Жұрт алдында сөйлеу мәдениеті

7-сынып • Қазақ тілі Сабақ түрі: дәстүрлі Әдісі: сұрақ-жауап, тіл дамыту

Жұрт алдында сөйлеу мәдениеті

Көрнекілігі

Плакат, кеспе қағаздар.

Пәнаралық байланыс

Әдебиет.

Халық даналығы

«Көз жетпеген жерге сөз жетеді».

Сабақтың мақсаты

А) Дамытушылық

Оқушылардың шығармашылықпен жұмыс істеуіне ықпал ету, ойлау шеберлігін және сөйлеу мәдениетін дамыту.

Ә) Тәрбиелік

Оқулықпен жұмыс істеу дағдыларын жетілдіру, логикалық ойлауды дамыту, жолдастық көмекке әрдайым әзір болуға тәрбиелеу және ұлттық дәстүрді қастерлеуге үйрету.

Б) Білімдік

Оқушыларды тілді бұрмаламай, ашық әрі анық, таза сөйлеуге дағдыландыру.

Сабақ барысы

1

Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушылармен амандасу, түгелдеу.
  • Оқу құралдарын тексеру, сынып тазалығына көңіл бөлу.
  • Оқушылардың зейінін сабаққа аудару.
2

Үй тапсырмасын пысықтау

Үй тапсырмасы тексеріледі. Оқушыларға төмендегі сұрақтар қойылады:

  1. 1 Шылау дегеніміз не?
  2. 2 Шылау нешеге бөлінеді?
  3. 3 Септеулік шылау дегеніміз не?
  4. 4 Жалғаулық шылау дегеніміз не?
  5. 5 Тіл мәдениеті дегеніміз не?
  6. 6 Тіл қанша түрде қызмет етеді?
3

Жаңа сабақты түсіндіру

Жұрт алдында сөйлеуге адам бірте-бірте дағдыланады. Сондықтан көпшілік алдында сөйлеуді үйрену жолдарын меңгеру әр адам үшін маңызды. Ең әуелі адам өзін психологиялық тұрғыдан дайындауы керек: бойындағы қорқыныш пен сенімсіздікті азайтудың тиімді жолы — сөздің айтылу қажеттігіне сену, не айтатыныңды және не үшін айтатыныңды анық түсіну, ойыңды қалай жеткізетініңді алдын ала жоспарлау.

Мағыналы әрі жүйелі сөйлеу үшін күнделікті оқып, жинайтын ақпараттың орны ерекше. Түрлі ғылыми-көпшілік әдебиеттер, баспасөз материалдары, көркем шығармалар үлкен көмек береді. Оларды тек оқып қоймай, қажетті тұстарын іріктеп жазып алуға, дәйексөздерді шағын дәптерге түсіруге дағдылан. Қаламмен қағазға жазылған ой есте жақсы сақталады.

Жеке қор жинау

Өзіңнің жеке папкаңда газет-журнал қиындыларын, ерекше әсер еткен сұрақтарды, ғалымдар мен зиялы қауымнан естіген ой-түйіндерді жинақтау кейін сөйлеуіңе нақты тірек болады.

Сондай-ақ сөйлеу техникасына төселу қажет. Оңаша жерде айнаға қарап, бет әлпетіңді бақылап, дене мен қол қимылын басқаруға үйрен. Дауысты мәтіннің мазмұнына сай құбылту — тыңдаушыны баураудың бір жолы. Сөзің қанша мәнді болса да, оны лайық әуенмен жеткізе алмасаң, әсері төмендейді.

Ауызша айтатын сөзіңді алдымен жазбаша құрып ал. Бұл ойдың жүйелі әрі көркем шығуына көмектеседі. Бірақ мүмкіндігінше қағазға қарамай сөйлеуге дағдылан: мәтінді оқып беру сөздің әсерлілігін кемітеді.

Ақырында, шешендердің сөзін үнемі тыңдап жүр. Үлгі тұтатын достарыңның, мұғалімдеріңнің, ата-анаңның сөз саптауын бақыла: жақсысын үйрен, кемшілігін қайталама. Осы кеңестерді тұрақты ұстансаң, сен де өзіңнен кейінгілер үлгі алатын шешен бола аласың.

4

Білімді бекіту

Оқушылардың түсінбеген сұрақтарына жауап беріледі, тақырып бойынша қысқаша қорытынды жасалады.

5

Білімді бағалау

Оқушылардың белсенділігіне және сұрақтарға жауап беру деңгейіне қарай бағаланады.

6

Үйге тапсырма

  • Өзің ұнататын өнер түрі туралы шағын шығарма жаз.
  • Мәтіндегі сөздердің мағыналы, жүйелі, әсерлі болуына көңіл бөл.
  • Биыл өткен грамматикалық тақырыптардың өзіңе пайдасы тиді ме — қысқаша талдап, қорытынды жаса.