Балалардың тақпағы

Жақсы деген немене, жаман деген немене?

Адамға ең алдымен білім емес, рухани тәрбие беру керек. Тәрбиесіз берілген білім — азаматтың қас жауы; ол келешекте өміріне апат әкелуі мүмкін. Бұл ойды ұлы ғұлама Әл-Фараби ерекше атап өткен.

Демек, білім бере отырып, елін-жерін сүйетін азамат тәрбиелеуде ең басты ұстаным — баланың артында ата-анасы барын ұмытпау. Тәрбие негізі туған сәттен қаланады, ал соның өзегі — отбасы.

Мақсаты

Білімділік
Балаларға ғұламалардың жақсы мен жаман туралы айтқан ойларын түсіндіру; адам бойындағы жағымды және жағымсыз қылықтарды ажыратып, әдеп әліппесін бойына сіңіру.
Дамытушылық
Баланың жан-жақты ойлау қабілетін, тіл байлығын дамыту.
Тәрбиелілік
Ұлттық салт-дәстүр, әдеп туралы нақыл сөздер, тыйым сөздер арқылы адамгершілікке, ұқыптылыққа, кішіпейілділікке тәрбиелеу.

Көрнекіліктер

  • Қанатты сөздер
  • Мақал-мәтелдер
  • Ақын-жазушылардың суреттері

Сабақтың барысы

Шаттық шеңбер

Сәлем саған, Алтын күн!

Сәлем саған, Көк аспан!

Сәлем саған, Жер-ана!

Сәлем маған!

Сәлем саған!

1-кезең. «Балам — менің болашағым»

Сұрақ:

Бала деген кім?

Ата-аналардың жауаптары тыңдалады.

Тәрбиенің уақыты туралы аңыз

Ертеде бір адам ғұламаға келіп:

Ата-ана: «Баланы неше жастан бастап тәрбиелеген дұрыс?» — деп сұрапты.

Ғұлама: «Балаңыз қаншада?» — деп кері сұрақ қояды.

Ата-ана: «Бес-ақ ай болды», — дейді.

Ғұлама: «Бес айға кешігіпсіз», — деген екен.

Бұл аңыздың мәні айқын: баланы туған сәтінен бастап тәрбиелеу керек. Ал бала тәрбиесінің негізін қалайтын ең бірінші орта — отбасы, ең алдымен ата-ана.

Сұрақ-жауап

  1. Отбасының қорғаны кім?
  2. Сіз балаңыздың қандай азамат болғанын қалайсыз?
  3. Отбасыңызда ұлттық салт-дәстүрді қалай насихаттайсыз?
  4. Балаңызға кімді үлгі тұтасыз?
  5. Баланы еркін тәрбиелеген дұрыс па?

Ата-аналардың пікірлері тыңдалады.

2-кезең. «Аталар сөзі — тәрбие көзі»

Сұрақ: «Жақсы» деген не?

Бала (Ибрагим): «Ата, айтыңызшы: жақсы деген немене?»

Ата: «Жақсы дегеніміз — талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым. Осы бес асыл істі өміріне серік еткен адам — жақсы адам».

  • Талап
  • Еңбек
  • Терең ой
  • Қанағат
  • Рақым

Сұрақ: «Жаман» деген не?

Бала (Дамир): «Ата, айтыңызшы: жаман дегеніміз не?»

Ата: «Жаман дегеніміз — өсек, өтірік, мақтаншақтық, еріншектік, бекер мал шашпақ. Бұлар — бес дұшпан. Осылардан аулақ болсаң, жақсы азамат боласың».

  • Өсек
  • Өтірік
  • Мақтаншақтық
  • Еріншектік
  • Бекер мал шашпақ

Балалардың жауаптары: «Жақсы» мен «жаман» мінез

Жанель

Жақсы бала құлақ салып,
Айтқаныңды ұғады.
Төсегінен тұра салып,
Таза ауаға шығады.

Ибрагим

Жақсы бала — ол анық,
Істемейді шалалық.
Тап-таза боп жуынып,
Таранып алады салық.

Исмаил

Жаман бала құрысып,
Өз-өзімен тырысып.
Түске дейін жатады,
Шешесімен ұрысып.

Ерасыл

Жақсы бала әрдайым,
«Ұятқа қалмайын» дейді.
Сабағына барады,
Күнделігі — әркез дайын.

Ризабек

Үлкенді де сыйлайды,
Достарын да жинайды.
Әлсіздерге қамқор боп,
Жамандыққа қимайды.

Мадина Т.

Анау бала қолын қара,
Кір-қожалақ қап-қара.
Тырнағы өскен, шашы — көптен,
Алынбапты — ау, масқара!

Демек, адам бойында жақсы да, жаман да қасиет болады. Ал біз жақсы қасиеттерді ана сүтімен, ата сөзімен бойға сіңіреміз. Жақсы бала — осы қасиеттерді үйреніп, ұнамсыз қылықтардан аулақ болуға ұмтылатын бала.

Келесі қадам: видео арқылы жақсы мен жаман қасиеттердің көріністерін көрсету және В. Маяковскийдің «Жақсы деген немене, жаман деген немене?» өлеңін оқып беру.

3-кезең. «Білер қазақ баласы: сәлем — сөздің анасы»

Балалардың тақпақтары

Інжу

Бақшамызға барғанда,
Жолыққан бар жандарға
Ертемен ақ пейілмен:
«Қайырлы таң!» — деймін мен.

Күндіз де елді елеймін:
«Қайырлы күн!» — тілеймін.
Үйге кешке келемін,
Не дерімді білмеймін:
«Кеш жарық!» — деп кіремін.

Дамир

Атам менің әманда
«Әдепті жан бол» — деген.
Ата сөзі санамда —
Жасы үлкенге жол берем.

Алдын орап кісінің,
Кесіп өтпей көлденең,
Ізетімен кішінің
Сәлемдесіп қол берем.

Ән

«Болайықшы осындай»

Ақпарат

Қала:
Атырау
Ұйым:
КМҚК №25 «Еркемай» балабақшасы
Тәрбиеші:
Ундағанова Айсұлу Хамитовна (ересек топ)