Сөздердің байланысу түрлері нешеу
Сабақтың тақырыбы
Матасу
Сабақтың мақсаты
1) Білімділік мақсаты
Сөз тіркесінің байланысу түрлерінің бірі — матасу туралы толық мағлұмат беру, матаса байланысқан сөз тіркестерінің негізгі ерекшелігін түсіндіру, жаттығулар арқылы алған білімді пысықтау.
2) Дамытушылық мақсаты
Сөз тіркесіне сатылай талдау жасау барысында байланысу түрлері туралы берік дағды қалыптастыру, практикада қолдануға үйрету, алған білімді өмірмен байланыстыра отырып, өзіндік ойды дамыту.
3) Тәрбиелік мақсаты
Оқушыларды адамгершілікке тәрбиелеу, ізгілікке баулу.
Сабақтың сипаттамасы
Сабақтың түрі
Аралас сабақ
Сабақтың әдістері
- Түсіндіру
- Анализ–синтез
- Салыстыру
- Сұрақ–жауап
Көрнекілігі
Кеспе карточкалар, сызбалар, слайд
Пәнаралық байланыс
Қазақ әдебиеті
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- а Сәлемдесу
- ә Оқу құрал-жабдықтарын тексеру
- б Кезекші есебі
II. Үй тапсырмасын тексеру
Жаңа сабаққа ауысу үшін өткен тақырыппен байланыс орнатылады:
- 1 Сөз тіркесінің құрылымы қандай?
- 2 Сөздердің байланысу түрлері нешеу?
- 3 Оларды атап беріңдер.
- 4 Қиыса байланысқан сөз тіркесі дегеніміз не? Ережесін жатқа айт.
- 5 Бастауыш пен баяндауыштық қатынас сөз тіркесі бола ала ма?
III. Жаңа сабақ
1) Таныстыру
Сабақтың тақырыбы, мақсаты және өту барысымен таныстыру.
2) Өзіндік зерттеу
Оқушыларды өзіндік зерттеу жұмысына бағыттау: жалаң сөйлем мен қиыса байланысқан сөз тіркесі бір ұғым ба?
3) Түсіндіру және дағдыландыру
Анализ–синтез әдісі арқылы матасудың негізгі ерекшеліктері түсіндіріледі.
Мысал
қазанның құлағы
Мысал
әжемнің әңгімесі
Мысал
қабырға сағаты
Негізгі белгілері
- Бағыныңқы сыңары зат есім немесе заттанған сөз болып, ілік септік жалғауында тұрады.
- Басыңқы сыңары тәуелдік жалғауында тұрады.
- Бағыныңқы сыңар, негізінен, есім сөз табынан болады.
Ереже
Бағыныңқы сыңары зат есім не заттанған сөз ілік септік жалғауында, басыңқы сыңары тәуелдік жалғауында келу арқылы байланысқан есімді сөз тіркесі матаса байланысқан сөз тіркесі деп аталады.
Ілік жалғауының түсірілуі
Қазақ тілінде кейде алдыңғы сөздегі ілік септік жалғауы түсіп қалып та қолданылады:
- ауылдың малы → ауыл малы
- ақынның өлеңдері → ақын өлеңдері
- мектептің үйі → мектеп үйі
Тәуелдік жалғауының түсірілуі
Егер ілік септікте тұрған сөз біздің, өзіміздің, сіздің сияқты есімдіктер болса, кейде басыңқы сыңардағы тәуелдік жалғауы түсіріліп жұмсалады:
- біздің үйіміз → біздің үй
- өзіміздің жігіттеріміз → өзіміздің жігіттер
- сіздің балаңыз → сіздің бала
Тақтамен жұмыс (практикалық бекіту)
248-жаттығу: мәтіннен матаса байланысқан сөз тіркестерін теріп жазып, қалай байланысып тұрғанын көрсетіңдер; әр сыңарына талдау жасаңдар.
Үлгі
«Бие сүтінің қасиетін»: бағыныңқы сыңары — бие сүтінің (ілік септіктегі күрделі есім сөз), басыңқы сыңары — қасиетін (III жақ тәуелдік жалғаулы есім сөз).
Жеке жұмыс
239-жаттығу: мақал-мәтелдерді оқып, мағынасын түсініңдер. Сөздерді грамматикалық байланысу түрлеріне қарай талдап жазыңдар.
Топтық жұмыс
251-жаттығу: сөз тіркестерін екі топқа бөліп жазыңдар.
Қиыса байланысқан
Мен күліп жіберіппін
Матаса байланысқан
Опера әншілерінің байқауында
Дарынды оқушымен жұмыс
Матаса байланысқан сөз тіркестері түркі грамматикасында изофетті тіркес деп те аталады. Изофетті тіркес үшке бөлінеді:
Изофет 1
темірдің жолы
Изофет 2
темір жолы
Изофет 3
темір жол
IV. Сабақты бекіту
Сабақ сұрақ-жауап арқылы бекітіледі:
- 1 Матаса байланысқан сөз тіркесі сөздердің байланысу тәсілдерінің қай жолымен жасалады?
- 2 Матасу дегеніміз не?
- 3 Матаса байланысқан сөз тіркестерінің синтаксистік қатынасы қандай?
V. Сабақты қорыту
Оқушыларды қатыстыра отырып, сабақ қорытындыланады.
VI. Үйге тапсырма
Көркем шығармадан матаса байланысқан сөз тіркестеріне 10 мысал теріп келіңдер.
VII. Сабақты бағалау
Оқушылардың жұмысы сабақ бойындағы белсенділігі мен тапсырмаларды орындауына қарай бағаланады.