Өсімдіктер мен жануарлар дүниесі

Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, Бершүгір орта мектебі

Аға тәлімгер: Мұқашев Ғ. Н.

Кеш тақырыбы: «Шежірелі Шалқарым!»

Мақсаты

  • Шалқар ауданының тарихын, өткенін және бүгінін таныстыру.
  • Оқушыларды туған жерін сүюге, құрметтеуге тәрбиелеу.

Кеш бағдарламасы

І бөлім

«Мағыналы Шалқар» деген ат қандай!

Шалқар тарихына шолу.

ІІ бөлім

Шалқарым менің, шарықта!

Оқушылар шығармашылығы.

ІІІ бөлім

Әнімді саған арнаймын!

Оқушылардың ән арнауы.

Кештің басталуы

Фанфар (салтанатты әуен).

І бөлім: Шалқар тарихына шолу

1-жүргізуші

Мағыналы Шалқар деген ат қандай,

Маңғаз дала мәңгі шалқып жатқандай.

Күннің көзі Шалқар жақтан шыққандай,

Таңның өзі Шалқар жақтан атқандай.

2-жүргізуші

Палуан тұлға ұлдар өскен шат қандай,

Қыздары бар алма мойын, ақ маңдай.

Жер жаннаты бәлкім Шалқар даласы —

Жанарлардың жауын алған мақпалдай.

Армысыздар, қадірлі қонақтар, ұстаздар, оқушылар! Шалқар ауданының 80 жылдық мерейтойына арналған әдеби-танымдық кешімізге қош келдіңіздер!

Адамзат жаратылғалы бері қаншама дүние жаңарып, қаншама су ақты десеңізші. Ежелден малға да, жанға да, аң-құсқа да құтты қоныс болып, сарқылмас несібе сыйлап келе жатқан қасиетті мекендердің бірі — Шалқар көлі. Бұл өлкенің көне тарихынан сыр шертетін деректер сирек болса да, баршылық.

Әкімшілік-аумақтық деректер

Орналасуы

Шалқар ауданы — Ақтөбе облысының оңтүстік-шығысында орналасқан әкімшілік-аумақтық бірлік.

Құрылу тарихы

1921 жылы аудан болып құрылды. 1922 жылы аумағында 6 болыс кіретін уезд болды. 1924 жылы 20 болысы бар аудан ретінде қалыптасты. 1932 жылы Ақтөбе облысы құрылғанда Шалқар ауданы қайта құрылды.

Аумағы мен орталығы

Жер аумағы — 62,2 мың км². Орталығы — Шалқар қаласы.

Халық және елді мекендер

Тұрғыны — 45,8 мың адам (2006). Аудан 48 елді мекенді, 1 қалалық және 12 ауылдық округті біріктіреді.

Климаты

Қысы суық, қар жамылғысы жұқа, боранды. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері — 150–200 мм. Аудан қуаң шөл және шөлейт белдемде орналасқандықтан топырақ құнары төмен.

Өсімдіктер мен жануарлар дүниесі

Өсімдіктерден астық тұқымдас шөптесіндер, жусан, бұйырғын, күйреуік, шытыр, жантақ, жыңғыл, тобылғы, сексеуіл өседі. Жануарлардан қасқыр, түлкі, қарсақ, қоян, ақбөкен, қарақұйрық, жабайы шошқа, сарышұнақ, аламан және басқа да түрлер кездеседі.

Қазақстанның Қызыл кітабына енген құстардан бүркіт, дуадақ, жарғақ; жануарлардан шұбар күзен; өсімдіктерден қау, сүттіген ұшырасады.

Табиғаты: өзендер, көлдер және жерасты сулары

Өзендер

Солтүстігінен Ырғыздың саласы — Шетырғыз (195 км) ағып өтеді. Сонымен бірге Балғасын (73 км), Кәуілжір (142 км), Тебенсай (135 км) салалары бар. Шағырай үстіртінің батыс бойымен Шаған өзені өтеді.

Маусымдық ерекшелік

Өзендердің басым бөлігі көктемгі жауын-шашын және қар суымен толығып, жаз айларында тартылады немесе кеуіп қалады.

