Неліктен дауысты дыбыс

Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Еңбек ауылы Еңбек негізгі мектебі Мектепалды даярлық (МАД)

Мектепалды даярлық класының тәрбиешісі: Кулова Саламат Советқызы

Білім беру саласы

Қатынас

Ұйымдастырылған оқу-іс әрекеті

Сауат ашу

Тақырыбы

«А» дыбысы мен әрпі

Сабақ түрі

Жаңа сабақты түсіндіру

Сабақтың мақсаты

Өткен тақырыпты еске түсіріп, «А» дыбысы мен әрпін меңгерту, сөздік қорды байыту және сауатты сөйлеуге, жазуға жаттықтыру.

Білімділік

  • «А» дыбысы мен әрпімен таныстыру.
  • «А» дыбысы кездесетін сөздерге мысал келтіріп, сол сөздермен сөйлем құрату.
  • Қол моторикасын жазуға жаттықтыру.

Дамытушылық

  • Есте сақтау қабілетін шыңдау.
  • Ой-өрісті дамыту және жетілдіру.
  • Сөздік қарым-қатынасты байыту.

Тәрбиелік

  • Ұқыптылыққа баулу.
  • Сауаттылыққа тәрбиелеу.
  • Шапшаңдық пен белсенділікке дағдыландыру.

Құрал-жабдықтар және жұмыс тәсілдері

Көрнекіліктер

Кеспе әріптер Жеке суреттер Киіз үй

Әдіс-тәсілдер

  • Түсіндіру
  • Оқу
  • Жазу
  • Ойын
  • Сұрақ-жауап
  • Әңгімелесу
  • Жұмбақ
  • Жаңылтпаш

Пәнаралық байланыс: көркем әдебиет, тіл дамыту.

Сабақ барысы

Сабақ балалардың қызығушылығын оятып, сөйлесім дағдыларын белсендіруге бағытталған жылы қарым-қатынастан басталады.

1) Ынталандыру және көңіл күйді көтеру

Бүгін сауат ашу сабағына қонақтар келді. Балалар шаттық шеңберіне тұрып, сәлемдеседі.

Шаттық шеңбері

Парта саған төсек емес жатуға, Түзу ұста, тік отыр сен партада. Бойды түзе, көтер басты жоғары, Сымбаттылық болсын сенің бойыңда.

2) Ұйымдастыру және қайталау сұрақтары

Кезекшімен және сыныптың жалпы дайындығымен жұмыс жүргізіледі. Уақыт, апта күні, жыл мезгілі туралы сұрақтар қойылады.

Күнтізбелік білім

  • Жылда 12 ай бар.
  • Жыл мезгілі 4-ке бөлінеді.
  • Аптада 7 күн бар.

Сауат ашу бойынша қайталау

  • Дыбыс — айтамыз, естиміз.
  • Әріп — жазамыз, көреміз.
  • Сөз дыбыстан құралады.
  • Сөзде қанша дауысты дыбыс болса, сонша буын болады.
  • Дауысты дыбыс — еркін, созылып айтылады; дауыссыз — кедергіге ұшырайды.
  • Дауысты — қызыл текше, дауыссыз — көк текше.

3) Ертегі арқылы түсіндіру: дыбыстар қалай «өмір сүреді»?

Балаларға дыбыстардың ауыз қуысында пайда болатынын түсіндіру үшін қысқа ертегі айтылады.

Ертегі

Бірде патшалықта емес, мемлекетте емес, өзіміздің ауызымызда дыбыстар өмір сүріпті. Олардың үйі — ауыз қуысы екен. Үйдің төбесі — жоғарғы таңдай, едені — төменгі таңдай, қабырғасы — екі жақ ұрт болыпты. Есігі — екі ерін, ал есіктің берік сүйек шарбағы — тістер екен.

Бір күні осы үйге бәрін басқаратын бастық келіпті. Ол — тіл. Тілдің көңіл күйі жақсы болса, дыбыстарды еркін өткізіп жібереді екен: А, О, Е, И, Ы, У. Мұндай дыбыстар «қызыл көйлек» киіп, есіктен емін-еркін кіріп-шығып жүреді екен.

Ал кей дыбыстарға тіл кедергі жасап, жолын бөгейді: М-м-м, Н-н-н. Кейбірі, мысалы Т дыбысын айтуда, таңдайға «жабысып» қалады екен. Сондықтан олар еркін шыға алмай, «көк көйлек» киіп шығатын көрінеді.

