Оқушылар бойындағы патриоттық сезімін нығайту

Тәрбие сағатының тақырыбы

«Өз Отаның — туған жерің»

Мақсаты

  • Оқушылар бойындағы патриоттық сезімді нығайту.
  • Өз Отанын, туған жерін сүюге және құрметтеуге баулу.
  • Туған өлкенің тарихын тереңірек танытып, таным көкжиегін кеңейту.

Кіріспе

Мұқағали ақынның:

«Қуантқан жарлыны, шерліні —
Отаным Қазақстан, мен әрқашан мақтаймын…»

деген жыр жолдарын арқау ете отырып, туған Республикамыздың қадірін ұғындыруға арналған «Өз Отаның — туған жерің» тәрбие сағатына шақырамыз.

Көрініс: «Отан деген не?»

Ортаға 6–7 оқушы шығып, «Отан» ұғымы туралы пікірталас бастайды:

— Отан дегеніміз не?
— Отан — орман шығар? Жоқ…
— Отан — таулар ма? Жоқ, жоқ…
— Отан — анамыз…
— Отан — нанымыз…

Сол сәтте келесі оқушы сөз алады: «Отан — адамның туып-өскен жері, ата мекені, өз елі». Біздің туған өлкеміз — Атырау. Бұл өңір мұнайымен әлемге танымал.

Атырау маңында тарихи көне қала бар. Оның аты — Сарайшық. «Тау шайқалса да, тарих шайқалмайды» дейді. Ендеше, сол көне шаһарға «Білім кемесімен» саяхат жасайық.

Саяхат: Сарайшыққа жол

Жол қысқарту үшін, сөзді өзімізбен бірге келе жатқан «атайға» берейік (бір оқушы үлкен кісі кейпіне енеді).

Атайдың әңгімесі

Әр адам үшін туған жерден ыстық, қадірлі ештеңе жоқ. Өйткені, сен ең алғаш жарық дүниеге келген сәттен бастап, бұл өлке саған алтын бесік — атамекен болады. Біз — қазақпыз: тіліміз, салтымыз, тарихымыз бар. Сол шежірелі тарихтың бір бастауы — бүгін Сарайшық деп аталып отырған көне қала.

Ал енді, балалар, білгендеріңді ортаға салыңдар.

Оқушылардың мәліметтері

1-оқушы

Қаланың орнындағы бүгінгі ауылға барсаңыз, ұсақ қыш сынықтарын көресіз. Олардың арасында су құюға арналған көк қыштар және қызғылт түсті қыш ыдыстардың бөлшектері кездеседі. Әсіресе, жауыннан кейін күйдірілген қызыл кірпіш анық байқалады. Тіпті, Алтын Орда теңгелері де табылған.

2-оқушы (өлең)

О, менің туған далам, нұрлы далам,
Шаттықтың ұясысың бұлжымаған.
Айтшы бір, білмейтін бір жан сырыңды,
Мен оны көңіліме сыр қып алам.

3-оқушы — сұрақ

— Ата, Сарайшық қаласы қай кезде пайда болған?

Атай: XIV ғасырдың алғашқы жартысынан бастап.

Атайдың толықтыруы

Сарайшық — ежелден қалған көне қала. Кезінде ол ірі сауда орталығы болған.

4-оқушы

Сарайшық туралы алғашқы жазба дерек қалдырған — арабтың белгілі географ-ғалымы, саяхатшы Ибн Баттута.

5-оқушы

Археологиялық қазба материалдары Сарайшықта тамақтың үлкен ыдыстармен берілгенін көрсетеді. Ыдыстар өсімдік тәрізді және әртүрлі өрнектермен безендірілген. Түбінде көбіне лала гүлі немесе жүзіп бара жатқан аққу бейнесі кездеседі.

Музыкалық үзіліс

Ән: «Туған жер»

6-оқушы

Тиын ақшалардың көптеп табылуы мұнда сауданың қызу жүргенін дәлелдейді. Сарайшықтың Қырым, Еділ бойы және Хорезм қалаларымен сауда байланыстары болған.

7-оқушы

Жәнібек жақсы жасақталған әскерімен Азербайжанға дейін жетіп, Мәлік-Шәріпті жеңіліске ұшыратты. Ол өз ұлы Бердібекті билеуші етіп қалдырып, жеңіспен астанаға оралды.

8-оқушы

Жәнібек 1341–1360 жылдары шамамен 20 жыл билік етті. Ол қайтыс болғаннан кейін билік ұлы Бердібекке өтті. Бердібек қатыгез билеуші болып, тақ үшін туыстарын қырғынға ұшыратты. Алайда өзі де ұзақ билей алмай, бар-жоғы екі жыл хандық құрды және 1362 жылы қайтыс болды.

Аңыз: Пантеондағы қасиетті тал

Оқушылардың бірі назар аударады: «Атай, мына хандар пантеонында үлкен тал байланған, көмілген екен. Оның сыры неде?»

Атай: Иә, балаларым, мұның да себебі бар. Рұқсат болса айтайын.

