Қан майданды қылған төсек, Майдангерлер бір - бір тұғыр
Сабақтың тақырыбы
Өткенін білмеу – болашаққа қиянат.
Сабақтың мақсаты
- Оқушыларға Ұлы Жеңіс туралы, сұрапыл соғыс жылдарындағы ата-әжелеріміздің ерен ерліктері жайлы, бүгінгі бейбітшіліктің оңай келмегенін түсіндіру.
- Үлкенге құрмет, кішіге ізет дағдыларын қалыптастыру; тарихтан алған білімдерін шыңдап, дамыту.
- Теориялық білімді өмірде қолдана білуге, үлкендерді сыйлауға тәрбиелеу.
Сабақтың форматы
- Түрі
- Тәрбие сағаты.
- Әдісі
- Әңгімелеу, демонстрация, көрініс көрсету.
- Көрнекілігі
- Қанатты сөздер, шарлар, гүлдер, шақыру билеттері, көрініске қатысатын оқушылардың киімдері, қабырға газеттері.
Сабақтың барысы
Төмендегі мәтін тәрбие сағатының жүргізушілері мен қатысушыларға арналған реттелген сценарий ретінде берілді.
Кіріспе сөз
1-жүргізуші
Қадірлі Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері! Баршаңызды ерлік туын желбіретіп, бүкіл әлемге тыныштық сыйлаған Жеңіс күнімен құттықтаймыз. Бүгін біз бейбіт өмірдің бағасын тағы бір мәрте еске аламыз.
2-жүргізуші
Қалқа Жапсарбаев атындағы орта мектептің 6 «Ә» және 7 «Ә» сыныптары дайындаған «Өткенін білмеу – болашаққа қиянат» атты ашық тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер!
1-жүргізуші
Қанша жыл өтсе де, сұрапыл соғыс жылдарының оқиғалары, әкелеріміз бен аталарымыздың қасиетті Отанды шетелдік басқыншылардан қорғауда көрсеткен ерлігі мен қайсарлығы халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады.
2-жүргізуші
Жыл өткен сайын сол зұлматты көзбен көріп, қан майданнан өткен ержүрек жауынгерлеріміз сиреп барады. Дегенмен Жеңіс күнін жақындатқан — дәл солардың ерлігі мен табандылығы екені сөзсіз.
Баяндама: «Сол бір жылдарда…»
1-жүргізуші
Тарихта Екінші дүниежүзілік соғыс деген атпен қалған Ұлы Отан соғысының бейбітшілік сүйгіш күштердің Жеңісімен аяқталғанына биыл көптеген жыл өтті. Миллиондаған жазықсыз жанның өмірін жалмаған сол қасіретке қарсы қазақстандықтар «Ел үшін, жер үшін!» деген ұранмен аяғына дейін арпалысты. Талай боздақ хабар-ошарсыз кетті.
2-жүргізуші
Уақыт алға жылжыған сайын, сол күндердің куәгерлері де азая түсуде. Сондықтан бүгінгі ұрпақтың парызы — олардың ерлігін ұмытпау, бейбітшіліктің қадірін білу.
Еске алу сәті
Шейіт болған ата-ағаларымызды еске алып, бір минут үнсіздік жариялаймыз.
Қонақтармен сұхбат
1-жүргізуші
1941–1945 жылдар аралығында қазақ батырлары бірлік пен достық жолында жанын қиып, фашизмге қарсы күресте ерекше ерлік көрсетті. Солардың бірі — құрметті қонағымыз, ардагер Шафигуллин Темірхан ата. Сол жылдардан есіңізде қалған оқиғалармен бөліссеңіз.
Ардагерге сөз беріледі.
2-жүргізуші
Қатал соғыс жағдайында жұмысшы табының, колхозшы шаруалардың, тыл еңбеккерлерінің ерен еңбегі де өлшеусіз. Құрметті қонақтарымыз Қайнұр апа мен Камила апаға сөз береміз. Соғыс жылдарындағы тыл өмірінен әңгімелеп берсеңіздер.
