Маржан сөздер

Жинақ туралы

Бұл жинақта оқушылардың тәрбие, білім, білік және дағдыларын дамыту арқылы иманды, инабатты, адамгершілігі жоғары тұлға қалыптастыруға бағытталған халқымыздың ұлағатты сөздері мен нақылдары топтастырылды. Жинақ бастауыш сынып мұғалімдері мен оқушыларына арналған.

Мазмұны

  • Кіріспе
  • Халық тағылымы – тәрбие бастауы
  • Халық даналығы: мақал-мәтелдер
  • Маржан сөздер
  • Адамгершілік – ата мұра
  • Қорытынды
  • Әдебиеттер

Кіріспе

Жинақ оқушылардың білім туралы ой-өрісін кеңейтуге, білімнің қоғамдағы маңызын және пайдасын түсіндіруге, білім мен ғылым жаңалықтарымен таныстыруға арналған. Сонымен қатар оқушыларды ана тілін сүюге, адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға, бабалардан қалған ұлағатты ғибрат сөздердің мәнін ұғынуға және сол арқылы үлгі-өнеге алуға баулиды. Негізгі ұстаным — ұлттық педагогика негізінде тәрбиелеу.

Тәрбие ананың ақ сүті мен әлдиінен, атаның қасиетті сөзінен бастау алады. Үлкенді сыйлау, тыңдау, олардың сөзін жадыда сақтау және құрмет көрсету — ұрпаққа аманат.

Жүсіп Баласағұни

Жер бетінде адам өмір өткізер,

Бар нәрсеңе білім қолды жеткізер.

Білімменен аспанға жол салынар.

Осы құрал ата-аналарға және мұғалімдерге сауат ашу, ана тілі, қазақ тілі, дүниетану пәндерін оқытуда, сондай-ақ тәрбие жұмыстарын ұйымдастыруда көмекші материал ретінде ұсынылады.

Халық тағылымы – тәрбие бастауы

Мақсаты

  • Оқушылардың білім туралы ойларын кеңейту; білімнің қоғамдағы маңызы мен пайдасын түсіндіру; білім мен ғылым жаңалықтарымен таныстыру.
  • Ана тілін сүюге тәрбиелеу; адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру; бабалардан қалған ұлағатты сөздердің мәнін ашып, үлгі-өнеге алуға баулу.
  • Ұлттық педагогика негізінде тәрбиелеу.

Көрнекіліктер

Плакаттар Нақыл сөздер Үнтаспа Абай портреті Т.б.

Мұғалімнің кіріспе әңгімесі

Бүгінгі сабағымыздың мақсаты — білімнің адам өміріндегі маңызын түсіну, білім мен ғылым туралы ұғымды тереңдету. Халқымыз жан-жақты адамды «сегіз қырлы, бір сырлы» дейді. Сол қырлардың бірі — білім. Білімді адамның көкірегі ояу болады, жақсы мен жаманды айыра біледі. Ендеше, осы тақырып төңірегінде ой бөлісеміз.

І. Аталы сөз білімді болуға бастайды

Сұрақ

Қандай аталы сөздерді білесіңдер?

Нақыл

Білімдіден шыққан сөз,
Талаптыға болсын кез.

Сұрақ

Білім туралы қандай заңдарды білесіңдер?

Мысалы: жалпыға бірдей білім алу, тегін оқу және т.б.

ІІ. Аталы сөздерден тағылым

Оқушылардың аузынан айтылатын төмендегі нақылдар — ой мен мінезді тәрбиелейтін өмірлік өлшемдер.

1-оқушы

Ашу деген — ағын су,
Алдын ашсаң арқырар.
Ақыл деген — дария,
Алдын тоссаң тоқырар.

2-оқушы

Атадан жақсы ұл туса,
Елінің туы болады.
Атадан жаман ұл туса,
Көшінің соңы болады.

3-оқушы

Кісімен бірге туыспау керек,
Туысқаннан соң сөз қуыспау керек.
Сөз қуған пәлеге жолығады,
Жол қуған олжаға жолығады.

4-оқушы

Шешендіктен не пайда,
Артында сөзі қалмаса.
Батырлықтан не пайда,
Халқына қайраны болмаса.

5-оқушы

Суалмайтын суат жоқ,
Тартылмайтын бұлақ жоқ.
Құйрығы суда тұрса да,
Уақыты жеткенде
Қурамайтын қуат жоқ.

Қорытынды

«Сіз» деген — сыпайылық, «біз» деген — көмек. Қазақы тәрбие мейірім мен жылылықты төге отырып, баланы еңбекке баулыған; төзімділік, ептілік, шеберлік, шыншылдық, ар-ұят, әдеп және үлкенді сыйлау сияқты қасиеттерді отбасы ішіндегі қарым-қатынаста, тұрмыс-тіршілікте ұрпақ санасына сіңіре білген.

Ұлттық тәрбие ананың сүті мен әлдиінен, ана тілінен басталады. Бала тілі ана тілінде шығып, сол тілдің мазмұнын терең түсінгенде ғана ұлттың болмысы — салт-санасы, дәстүрі, мінезі мен психологиясы толық игеріледі. Ана тілін қадірлеген жас ата дәстүрді аттамайды; дәстүрді құрметтеген адам адамгершілік атты биік қасиетті әрдайым жоғары ұстайды.

Оқушы

Көп жасаған қария,
Ақылы теңіз — дария.
Көп өнеге сөзі бар,
Сөзі — соқпақ, өзі — нәр.

ІІ бөлім. Біліммен қаруланған қор болмайды

1) Білім туралы заңдар

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» жаңа заң жобасында білім жүйесін қолдау, таланттылық пен біліктілікті ынталандыру, өзін-өзі дамытуға жағдай жасау мәселелері қозғалған. Әрбір азаматтың заңдарды білуі — басты парызы.

2) Абайдың білім туралы ойлары

Абайдың өсиет сөздері білімге ұмтылудың мәнін айқындап, жас ұрпақты ізденіске шақырады.

Оқушы

Болмасаң да ұқсап бақ,
Бір ғалымды көрсеңіз.
«Ондай болмақ қайда?» деп,
Айтпа, ғылым сүйсеңіз.

Оқушы

Артық білім кітапта,
Ерінбей оқып көруге.
Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та, бар, қалан.

Оқушы

Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ер жеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім.

Қолданылған әдебиеттер

  1. «Балдырған» журналдары, 2006–2008 жж.
  2. «Ұлан» газеттері, 2001–2002 жж.
  3. «Мақал-мәтелдер» кітабы. Алматы, 1989.