Меңдуананың тұқымы өте улы

Қызылорда облысы, Арал ауданы, №77 орта мектеп

7-сынып оқушысы: Лаппаева Әйгерім

Жетекшісі: С. Тлеумбетова

Өсімдік — өмір нәрі, өмір сәні

Өсімдіктер әлемі — тірі табиғаттың ажырамас бөлігі. Ол адам өмірімен де, жануарлар дүниесімен де тығыз байланысты. Табиғатта өсетін өсімдіктердің адамзатқа тигізер пайдасы орасан: бір бөлігі тағамға жараса, енді бірі тұрмыста, шаруашылықта, ем-домда кең қолданылады.

Өсімдіктің күнделікті өмірдегі маңызы

  • Ауаны оттегімен байытып, тіршілікке қолайлы орта қалыптастырады.
  • Қалалар мен ауылдарды шаң-тозаңнан қорғайды.
  • Жасыл желек адамның көңіл күйіне жағымды әсер етіп, тыныс алуды жеңілдетеді.
  • Хош иісі мен әсем реңі жүйке жүйесін тыныштандырып, сергітеді.
  • Айналадағы шуды бәсеңдетеді; әсіресе жол жиегіндегі ағаштар дыбысты жақсы жұтады.

Бөлмеде жасыл өсімдік өсірсеңіз, өзіңізді жабық кеңістікте емес, табиғатқа жақын ерекше ортада отырғандай сезінесіз. Өсімдік адамның денсаулығын нығайтып, бойға күш береді.

Осы даналық сөздер өсімдіктер әлемін қорғаудың маңызын аңғартады. Өсімдіктер сарқылмайтын қазына емес. Сондықтан оларды орынды пайдалану, көбейту және қорғау — ортақ міндет.

Адыраспан — киелі өсімдік

Адыраспан — халық медицинасында ертеден қолданылып келе жатқан шипалы әрі киелі өсімдіктердің бірі. Ол көбіне сортаң топырақты шөлейт аймақтарда өседі. Менің туған өлкемде адыраспан кең таралған: аулада, ауыл ішінде, ауыл сыртында, үй айналасында жиі кездеседі.

Биологиялық және морфологиялық сипаттамасы

  • Көпжылдық өсімдік, бұтағы көп, тарамдалған.
  • Биіктігі шамамен 30–60 см.
  • Гүлі бозғылт сары, жеке-жеке өседі.
  • Жемісі қоңыр түсті, ірі ұрықты қауашақ.
  • Иісі өткір, жағымсыздау.
  • Жапырақтары тілімденген, кезектесіп шоқтала орналасады.

Гүлдеу және жинау мерзімі

Гүлдейді: мамыр–маусым, кейде маусым–шілде.

Жеміс береді: шілде–тамыз.

Жинау: тамыз–қыркүйек.

Емдік мақсатта өсімдіктің шөбі — бұтақтары мен жапырақтары пайдаланылады.

Өлең жолдарындағы бейне

Ақын С. Кеттебайұлы «Дала дәріханасы» өлеңінде адыраспанның табиғатын әсерлі суреттейді:

Тақырға өсер тарбиып,

Тұрар түрі арбыйып.

Салалы әр бұтағы,

Бойына ащы нәр жиып.

Біле білсең тұрағы,

Көшкен жұртқа шығады.

Жаз бойы өңін өзгертпей,

Сарғайып қана тұрады.

Қандай ауру болса да,

Жұғымы оның соншама.

Күз келіп ол піскенде,

Алуды, жинап жөн сана.

Емдік және мәдени қолданысы

Деректерде Әбу Әли Ибн Сина адыраспанды сегізкөз жүйкесінің қабынуынан болатын шаншуды басатын дәрі ретінде қолданғаны айтылады. Халық медицинасында ол ревматизм, қышыма, безгек, қотыр, бел ауруы, бас ауруы және кейбір асқазан ауруларына пайдаланылған.

Қазақ халқы адыраспанды киелі санап, бәле-жаладан сақтайды деп үй ішін аластаған. Тіл-көзден сақтану үшін түтінімен ошақ басын айналдырып, кейде үйге іліп қойған. Бұл дәстүр бүгінге дейін жалғасып келеді.

Ертеде адыраспанды жинамас бұрын оған иіліп сәлем беріп, құрмет көрсеткен. Оны аттауға немесе үстінен басуға болмайды деген тыйымдар да сақталған.