Тыл еңбеккерлеріне сөз беріледі.
1-жүргізуші
Ауылымыздың өркендеуіне үлес қосып, өз бастамасымен Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арнап ескерткіш орнатуға атсалысып жүрген, соғыс ардагерінің ұрпағы, «Көксу» шаруа қожалығының төрағасы Оразбеков Әшімхан Ізтайұлына сөз кезегін береміз.
1-жүргізуші
Әңгімелеріңізге көп-көп рақмет. Елім деп соққан жүрегі — іске ассын көптің тілегі. Достық пен бейбітшіліктің тірегі — қазақ елі, мәңгі жасай берсін!
Назарларыңызға оқушылардың концерттік бағдарламасын ұсынамыз.
Концерттік бағдарлама
Хор: «Майданға»
Қара түнек серпілді, серпілді,
Ұйқысынан ел тұрды, ел тұрды.
Атқа мін, қазақ, атқа мін,
Майданға, майданға.
Шық күреске, жолдастар, жолдастар,
Жарқырасын алмастар, алмастар.
Желбіреп қызыл туы тұр,
Майданда, майданда.
Әдеби монтаж
- Сонау жылы жер көкті, соғыс бұлты торлаған. Сонда Мәншүк апамыз жаудан елді қорғаған.
- Қош айтып оқу-ойынға, әжесін тастап қария. Қол бұлғап туған ауылға, майданға кетті Әлия.
- Соғыс жалмап аға-іні, бауырды, зар жылатты тыныш жатқан ауылды. Бірақ біздер өздеріңнің арқаңда, көрген жоқпыз сол қырғын дауылды.
- Жалғызынан айырды ананы, әкесінен айырды баланы. Бірақ біздер өздеріңнің арқаңда, көрген жоқпыз қайғы жұтқан ауылды.
- Болдырмай соғыс сұмдықты, қорғайық, достар, шындықты. Болмасын мәңгі қан төгіс, ұраның болсын: «Ел мықты!»
- Отан үшін отқа төсеп, өр кеудесін жас ғұмыр. Қан майданды қылған төсек — майдангерлер бір-бір тұғыр.
Түйін сөз
2-жүргізуші
Ұлы Отан соғысы төрт жылға жуық созылды. Бұл соғыс әр адамның жүрегінде өшпес із қалдырды. Миллиондаған адамның өмірін жалмаған Екінші дүниежүзілік соғыс дауылының сол алапат кезеңін адамзат ұмытпай, ұдайы еске алып келеді.
Көрініс: «Соғысқа аттандыру»
(Жамбыл Жабаевтың ұлын соғысқа шығарып салу сәтінен үзінді)
Жамбыл Жабаев — «Аттандыру»
Атаңнан бата ал, балам,
Арғымақ атқа мін, балам!
Ақ сақалым желбіреп,
Артыңда қарап мен қалам.
Құлағыңа құйылып,
Даусым жүрсін жырланған.
Алғадайым арлы едің,
Ата сөзін сыйлаған.
Перзентімнің алды едің,
Көңілімді қимаған.
Аттандырдым майданға,
Аман-есен жүр, балам!
Абыройға ие бол,
Ағат баспа бір қадам!
Ел қадірін біл, балам,
Сынға түскен бұл заман.
Саған айтқан сөзімнен
Сабақ алсын тыңдаған.
Айтылған сөз деп ұқсын
Аңғарлы жан бұл заман.
Хош, хош, балам, хош, балам!
Қорытынды ой
Бұл тәрбие сағатының өзегі — тарихты тану арқылы жауапкершілікті сезіну. Ерлік пен тылдағы еңбек, жоғалған өмірлер мен сақталған үміт — бәрі де бейбіт күннің құнын ұғындырады. Өткенді білу — болашаққа аманат.