Сендерге тапсырма
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті: Математика
Тақырыбы: 4 санымен танысу және оның құрамын анықтау. Сабақ мазмұны ертегі желісі, ойын тапсырмалар және ұлттық мазмұн арқылы құрылады.
- Білім беру саласы
- Таным
- Типі
- Жаңа білім беру
- Пәнаралық байланыс
- Көркем әдебиет, дене тәрбиесі, айналамен танысу
- Сөздік жұмыс
- бірлік, төрт, бақалшақ
Мақсаты
Білімділік
- 4 санымен таныстыру және оның құрамын (төрт бірлік) анықтау.
- 1–4 аралығындағы сан қатарын ретімен ауызша айтуға жаттықтыру.
- Логикалық тапсырмалар арқылы 4 саны көлеміндегі білім-біліктілікті арттыру.
- Сан қатарындағы алдыңғы және келесі санды атай білуге үйрету.
Тәрбиелік
- Халық педагогикасымен ұштастыра отырып жұмбақ-есеп, санамақ арқылы қызығушылықты ояту.
- Күнделікті қолданбалы бұйымдарды пайдалану арқылы ұлттық сана-сезімді қалыптастыру.
- Ептілікке, аңғарымпаздыққа және достық қарым-қатынасқа тәрбиелеу.
Дамытушылық
- Танымдық, шығармашылық және сөйлеу әрекеттерін бірлікте дамыту.
- Сұраққа толық жауап беру дағдысын жетілдіру, ойлау үдерісін дамыту.
- Сөздік қорын кеңейту.
Сабақ барысы
1) Мотивациялық-қозғаушы кезең
Балаларға таныс ертегілерді еске түсіреміз: «Шалқан», «Үш аю», «Пысықай», «Бауырсақ».
Оқу іс-әрекетін «Бауырсақ» ертегісімен бастаймыз. Ертегі желісі арқылы 1, 2, 3 сандарын қайталап, жаңа санға өтеміз.
Ертегі бойынша сұрақтар (қайталату)
- Бауырсаққа ең бірінші кім кездесті? Қоян — 1 санының таңбасын көтеру.
- Екінші болып кім кездесті? Қасқыр — 2 санының таңбасын көтеру.
- Үшінші болып кім кездесті? Аю — 3 санының таңбасын көтеру.
- Соңында кім кездеседі? Түлкі.
Түлкі бауырсақты алдап қорапқа салғысы келеді. Біз қорапқа назар аударып, оның пішінін анықтаймыз және сабақтың негізгі тақырыбына өтеміз.
2) Ізденуші-ұйымдастырушылық кезең
Ортақ ереже
Дауысты бәсең ұстаймыз, бір-бірімізге кедергі келтірмей, қажет кезде көмектесеміз.
4 санымен танысу
1, 2, 3, 4 деп ретімен санаймыз. 4 саны 3-тен кейін орналасады, яғни 3-тің артқы көршісі.
4 санының құрамы
Жолақшаның оң жағынан бастап суреттерді қойып, бірге санаймыз:
- 1 — доп
- 2 — алма
- 3 — сәбіз
- 4 — саңырауқұлақ
Заттар әртүрлі болса да, әрқайсысы бір-бірден. Қосындысы 4 болады. Демек, санағанда сан заттың түріне тәуелді емес.
4 санына қатысты ұғымдар
- Жылдың 4 мезгілі болады.
- 4 түлік мал ұғымы.
Практикалық тапсырма: бақалшақтарды санау
Бақалшақтарды санаймыз. Қанша болса, сол санның таңбасын көтереміз. Кейін бақалшақтарды екі жолақты карточканың көк түсті жолағына ретімен орналастырамыз.
Ұлттық мазмұн: санамақтар
Сан туралы білімді бекіту үшін санамақтарды айтамыз. Бұл балалардың есте сақтауын, ырғақпен сөйлеуін және сан қатарын меңгеруін қолдайды.
Санамақ 1
1, 2, 3 — ал, қанекей, ұш! 4, 5, 6, 7 — мынау ауыл шеті. 8, 9, 10 — ал, қанекей, қон!
