Ғарышкерлердің аспан денелерін зерттейтінін

Байқоңыр – ғарыш айлағы

Бұл оқу іс-әрекеті балалардың ғарыш туралы түсінігін кеңейтуге, Қазақстанның мақтанышы болған қазақ ғарышкерлерімен таныстыруға бағытталған.

Білім беру саласы және бағыт

Білім беру саласы
Әлеуметтік орта
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті
Қоршаған ортамен танысу

Мақсат

Балалардың ғарыш туралы түсініктерін кеңейту, еліміздің мақтаныштары — қазақ ғарышкерлерімен таныстыру.

Міндеттер

  • Оқушыларға ғарышкер өмірінен мағлұмат беру, ойын дамыту, ой-өрісін кеңейту және сауатты оқуға жаттықтыру.

  • Сөздік қорын байыту, тіл байлығын молайту, ойлауға және армандауға баулу.

  • Ғарышқа тек білімді, денсаулығы мықты, спортпен тұрақты шұғылданатын, еңбекқор адамдар ұшатынын ұғындыру; еңбек сүйгіштікке тәрбиелеу және патриоттық сезімді ояту.

Қажетті құралдар мен әдістер

Көрнекілігі

Слайдтар, суреттер, әліппе дәптері

Әдіс-тәсілдер

Сұрақ-жауап, түсіндіру, баяндау, көрсету, әңгімелеу

Сабақтың барысы

Сезімдерін ояту

Жылулық берген күнге рахмет,
Тіршілік берген жерге рахмет!

Мұғалім балалардан жыл мезгілі және оның ерекшеліктері туралы сұрайды. Одан кейін: «Ғаламшарды зерттейтін адамдарды қалай атаймыз?» деген сұрақ қояды.

Ұйымдастыру және ізденіс

Ғарышкерлердің көпшілігі ғарышқа Байқоңыр арқылы ұшады. Байқоңыр — Қазақстан аумағында, Қызылорда облысында орналасқан ғарыш айлағы.

Ғарышқа дайындық: скафандр және тағам

Ғарыш кеңістігінде ауа жоқ, сондықтан ғарышкерлер арнайы қорғаныш киім — скафандр киеді. Ұзақ сапарға азық та қажет: ғарышкерлердің тағамы көбіне сығымдалған паста түрінде болады.

Ғарышқа ұшу тарихынан қысқаша

  • 1957 жылы Лайка атты ит ғарышқа ұшырылды, бірақ Жерге оралмады.

  • Кейін Белка мен Стрелка ғарышқа ұшып, аман-есен оралды.

  • 1961 жылғы 12 сәуірде адамзат тарихында тұңғыш рет адам ғарышқа ұшты. Ол — Кеңес Одағының азаматы Юрий Гагарин. Гагарин ғарыш кемесімен Жерді айналып шықты.

Қазақстанның ғарышкерлері

Қазақстан Республикасының тұңғыш ғарышкері — Тоқтар Әубәкіров. Одан кейін қазақ азаматы Талғат Мұсабаев ғарышқа ұшты.

Ғаламшарлар туралы түсінік

Ғалымдар аспан әлемін бақылау арқылы Жерден басқа да үлкен-кіші ғаламшарлар бар екенін анықтады. Ғаламшарлар көбіне шар тәрізді болады.

Күн жүйесіндегі ғаламшарлар

  • Меркурий
  • Шолпан
  • Жер
  • Марс
  • Юпитер
  • Сатурн
  • Уран
  • Нептун
  • Плутон

Біз Жер ғаламшарында өмір сүреміз. Жерде су, топырақ және ауа бар, сондықтан адамдар мен жануарлар тіршілік етеді. Адамдар өзге ғаламшарларда тіршілік бар-жоғын білгісі келеді. Ол үшін сол ғаламшарларға ұшу қажет. Ұшақ алыс ғарыш сапарына жарамсыз болғандықтан, ғалымдар зымыран ойлап тапты.

Қазақстанда зымырандар Байқоңыр қаласынан ұшырылады.

Байқоңыр туралы өлең

Ғарышжай Байқоңыр,
Қанаттылар мекені.
Қазақ жері Байқоңыр,
Қай жер саған жетеді?!

Ғажап жерім Байқоңыр,
Тұңғиықты ғарышты,
Тұнып тұрған алысты —
Орындалып арманы,
Ғарышкерлер шарлады.

Осы Байқоңырдан ұшқан зымырандармен ғаламшарларды зерттейтін адамдарды ғарышкерлер деп атаймыз.

Ғарыш туралы тақпақтар

Мұздай болат киінген,
Батпан қару үйірген.
Қорғап бақыт ұясын,
Тас түлек боп түйілген —
Ұшқыш болғым келеді.

Ар-намысын ақтаған,
Жүректе сыр жаттаған.
Туған елім ұясын,
Жан-тәнімен сақтаған —
Ұшқыш болғым келеді.

Мөлдір, тұнық көк аспан —
Ол аспанға жарасқан.
Ұшқан құспен таласқан —
Ұшқыш болғым келеді.

Сұрақ-жауап

Сұрақ: Қазақстаннан ғарышқа ұшқан ғарышкерлер кімдер?
Жауап: Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев.

Дәптермен жұмыс

Балалар әліппе дәптерін ашып, зымыранның суретін салады.

Сергіту сәті

Аспанға қарап ай көрдім,
Төменге қарап жер көрдім.
Оңға, солға бұрылып,
Егеменді ел көрдім.

Рефлексия және қорытынды сұрақтар

  1. Ғарышқа ұшатын адам қалай аталады?
  2. Алғашқы қазақ ғарышкерлері кімдер?
  3. Ғарышқа немен ұшады?
  4. Ғаламшарлар қандай пішінге ұқсайды?

Күтілетін нәтиже

Нені біледі

Ғарышкер, ғаламшар, зымыран ұғымдарын біледі.

Нені түсінеді

Ғарышкерлердің аспан денелерін зерттейтінін түсінеді.

Нені қолданады

Әліппе дәптерін пайдаланып тапсырма орындайды.

Автор туралы

Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Түймекент орта мектебінің мектепалды даярлық тобының мұғалімі — Молданбаева Альфия Даулетовна.