Құрмалас сөйлемнің тыныс белгілері

Бағдарлама туралы мәлімет

Павлодар облыстық білім беру басқармасы жанындағы Педагог мамандардың біліктілігін арттыру институты, Шарбақты ауданы Есілбай орта мектебі.

Автор

Шарпекова Ақмарал Сайлауқызы

Қазақ тілі пәні

Пікір жазған

Даирова А.Қ.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің әдіскері

Құжат жалпы орта білім беретін мектептің 8-сыныбына арналған қазақ тілін тереңдетіп оқыту оқу бағдарламасының мазмұнын ұсынады.

Түсіндірме хат

Қазақ тілін тереңдетіп оқытуды жүйелі жолға қою — бүгінгі қоғамдық-әлеуметтік сұраныстан туындайтын маңызды мәселе. Мемлекеттік мәртебеге ие қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, ұзақ жылдар бойы өзге тілдің басымдығынан табиғи арнасынан ажырай жаздаған ана тіліміздің дамуына деген талаптың артуы жалпы білім беретін мектептерде қазақ тілі пәнінің рөлі мен маңызын күшейтуді қажет етеді.

Негізгі шарттар

  • Пән мазмұнын жаңарта отырып, оқушыларға терең білім беру.
  • Оқушылардың коммуникативтік біліктілігін арттыру.
  • Сөз мәдениеті талаптарына сай дұрыс қолдану дағдыларын жетілдіру.

Қазақ тілі пәнінің басты мақсаты — тілдің қоғамдық-әлеуметтік мәнін түсінетін, тіл қызметтерін жүйелі меңгерген, сөз мәдениеті талаптарына сай білік-дағдылары қалыптасқан дара тұлға тәрбиелеуге мүмкіндік жасау.

Тіл — кез келген танымдық іс-әрекеттің құралы, ойлаудың формасы және оны дамытудың негізі. Осыған байланысты оқушылардың ынта-ықыласы, талабы және білім деңгейі ескеріліп, арнайы бағдарлама жасалды. Бағдарлама оқушылардың қабілеті мен икемін шыңдап, шығармашылық ізденістеріне кең өріс ашады.

Міндеттер мен бағыттар

Танымдық бағыт

  • Оқушының тілін дамыту, тілдік және шығармашылық қабілеттерін жетілдіру.
  • Тілдің қоғамдық-әлеуметтік мәнін түсіндіру.
  • Оқушының лингвистикалық дүниетанымын қалыптастыру.
  • Пәнаралық байланыс арқылы қоғам мен табиғат туралы жинақталған білім негіздерімен қаруландыру.

Практикалық бағыт

  • Оқушылардың тілдік сауаттылығын арттыру.
  • Әдеби тіл нормаларын меңгерту.
  • Тілдік-эстетикалық талғамды қалыптастыру.
  • Сөйлеу әрекетіне қажетті заңдылықтар мен талаптарды меңгерту.

Осы міндеттердің жүзеге асуы тілдік білімнің әр оқушының лингвистикалық дүниетанымын қалыптастыруына, сондай-ақ практикалық білік-дағдыларының базасы ретінде қызмет етуіне негіз болады.

8-сыныпқа арналған оқу жүктемесі

Барлығы: 68 сағат Аптасына: 2 сағат

Қазақтың әдеби тілі (1 сағат)

Қазақ тілінің бүгінгі жай-күйі, болашағы және даму бағыттары.

I. Әдеби тілдің грамматикалық нормалары (2 сағат)

  • Әдеби тілде қосымшаларды дұрыс қолданудың мәні.
  • Сөздердің тіркесу қабілеті: мағыналық үйлесім мен грамматикалық сәйкестік.

II. Синтаксис

Сөйлем (6 сағат)

  • Хабарлы сөйлем: айтылуы, тыныс белгілері, баяндауыштық және морфологиялық белгілері.
  • Сұраулы сөйлемнің түрлері.
  • Лепті сөйлем: мағынасы және жасалуы.
  • Бұйрықты сөйлем: интонациясы және тыныс белгілері.

Сөйлем құрамы (21 сағат)

  • Бастауыш: тұлғалық және мағыналық белгілері, негізгі сұрақтары; зат есімнен өзге сөз таптарының бастауыш болуы.
  • Баяндауыш: тұлғасы, мағыналық белгілері, сұрақтары; күрделі баяндауыштың жасалу жолдары; бастауыш пен баяндауыштың байланысы.
  • Толықтауыш: тұлғалық және мағыналық белгілері; дара және күрделі толықтауыш.
  • Анықтауыш: жасалуы, тұлғалық және мағыналық белгілері.
  • Пысықтауыш: тұлғалық және мағыналық белгілері; күрделі пысықтауыштың жасалу жолдары.
  • Айқындауыш мүшелер: оңашаланған айқындауыштың ерекшелігі; қосарлы айқындауыштың ұлттық салт-дәстүрмен байланысы.
  • Бірыңғай мүшелер: грамматикалық белгілері; ортақ жалпылауыш сөздер және олардың жасалуы.
  • Қаратпа сөз: тыныс белгілері.
  • Қыстырма сөз: сөйлем ішіндегі қолданылу орны.