Адыраспан тұқымынан қызыл бояу алынады. Ол әсіресе жүннен тоқылған бұйымдарды бояуға қолданылған. Түркияда бұрын адыраспаннан алынған қызыл бояумен ұлттық бас киім — фес боялғаны айтылады. Қазақтар да тұқымымен қой мен түйе жүнін бояған.

Өсімдіктер — медициналық препараттардың сарқылмас көзі. Табиғи ресурсты ұқыпты пайдалану мен қорғау — денсаулық пен болашақ ұрпаққа жасалған қамқорлық.

Итсигек — жараға шипа болар өсімдік

Біздің өлкеде өсетін дәрілік өсімдіктердің бірі — итсигек. Итсигек алабота тұқымдасына жататын көпжылдық бұта. Құрғақшылыққа төзімді болғандықтан шөл, шөлейт және тақыр жерлерде жақсы өседі.

Сипаттамасы

  • Түбінен бұтақтанып өседі, биіктігі шамамен 75 см.
  • Тамыры тереңге кетеді, ұзындығы 6 м-ге дейін жетуі мүмкін.
  • Жапырағы өте ұсақ (2–3 мм), үшбұрышты, қарама-қарсы орналасады.
  • Гүлдері қосжынысты, өте ұсақ, сарғыш немесе қызғылт; гүлшоғыры масақ тәрізді.
  • Аналығы — 1, аталығы — 5.
  • Жемісі — қауашақ; ішінде қошқармүйіз тәрізді тұқымы болады.
  • Бұтақтары жапырақсыз, бунақталған, жұмыр және шырынды келеді.

Қолданылуы және құрамы

Итсигек улы болғанымен, емдік қасиеті де мол. Тұнбасын қышыма-қотырды, сондай-ақ малдың кейбір тері ауруларын емдеуге қолданған. Ертеде итсигекті қайнатып ішкені және шұбатқа қосып пайдаланғаны айтылады.

Итсигекте алкалоидтармен қатар қымыздық қышқылы, ақуыз және крахмал кездеседі. Қазақстанда оның жасыл сабағынан анабазин өндіріледі. Бұрын адамдар итсигектің тамырын қайнатып ішіп, ал қайнатылған сумен шомылып жараларды емдеуге тырысқан. Итсигек жаз және күз айларында гүлдейді.

Меңдуана — улы болса да, дәрілік қасиеті бар өсімдік

Меңдуана — алқа тұқымдастарға жататын, кең таралған екі жылдық шөптесін өсімдік. Қара меңдуананың бір түбі орта есеппен 10 мыңға жуық тұқым береді. Алайда оның тұқымы өте улы: жапырағын не тұқымын жеген мал мен құс уланып қалуы мүмкін. Иісі ұнамсыз, дәмі нашар болғандықтан, мал оны көп жей бермейді.

Медицинадағы қолданылуы

Қара меңдуананың тамырында және жапырағында алкалоидтар болады. Медицина мен мал дәрігерлігі саласында меңдуанадан жасалған дәрілер асқазан мен ішек ауруларына, сондай-ақ демікпеге қарсы қолданылған.

Меңдуана майын сүйек сырқырауына және жүйке жүйесі ауруларына қарсы денеге жағады. Кей деректерде тіс ауруына да пайдаланылғаны айтылады.

Халық еміндегі «тіс шақыру» дәстүрі

Ертеде тіс ауырғанда кей өңірлерде «тіс шақыру» жасалған. Ағаш тостағанға шырақ жағылған инелерді қадап, ешкі майын жағып, меңдуана тұқымын шырақтың басына сеуіп, төмендегі сөздерді қайта-қайта айтқан:

Буын, буын құрт,

Бәйтеректей түкті құрт.

Келмес дария кешкен құрт,

Домалан да түсе бер,

Домалан да көше бер,

Аблағазим сүпит шық.

Меңдуана еміңіз,

Ешкінің майы жеміңіз,

Құрт атасы — Қыл ауыз,

Арғымақтан біз келдік.

Домалан да түсе бер,

Домалан да көше бер,

Аблағазим сүпит шық.

Меңдуана — туған өлкеміз Құландыда кездесетін улы әрі дәрілік өсімдік. Ол жазда гүлдейді, ал күзде емдік мақсатта теріп алуға болады. Дегенмен меңдуанамен адамдар, әсіресе жас балалар тез уланады.

Улану белгілері

  • Жүректің қатты соғуы
  • Ентігу
  • Іштің ауыруы
  • Құсу
  • Естен тану

Бұл өсімдіктен жасалған дәрілерді тек дәрігердің бақылауымен қолданған дұрыс.

Толық нұсқасын жүктеу