Емін-еркін шыққан дыбыстар дауысты, ал қысылып, кедергімен шыққан дыбыстар дауыссыз болып бөлінеді. Дыбыстар жеке тұрғанда түсініксіз болғандықтан бірігіп буын, буындар бірігіп сөз, ал сөздер бірігіп бір ойды білдіретін сөйлем құрайды.

Жұмбақ

Бірде төмен, бірде шығып жоғары,
Сөз сөйлесең қозғалыста болады.

Жауабы: тіл

«Сандықша» тапсырмасы

Сандықты ашу үшін тіл туралы тақпақ, жұмбақ немесе жаңылтпаш айту ұсынылады.

Ана тілің — арың бұл, Ұятың боп тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте!

4) Жаңа тақырып: «А» дыбысы мен әрпі

Сандықша ішіндегі жұмбақтың шешуі арқылы жаңа дыбысқа шығамыз.

Жұмбақ

Көлдің көркі, сәні екен,
Ұшқанда сазды әні екен.
Ақындар оны мақтаған,
Адамдар қорғап атпаған.

Жауабы: аққу

«Аққу» сөзі А дыбысынан басталады.

Қазақ тілінде 42 әріп бар: 40 дыбыс және 2 белгі.

«А-а-а» деп айтайық: дыбыс созылып, еркін айтылады, демек ол дауысты дыбыс.

«А» дыбысы бар сөздер

Суреттер арқылы «А» дыбысы сөздің басында да, соңында да келетінін көрсету:

алма алмұрт ананас ата ат

Балалар осы сөздерді қатыстырып қысқа сөйлемдер құрайды.

«А» әрпін таныстыру

  • Әріп — дыбыстың таңбасы.
  • Баспа түріндегі А әрпі көрсетіледі.
  • Әріпті ауада жазып көру арқылы қол жаттығады.
  • Бас әріп А — 3 элементтен, кіші әріп а — 2 элементтен тұрады.

5) Ойын: «Кім тапқыр?»

Шарты: «А» дыбысынан басталатын немесе «А» дыбысы кездесетін сөздерге мысал келтіру. Сөздерді буынға бөлу үшін алақанмен шапалақтау қолданылады.

алаша алақан ата алма

6) Сергіту сәті

«Аю» сөзі де А дыбысынан басталады. Ендеше аю туралы қимыл-қозғалыс жаттығуын орындайық.

Орманда аю, қонжық ұялардан бал іздеді, Мойындарын оңға бұрды, солға бұрды. Орман ішін аралады, ағаштарды шайқап көрді, Оңға бір, солға бір — ағаштарды байқап көрді. Аяқтарын көтеріп ап, қуанғаннан билей берді, Оңға бір, солға бір — қуанғаннан билей берді.

7) Бекіту тапсырмалары

Дыбыстық талдау (сурет бойынша)

«А» дыбысының сөздің басында, ортасында, соңында келетінін талдау:

аю ата бала

Ребус

Ребустың шешуі: Айгүл. Сөзге дыбыстық талдау жасалады.

Қосымша талдау

«Асқабақ», «алмұрт» сөздеріне дыбыстық талдау жасап, «А» дыбысын анық айту.

Жаңылтпаш

«А» — жуан дауысты дыбыс.

Піскен алма топ-топ түсті.

Топ-топ түсті, көптеп түсті.

8) Қорытынды және бағалау

Қайталау сұрақтары

  • Бүгін қандай дыбыспен таныстық? А.
  • «А» қандай дыбыс? Дауысты.
  • Қандай текшемен белгілейміз? Қызыл.
  • Қалай айтылады? Созылып, еркін.
  • Әріп деген не? Дыбыстың таңбасы.

Мадақтау

Сабаққа белсенді қатысқан балаларға жұлдызша таратылады. Балаларды әрдайым жақсы оқуға, ұқыпты болуға ынталандыру жүргізіледі.

Қоштасу шеңбері

Қол ұстасып тұрайық, Жарты шеңбер құрайық. Көріскенше күн жақсы, Сау-саламат болайық!

Қонақ апайлармен қоштасып, шығарып саламыз.

Қысқаша түйін

Бұл сабақта балалар дыбыс пен әріп ұғымдарын қайталап, «А» дыбысының дауысты екенін тәжірибе арқылы дәлелдеп, сөздерден «А» дыбысын тауып, буынға бөліп, дыбыстық талдау жасап үйренеді.