Санамақ 2
Бірім — бір, екім — екі, Үшім — үш, төртім — төрт. Бесім — бес, алтым — алты, Жетім — жеті, сегізім — сегіз, Тоғызым — тоғыз, оным — он.
Санамақ 3
Бір дегенім — білеу, Екі дегенім — егеу, Үш дегенім — үскі, Төрт дегенім — төсек, Бес дегенім — бесік, Алты дегенім — асық, Жеті дегенім — желке, Сегіз дегенім — серке, Тоғыз дегенім — торқа, Он дегенім — оймақ, Он бір — қара жұмбақ.
Күн тәртібі санамағы
1 — таңертең тұр, 2 — шынығып бекі, 3 — тазала тіс, 4 — сабындап жу бетіңді, 5 — сүртін тез, 6 — үйді жина жалпы, 7 — киін енді, 8 — тамағыңды ішіп-жеп ал, 9 — ыдысты жу тез, 10 — атқа қон.
Бұл санамақ жаңа күннің әрекеттерін ретімен санауға үйретеді.
Ойланайық: миға шабуыл (логикалық тапсырмалар)
Мақалды еске түсіреміз: «Тура берсе су сасиды, ойланбаса ми сасиды». Енді сұрақтарға жауап береміз.
-
Дүкеннен Асанға анасы төртбұрышты 2 доп әкелді. Біреуін досына берді. Нешеуі қалды?
Дұрыс тұжырым: төртбұрышты доп болмайды.
- Құстың тұмсығы нешеу? 1.
- Қоянның неше құлағы бар? 2.
- Үшбұрыштың неше бұрышы бар? 3.
- Дөңгелектің неше бұрышы бар? Бұрышы жоқ.
- Далада 2 ешкі, қорада 2 ешкі. Қосқанда барлығы неше ешкі? 4.
- Тәтесі Анарға 4 сағыз әкелді. 1-еуін Арайгүлге, 1-еуін Мадиярға, 1-еуін Анельге берді. Нешеуі қалды? 1.
Сергіту сәті
Қысқа қимыл-қозғалыс арқылы бойымызды сергітеміз:
1 — орнымыздан тұрайық, 2, 3, 4 — алақанды ұрайық. Оң жаққа бір бұрылып, Сол жаққа бір бұрылып, Бір шынығып алайық.
Қорытынды тапсырмалар: «Сипап сезу» және «Қандай сан жоқ?»
«Сипап сезу» әдісі
Қораптағы суреттердің артқы бетінде сандар берілген. Бір бала тақтаға шығып, көзін жұмып, саусақ ұшымен сипау арқылы санды анықтап айтады (1, 2, 3, 4).
«Қандай сан жоқ?» ойыны
Шарт: жүргізуші кез келген санды жауып, «ку-ка-ре-ку» дейді. Балалар жасырылған санды тауып айтады. Мақсат — сан қатарын жылдам бағдарлау.
Сабақты қорытындылау
- «Бауырсақ» ертегісі арқылы 4 санымен таныстық.
- 4 санының сан қатарындағы орнын анықтадық: 3-тен кейін.
- 4 санының төрт бірліктен тұратынын бекіттік.
- Логикалық есептер мен ойындар арқылы білімімізді толықтырдық.
Күтілетін нәтиже
Білуі
- 1, 2, 3 сандарын біледі және жаңа 4 санын таниды.
- Көршілес 3 және 4 сандарын салыстыра алады.
- 4 санының төрт бірліктен құралатынын біледі.
Меңгеруі
- Қолмен ұстау, есту және қимыл арқылы санай алады.
- Ойын, санамақ арқылы сан туралы ұғымдарды бекітеді.
- Сөздік қорын белсенді қолданады.
Жасай алуы
- Үлестірмелі материалмен берілген тапсырманы өз бетінше орындайды.
- Достарының жұмысына пікір білдіреді.
- Әр оқу іс-әрекетінде ережеге сай әрекет етеді.
Сабақ мазмұны ертегі, ұлттық санамақ және логикалық тапсырмалар арқылы балалардың сан туралы түсінігін кеңейтіп, 4 санының орны мен құрамын нақты бекітуге бағытталды.