Сиқыршы қыз
Іс-шара туралы
Ақтөбе қаласындағы №51 гимназияда бастауыш сынып мұғалімі ұйымдастырған «Әліппе – білім бастауы» атты ертеңгілік өтті. Бұл мерекелік кештің өзегі — оқушылардың алғашқы оқу қадамдарын бағалау, алған білімін көрсету және ана тілі пәнінің маңызын терең түсіндіру.
Мақсаты
Оқушылардың әліппеден алған білімдерін бекіту және «Ана тілі» пәнінің өмірлік маңызын ұғындыру.
Міндеттері
- 3–4 айда игерген білімдерін іс жүзінде көрсету.
- Оқушылардың есте сақтау қабілетін дамыту.
- Адамгершілікке, ұқыптылыққа, бір-бірін сыйлауға және іс-шара барысында өзін дұрыс ұстауға тәрбиелеу.
Көрнекілігі
«Әліппе – білім бастауы» баннері, гүлдер, шарлар, жалаушалар, музыкалық аспаптар, сондай-ақ «Әліппе» мен «Ана тілі» кітаптарының мұқабалары.
Мұғалімнің кіріспе сөзі
Құрметті ата-аналар, ұстаздар және 1-сынып оқушылары! Бүгін — қуанышты күн. Егемен еліміздің еңсесі биік, тәуелсіздігіміздің тұғыры берік шақта сіздердің мерекелеріңізге тағы бір мәнді қуаныш қосылып отыр.
Ана тілінің ғажайып та шынайы әлеміне бүлдіршіндерді жетелейтін, оқуға-білімге деген ынтаны оятатын «Әліппе – білім бастауы» ертеңгілігіне қош келдіңіздер!
Әліппені аяқтау тойларыңыз құтты болсын!
Сахналық көрініс
Сиқыршының шығуы
Сиқыршы: Ой, бүгін күн қандай тамаша! Табиғат-ана жылуын жер бетіндегі адамзатқа төгіп тұрғандай. Күн шуағын шашып, айнала құлпырып тұрғандай.
Сиқыршы: Мен үшін бүгін ерекше күн. Сиқырлы таяғым, маған қандай қызық көрсетесің?
Осы сәтте сиқыршының жанына екі жүргізуші шығады.
1-жүргізуші: Армысыз, сұлу сиқыршы!
Сиқыршы: Сәлеметсіз бе! Кешіріңіз, мен сізді танымадым. Мен қайда тұрмын?
2-жүргізуші: Сиқыршы қыз, сіз №51 гимназиядасыз. Бүгін мектебімізде ерекше той-думан өтеді. 1 «А», «В», «Д» сыныптары әліппемен қоштасқалы тұр. Келіңіз, балалардың өнері мен білімін тамашалаңыз.
Сиқыршы: Меніңше, бұл балалардың бәрі — бірінен бірі өнерлі. Балалар, сиқырлы таяғым бір нәрсені сезіп, маған белгі беріп тұр.
(Сиқыршы таяғын жерге үш рет ұрады.)
Дымбілместің пайда болуы
Сол сәтте ортаға Дымбілмес шығады.
1-жүргізуші: Ой, балалар, мынау Дымбілмес қой!
Дымбілмес: Сендер менсіз той тойлап жатырсыңдар ма?
2-жүргізуші: Балалар, біз Дымбілмеске осы уақытқа дейін оқуды да, жазуды да үйретуге тырыстық. Бірақ ол үйренгісі келмеді. Бүгін тойға қатыссын — бәлкім, ойланып қалар.
Жүргізушілердің құттықтауы
1-жүргізуші:
Өтті оқу сан-сабақ,
Бүгін міне салтанат.
Оқулықпен достаспақ,
Әліппемен қоштаспақ.
Ой-білімі жаңғырмақ,
Әліппеден мәңгілік.
Әріптерді таныған
Өңкей білгіш балдырған —
Құтты болсын тойларың!
2-жүргізуші:
Әліппені бітірді балаларың,
Әліппеден нәр алған даналарың.
Өзі оқып, жазатын халге жетті —
Құтты болсын білімі балалардың!
Оқушының сөзі
1-оқушы:
Құрметті ұстаздар мен ата-аналар!
Кез келді сіздерден ақ бата алар.
Ұл-қыздарың көрсетпекші өнерлерін,
Бар қауым таңданар, таңдай қағар.