Жай сөйлемнің түрлері (5 сағат)

  • Жақты сөйлем: негізгі белгілері.
  • Жақсыз сөйлем: құрылымы.
  • Жалаң және жайылма сөйлем: грамматикалық белгілері.
  • Толымсыз сөйлем: пайда болу жағдайлары.

Құрмалас сөйлем (16 сағат)

  • Жай сөйлем мен құрмалас сөйлем: ортақ белгілері мен айырмашылықтары.
  • Құрмалас сөйлем табиғаты туралы ғалымдар көзқарастары.
  • Салалас құрмалас: жасалу жолдары және мағыналық түрлері (ыңғайластық, себеп-салдар, түсіндірмелі), байланысу тәсілдері мен тыныс белгілері.
  • Сабақтас құрмалас: мағыналық түрлері, шартты бағыныңқылы сабақтас; жасалу жолдары және байланысу тәсілдері.
  • Аралас құрмалас сөйлем; құрмалас сөйлемнің тыныс белгілері.
  • Көп басыңқы сабақтас: түрлері, өзіндік ерекшеліктері және тыныс белгілері.

Төл сөз бен төлеу сөз (4 сағат)

  • Төл сөздің тыныс белгілері.
  • Төл сөз бен автор сөзі: орын тәртібі және қолданылу ерекшеліктері.
  • Диалог: стильдік мәні.

III. Тіл мәдениеті (4 сағат)

  • Дұрыс сөйлей және жаза білудің шарттары.
  • Сөз қолданудың негізгі принциптері.
  • Сөз құдіретін танытатын мақал-мәтелдер мен даналық сөздерді талдау.
  • Шешендік сөз үлгілерін дамыту және оқушылардың сөйлеу дағдысына сіңіруге бағытталған жұмыстар.

Жазба жұмыстары (8 сағат)

Практикалық жазылым дағдыларын бекітуге арналған жұмыстар.

Өткенді қайталау (2 сағат)

Негізгі тақырыптарды жүйелеу және білімді тұрақтандыру.

Оқушылардың дайындық деңгейіне қойылатын талаптар

Әдеби тіл және мәтін

  • Әдеби тілде қосымшаларды дұрыс қолданудың мәнін түсінеді.
  • Мәтінді сөзжасамдық норма тұрғысынан талдай алады.

Синтаксис бойынша

  • Синтаксистік ұғымдарды бір-бірінен дұрыс ажыратады.
  • Сөздерді мағынасы мен логикалық байланысына қарай тіркестіріп, талғампаздықпен қолдана алады.

Жай сөйлем синтаксисі бойынша

  • Сөз тіркесінің түрлерін ажыратады.
  • Сөздердің байланысу тәсілдерін және түрлерін (қиысу, қабысу, жанасу, матасу, меңгеру) ажырата алады.
  • Хабарлы, сұраулы және лепті сөйлемдерді ауызша және жазбаша түрде орынды қолданады.
  • Сөйлемді сөйлем мүшелеріне және бірыңғай мүшелерге талдай алады.
  • Айқындауыш пен оқшау сөздерді мағыналық, интонациялық және стильдік ерекшеліктеріне сай қолданады.
  • Жақты, жақсыз, толымды, толымсыз, атаулы сөйлемдердің грамматикалық белгілерін ажыратады.

Құрмалас сөйлем бойынша

  • Құрмалас сөйлемнің грамматикалық ерекшеліктерін біледі және тілдік фактілер арқылы жүйелі түсіндіре алады.
  • Салалас құрмалас сөйлемдерді қолданып, шағын шығарма, суреттеме, ойтолғау жаза алады.
  • Сабақтас құрмаластың мағыналық түрлерін қатыстырып, ауызша және жазбаша мәтін құра алады.
  • Көп құрамды құрмалас сөйлемдерді көркем мәтіннен тауып, автор стилін айқындаудағы қызметін түсінеді.
  • Төл сөз, төлеу сөз, автор сөзі, цитата және диалогті мәтіннен таба алады.

Тіл мәдениеті бойынша

  • Сөзді дұрыс айту заңдылықтарын меңгереді.
  • Сөздіктердің түрлерін тиімді пайдалана алады.
  • Грамматикалық заңдылықтарды қолдана алады.
  • Сөйлемнің тыныс белгілерін дұрыс қойып, қойылу жолдары мен себептерін дәлелдей алады.