Салт - дәстүрді ардақтайық, ағайын
Ашық тәрбие сабағы туралы
Мекеме
Қызылорда қаласы, №112 орта мектеп
Пән мұғалімі
Қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Нұржанова Айнұр Зиядинқызы
Сынып
6-сыныптарға арналған
Тақырыбы
«Ата салтым — асыл қазынам»
Мақсаты
- Ұлттық сананы ояту және тәрбиелеу.
- Жас ұрпақтың санасына туған халқына деген құрмет, сүйіспеншілік, мақтаныш сезімін ұялату.
- Ұлттық рухты сіңіру; ана тілін, ділін, дінін, тарихын, мәдениетін қастерлеуге баулу.
- Салт-дәстүрді және рухани-мәдени мұраны меңгерту.
Көрнекілігі
Көрме: ұлттық бұйымдар, қолөнер үлгілері
Слайд: тақырыптық материалдар мен фотосуреттер
Жүргізушілер сөзі
Уа, ағайын, ұмытпа ата дәстүрін,
Баста әркез жақсы өнеге, жақсы ырым.
Қамқорлай жүр тіл, дініңді, салтыңды,
Жоғары ұста өз ұлтыңның асылын.
Қарсы тұрғын қылығына жаманның,
Оң іс баста — ақта сүтін анаңның.
Ғылым үйрен, сәтті болар қадамың,
Шыңда қыран елдік, ұлттық сананың.
Арын ойла атаң, анаң, бабаңның,
Бірлік сақта жеткеніңше шамаңның.
Сөзін жатта, ұғын терең данаңның —
Ұлы болған мынау байтақ далаңның.
Жақсы ұрпақтың санасында туған халқына деген құрметті, сүйіспеншілікті қалыптастыру — бүгінгі күннің маңызды міндеті. Ана тілін, дінін, тарихын, рухани-мәдени мұраларын қадірлеуге арналған қасиетті қара шаңырағымызда өтетін «Ата салтым — асыл қазынам» атты тәрбиелік шарамызға қош келдіңіздер!
Өлең жолдары
Ата салтым — асыл мұрам, ардағым,
Бабалардың жалғастырар арманын.
Сан ғасырда қалпын бұзбас қадірім,
Өткенімді бүгінменен жалғадым.
Қазағымның салт-дәстүрі жаңғырған,
Тәлімді ой сынағы, тәрбие көзі қалдырған.
Салт-дәстүрді ардақтайық, ағайын —
Қазақ атты үлкен, кіші, балдырған.
Жиналыппыз сәтті күні бәріміз де,
Үлкен-кіші — жасымыз, кәріміз де.
Төрлетіңіз, қадірменді қонақтар,
Гүл-гүл жайнап мына біздің төріміз де.
Енді ортаға сыныбымыздың жезтаңдай әншісі Аралбайқызы Аягөзді «Тойбастар» әнімен шақырамыз.
Ырым-тиым: «Адал ниет — амандық кепілі»
Қазақ даласында кіндігіміз кесіліп, әдет-ғұрпымызды қастерлеп, дәстүрімізді жадымызға тоқып өстік. Тілімізді аманаттай ардақтап, дінімізді ділімізге тұмардай түйіп, салтымызды санамызға сыбағадай сақтадық. Төмендегі көрініс ырым-тиымның тәрбиелік мәнін ашады.
Көрініс
Әже
Ауылға қонақ келсе, ырыздығын ала келеді деген. Кәне, келіңдер, қазан көтеріңдер.
Келін
Иә, ене. Біз қазан көтеріп, аз-маз мәзірін дайындап та қойғанбыз.
Әже
Кәне, жиналып, дастархан басына келіңдер. Әй, Берік, Бекжан, Ислам — қол жуған соң келіңдер!
Ескерту (қол жуу әдебі)
Берік қолын жуған соң, қолын бірнеше рет сілкіп жібереді. Әже: «Бұл — өз ырыс-несібеңді төккенмен тең. Суды айналаға шашу — әдепсіздік. Жаман ырымды бастама, ақылсыздықты жұрт алдына тастама».
Ескерту (нан қадірі)
Бекжан нанды бір қолымен үзіп жеп, үгіндісін тастайды. Әже: «Нанды бір қолмен үзу — киелі асты қорлау. Нанның уағын тастама, обал болады. Уағын теріп жесең, береке кіреді деп тәрбиелеген».
Бекжан: «Әже, кешіріңіз. Енді қайталамаймын. Асыңызға рақмет!»
Ескерту (пышақ және сақтық)
Әже: «Ойбай, мына пышақтың жүзі шалқасынан жатыпты ғой. Жөндеп қойыңдар. Бұл — абайсызда пәлеге ұрындыратын белгі».
