Алғашқы өлеңдерін ақын Семейде жазады. Ол өлеңдер қабырға газеттерінде жарияланып жүрген. 1938 жылы тұңғыш жинағы «Өмір сыры» деген атпен жарық көрді.

Соғыс жылдарындағы лирика

Майданда жүріп ақын көптеген лирикалық өлең жазды. «Үстімде сұр шинелім», «Мартбек», «Жеңіс дауысы», «Орал», «Ертіс», «Сібір», «Сарыарқа» сынды өлеңдері туған жердің сыр-сипатын, сұлулығын және соғыс өмірінің шындығын бедерлейді.

Аудармашылық қыры

Қасым Аманжолов — шебер аудармашы. Ол М. Лермонтовтың «Маскарад» драмасын, А. Твардовскийдің әйгілі «Василий Теркин» поэмасын, А. Пушкиннің «Полтава» поэмасын, В. В. Маяковскийдің «Қоштасу» өлеңін қазақ тіліне шеберлікпен тәржімалады.

Соңғы жылдарындағы рух

1947 жылдан бастап ақын сырқаттанып, жиі төсек тартып жатады. Бірақ ауыр хәлде болса да, өлең жазуын тоқтатпайды. Сырқаты асқынған шақтарда ақын өз өмірі мен өнері туралы толғанысын өлеңге айналдырды. Соның бір айғағы — «Өзім туралы» атты туындысы. Өкінішке қарай, ол өлең аяқталмай қалған.

Негізгі тақырыптар және оқу бағдарламасы

ІІ жүргізуші

Ақын өлеңдерінің негізгі тақырыбы — туған жер, туған ел, атамекен.

І жүргізуші

Ақынның кеудесін кернеген сағыныш, елінің ертеңіне деген алаңдаушылық, мақтаныш пен сенім сезімі өлең болып өріле береді. Кеште мына туындылар оқылады: «Атамекен», «Алматы», «Мен табиғат бөбегі», «Жайық», «Қазақстан».

Өлеңдерден үзінділер

«Атамекен»

Қасым Аманжолов

Сүйем сені, туған ел — атамекен,
Абзал анам сенсің ғой, құшағың кең.
Жер мен көктің жаннаты бір өзіңсің,
Сенен артық не табам, қайда кетем.

Іздеймін деп Жерұйық, желдей желген
Асанқайғы емеспін, Қасыммын мен.
Қорқыт та емен елсізде, көр басында
Қобызымен сырласып күңіренген.

Ерке жанмын, өмірде өстім еркін,
Еркелеме, ей, жігіт, еспе дер кім?!
Өз елімде өзендей гүрілдеймін,
Тасып, шалқып өтемін — осы сертім.

Оқушы: Ян Арайлым, 4 «А» сынып

«Алматы»

Қасым Аманжолов

Жақсы екен ғой, Алматым,
Алтын ұя — астанам.
Осы екен ғой жаннатың,
Атам қазақ аңсаған.

Келдім сені сағынып,
Алтын ұям — Алматым.
Кең көшеңде басар нық,
Мен бір ақын солдатың.

От пен темір сайысқан
Келдім майдан төрінен.
Жер құшам деп көр құшқан
Жауды жеңіп келдім мен.

Күлкі-жасы аралас,
Ақын да бір жас бала.
Тербет өзің, мауқын бас,
Алтын бесік — астана.

Оқушы: Джурунова Алуа, 4 «Б» сынып

«Мен табиғат бөбегі»

Қасым Аманжолов

Мен табиғат бөбегі,
Еркін жанмын, еркемін;
Аузымда жастық өлеңі,
Еркелеп күйім шертемін.

Қорытынды

Бұл әдеби-сазды кеш Қасым Аманжоловтың өмірі мен мұрасын тереңірек танытып, оның отансүйгіштік рухтағы поэзиясы арқылы оқушылардың жүрегіне елге деген сүйіспеншілікті ұялатуды көздейді.