Көлдер мен артезиан алабы

Көлдердің көбі тұзды, жазда тартылып қалады. Ірілері: Шалқар, Қопасор, Тентексор, Лақалы, Берденсор, Мелдекөл, Тебез. Мұғалжардан басталып Үстірт пен Арал теңізіне дейінгі аумақта Шалқар артезиан алабы орналасқан.

Шаруашылығы және әлеуметтік инфрақұрылым

Шаруашылық бағыты

Аудан негізінен мал шаруашылығына маманданған. 1995 жылға дейін биязы жүнді қой, сондай-ақ жылқы, сүтті және етті-сүтті ірі қара, түйе өсіруге бағытталған 8 кеңшар және 1 мал бордақылау бірлестігі жұмыс істеді. Қазіргі таңда бұрынғы кеңшарлар негізінде 460 шаруа қожалығы бар. Егін шаруашылығының үлесі шамалы.

Өнеркәсіп және қызмет көрсету

Өнеркәсіп саласында “Көктас-Ақтөбе”, “Жаңа дәуір”, “Алай” минералды су құю цехтары, “Тау-кен”, “Ақтөбе—Жаңатас”, Бершүгір қиыршық тас өңдеу зауыттары және вагон жөндеу шеберханасы жұмыс істейді.

Білім және спорт

Ауданда жалпы білім беретін 44 мектеп, кәсіптік-техникалық мектеп, спорт мектебі және 3 балабақша бар.

Мәдениет және коммуналдық жағдай

Мәдениет саласында 23 мекеме қызмет етеді: 1 аудандық, 3 ауылдық мәдениет үйі, 6 ауылдық клуб, 12 кітапхана, сондай-ақ аудандық тарихи-өлкетану музейі бар. Бірқатар елді мекендер (Шалқар қаласы, Бозой, Айшуақ, Қауылжыр, Мөңке би) табиғи газбен қамтылған.

Музыкалық сәт

Ән: «Шалқар вальсі»

Орындайтын: Балауса Байбекова

Шалқарды құм деп жерін қомсынбаңыз: құмы — құт, суы — байлық, осында аңыз. Еңбекпен бағы жанған, шамы жанған батырлар да, бақыттылар да осы өңірден шыққан.

Ақындар жырлағандай, Шалқардың атын танытқан талай ғалым, талай ақын бар. Сондықтан Шалқар тарихындағы батырларды, ақындарды, жазушыларды, күйшілерді кейінгі ұрпаққа кеңінен таныстыру — ортақ міндет.

Шалқарға еңбегі сіңген тұлғалар

Көтібар Бәсенұлы (1757–1893)

Бәсен батырдың алты баласының бірі. 1775 жылы шектілер мен түрікпендер арасындағы ұрыста ерлігімен көзге түскен. Патшалық Ресейдің отаршыл саясатына қарсы күрескен.

Қарағұл Қонақбайұлы (1806–1890)

Батыр, би, молда әрі мырза ретінде танылған. Есет Көтібарұлы бастаған қолдың сенімді серіктерінің бірі.

Есет батыр (1803–1889)

Шалқар ауданындағы Ақши өңірінде, Ұлы Борсық бойында дүниеге келген. 15 жасында Жайық қазақтарына қарсы күресте көзге түсіп, “Батыр бала” атанған. 1847–1848 жылдары Жанқожа батырмен бірге Қоқан және Хиуа хандықтарына қарсы шықты.

Сары Батақұлы

Ақын, әнші, композитор. 1863 жылы қазіргі Ақтөбе облысы, Шалқар ауданында туған. “Қыз Қосан”, “Дүние”, “Дариға”, “Әридау”, “Туған ел” әндері адамның жан дүниесін, ой-арманын, қиял-сезімін тербейді.

1940 жылы академик Ахмет Жұбанов “Сары” атты музыкалық пьеса жазды. Сарының әні “Аманкелді” фильмінде пайдаланылды.

Әбдіжәміл Нұрпейісов

Әлемге әйгілі жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов Қызылорда облысы, Арал ауданында дүниеге келген. Балалық шағы Шалқарда өтіп, осы қаладағы №1 қазақ орта мектебін бітірген. 1940 жылы армия қатарына алынып, 1946 жылы Шалқарға қайта оралды.

Осында алғашқы ірі туындыларының бірі — “Курляндия” романын жазды.