Сарайшықта бір кезеңде жастар өлімі көбейген екен. Елдің бір қариясы емшіге барып, кеңес сұрайды. Емші: «Далада қасиеті бар ерекше тал өседі. Сол талды өсіп тұрған жерінен алып, пантеонға әкелсеңдер, жастар өлімі тыйылады» депті.

Қария көп іздесе де таба алмайды. Бір күні қойшы бала қой бағып жүріп, бір талдың түбіне ақ қояндардың кіріп кеткенін көреді. Жақындаса — ештеңе жоқ. Елге хабар береді. Үлкендер барып, талды қазып алып, жеті ханға арналған пантеонға көшіріп отырғызады. Ақ қояндар — аруақтардың нышаны делінеді. Содан кейін жастар өлімі тоқтаған екен.

«Ол талды сипасаң, арманың орындалады» деген сенім де осыдан қалған.

Тарихи оқиғалар мен кезеңдер

9-оқушы

1396 жылы Сарайшықты Ақсақ Темір шапқыншылыққа ұшыратып, талқандады. Ибн Арабшах Темірдің Алтын Орданы күйреткенін сипаттай отырып, қаланың қатты тоналғанын, халықтың тұтқындалғанын және зорлық-зомбылықтың болғанын жазады. Темір Сарай, Сарайшық, Қожытарқан және басқа да қалаларды қиратқан.

Көркем үзіліс

Би: «Қазақ биі»

10-оқушы

Кейін XI–XII ғасырларда сауда-мәдени байланыстардың ауқымы кеңейіп, күллі Орта Азия мен Маңғыстауды қамтыған. Алайда XIII ғасырдың басындағы моңғол шапқыншылығы бұл байланыстарды бұзды. 1236 жылы Бату хан бастаған әскерлер Атырау өңірін бағындырып, Еуропаға жол ашты.

Сарайшықтың дәуірлену кезеңдері

  • I кезең: XI–XII ғасырлар (моңғол үстемдігіне дейін).
  • II кезең: XIII–XIV ғасырлар (Алтын Орда дәуірі).
  • III кезең: XV–XVI ғасырлар (ноғайлар дәуірі).

11-оқушы

Ақырында 1580 жылы басқыншылар қамсыз жатқан Сарайшыққа басып кіріп, қаланы өртеп жіберген. Осыдан кейін өңірге ара-тұра өз билігін жүргізе бастады. Қазақ-орыстар патша өкіметінің сенімді тірегіне айналды.

12-оқушы

Хандар пантеонының биіктігі — 17 метр, пішіні — 8 қырлы. Қабырғалары арасында Сарайшықта жерленген 7 ханға арнап құлпытастар қойылған.

13-оқушы

Мешіттің ұзындығы — 13 м, ені — 6 м 50 см. Іші толық жабдықталған: михраб, мінбер қойылған, Құран және басқа да діни кітаптар бар.

14-оқушы

Мұражайда Сарайшық қазбасынан табылған тарихи жәдігерлер қойылған. Сондай-ақ XIV ғасырдағы Сарайшық қаласының макеті жасалған.

Туған өлке — Атырау

Кіндік қан тамған қасиетті өңір — Дамбы, Атыраудың байлығы — мұнайы мен балығы. Каспий теңізіндегі әсем аққулар да көз тартады.

Әсемдігі арайлы — шетелдіктер қарайды,
Атырауды мұнайдың астанасы санайды.
Астана деп аталған мұнайлы ел — Атырау,
Аруақтардан бата алған туған жерім — Атырау!

Музыкалық үзіліс

Ән: «Атырау»

Қорытынды

Енді «Білім кемесімен» кері қайтайық. Бүгінгі тәрбие сағатында біз туған жеріміздің көне тарихи мекені — Сарайшық туралы маңызды мәліметтер алдық.

Саяхаттан оралған соң, оқушыларға алған әсерлерін қағаз бетіне түсіріп, шағын әңгіме жазу тапсырылды. Белгіленген уақытта жұмыстар тыңдалып, әр оқушының ойына сынып болып пікір қосылды.

Соңында мұғалім қорытындылау мақсатында сауалнама (тест) сұрақтарын ұсынды.

Тест сұрақтары

1. Сарайшық қаласының дәуірі неше кезеңнен тұрады?

  • A) 2
  • Ә) 4
  • Б) 7
  • В) 3

2. Хандар пантеонының биіктігі қанша?

  • A) 17 м
  • Ә) 7 м
  • Б) 10 м
  • В) 16 м

3. Сарайшық қаласы мешітінің өлшемі қандай?

  • A) 13 м, ені 6 м 50 см
  • Ә) 12 м, ені 7 м 80 см
  • Б) 10 м, ені 4 м 60 см
  • В) 13 м, ені 5 м 70 см

4. Жәнібек неше жыл билік жүргізді?

  • A) 21
  • Ә) 24
  • Б) 23
  • В) 20

5. Сарайшық қаласы қай кезден пайда болған?

  • A) XIV
  • Ә) XI
  • Б) X
  • В) XIX

6. Сарайшық қаласында хан қызына арналған көлді неше күнде ауыстырған?

  • A) 1
  • Ә) 4
  • Б) 7
  • В) 3