Ескерту (домбыра қадірі)
Бір бала төрде тұрған домбыраны «ат» қылып мініп алады. Келін: «Домбыра — қазақтың қасиетті мұрасы. Тарта алмасаң да, қадірлей біл. Өнерді қастерлемеген бала — туған халқының жанын түсінбеген адам. Тамыры шабылған ағашпен тең. Мұны жадыңда сақта».
Қазақ халқының салт-дәстүрі — болашаққа бастайтын бағдар. Сауатты да салмақты, адамгершілік қасиеті мол жас ұрпақтың тәрбиесі әдет-ғұрыппен тығыз байланысты.
Салт-дәстүрлерге шолу
Шілдехана
Сәби дүниеге келген соң, алғашқы аптада ана мен баланы күтімге алып, көңілін көтеріп, дастархан жаю дәстүрі. Кей өңірлерде баланы «шілде суына» шомылдырып, суға сыңғырлаған тиындар салып, денсаулықпен қатар береке тілейді.
Қырқынан шығару
Бөбек дүниеге келгеннен кейін 40 күн өткен соң, алғаш рет шашы мен тырнағы алынып, бесікке салу рәсімі орындалады.
Есімін атау (ат қою)
Бұл рәсім көбіне елге сыйлы, ұлағатты кісіге жүктеледі. Көз тимесін деген ниетпен мәнді ат таңдалып, баланың құлағына үш рет сыбырлап айтылады.
Бесікке салу (бөлеу)
Көбіне тәжірибелі әже немесе ана атқарады. Бесіктің жабдығын кіндік шеше алып келеді. Бесік түбегі тұрған тұстан кішкентай тоқаштар өткізіліп, ол «тыштырма» деп аталады. Осы сәтте аналар бесік жырын айтады.
Тұсау кесер
Бір жасқа толып, еңбектеніп жүре бастаған баланың қадамы құтты болсын, жолы ашық болсын деген тілекпен жасалатын салтанат. Тұсауды ата-ана қалаған адам кеседі. Бала «ақ жол болсын» деп ақ орамал үстімен, «жолы жұмсақ болсын» деп кілем үстімен жүргізіледі.
Сүндет той
Сүндетке отырғызылатын баланың құрметіне той-думан жасалып, әсем киім кигізіледі, атпен серуендетіледі. Сүндетке отырғызатын адамға ерекше құрмет көрсетіледі.
Қуаныш рәсімдері: беташар мен шашу
Беташар
Қазақтың келін түсіргенде жасалатын салтының бірі. Шымылдық ішінде отырған келіннің басына орамал жауып, той өтіп жатқан үйдің ең жақын, үлгілі келіндері екі жағынан қолтықтап алып шығады. Орамалдың теңге түйілген ұшы домбыраның мойнына немесе таяқтың ұшына байланып, жырау беташар жырын бастайды. Ол келінге ата-енесін, үй ішін таныстырып, әрқайсысына жеке-жеке сәлем салдырады.
Шашу
Жәния: «Шашу, шашу, шашайық, Ақ сандықты ашайық. Бұл мереке, бұл тойда керемет рәсім жасайық!»
Шашу — қуанышты сәттерде (бала туу, тұсау кесу, сүндет той, келін түсу, күйеу келу, отау көтеру және т.б.) шашылатын құрт, ірімшік, өрік-мейіз, кәмпит секілді тәттілер жиынтығы. Әдетте шашуды жасы үлкен әйелдер шашады, ал жастар мен балалар теріп алады. Кейде оны үлкендер тәбәрік ретінде алып, үйдегі балаларға апарып береді.
Ою-өрнек — ұлттық код
Ою-өрнек — тасқа, сүйекке, ағашқа қашап ойып, табиғаттан көргенін немесе ішкі ойын бейнелеуге ұмтылған көне өнер. Ол тек әсемдік үшін емес, өмір қажеттілігінен, тарихи-қоғамдық болмыстан туған, халықтың тапқыр ой-парасатын танытатын мұра.
Алаша, киіз, кілем, текемет, үй бұйымдары арқылы жеткен өрнектердің өз орны, өз мазмұны бар. «Ойларға сүйсініп, қайран қалып тұрасың. Көре білсең түсініп, одан көп сыр ұғасың», — дегендей, енді солардың бірқатарына назар аударайық.
«Қошқар мүйіз»
«Қошқар мүйіз» — молшылықтың белгісі.
Малды бақсаң қойды бақ,
Қошқар мүйіз сүйектен.
Қос мұртыңды май бұлап,
Ет арылмас иектен.
Тәжірибелік бөлім
Көрермендерге ою-өрнектің бір түрін таныстырып, қағаздан ою қиып көрсету ұсынылады.
Көрсету:
«Қошқар мүйіз» оюын қию