Қазақ тіліне тән дыбыстарды қайталау
Павлодар қаласы
М.Әуезов атындағы № 42 жалпы орта білім беру мектебі ММ
Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі: Смағұлова З.Ж.
Түсініктеме
Қазақ тілі пәні бойынша ойын түрлерінің бұл жинағы орыс тілінде оқытылатын мектептердің мұғалімдеріне арналған. Жинақ бастауыш сынып оқушыларының жас ерекшелігін, қазақ тілін меңгеру деңгейін, сөздік қорын және ой-өрісін ескере отырып, сабақты тартымды, қызықты әрі сапалы өткізуге көмектесетін қосымша құрал ретінде ұсынылады.
Дидактикадағы маңызды бағыттардың бірі — білім беру үдерісінде ойын технологияларын тиімді пайдалану.
Мемлекеттің іргетасы бастауыш сыныптан қаланатыны белгілі. Сондықтан орыс мектептерінде қазақ тілін оқыту бастауыштан-ақ халқымыздың мәдениетін, салт-дәстүрін және тілін танып-білуге, оқушылардың қызығушылығын қалыптастыруға бағытталады. Оқу материалын жан-жақты әрі терең меңгерту үшін әртүрлі әдіс-тәсілдер мен дидактикалық материалдарды орынды қолдану қажет.
Дұрыс әрі тиімді таңдалған әдістер оқушылардың назарын шоғырландырып қана қоймай, пәнге деген қызығушылығын, зейінін және ынтасын арттырады.
Ойын түрлерін қолданудың тиімділігі
- Сабақты жандандырып, оқушыларды ынталандырады.
- Шығармашылық, ізденушілік және ойланғыштық қабілеттерін дамытады.
- Өзіне деген сенімділікті қалыптастырады.
- Логикалық ойлау қабілеттерін жетілдіреді.
Жинақтың мақсаты
Дидактикалық тапсырмалар жинағының негізгі мақсаты — сабақты тартымды әрі қызықты өткізу үшін ойын элементтерін жүйелі қолдану. Ойын арқылы ұйымдастырылған сабақ балаларға жеңіл қабылданып, жағымды әсер береді.
Ойын тапсырмаларын орындау барысында оқушылар қазақша сөйлеуге дағдыланып, есте сақтау қабілетін нығайтады, сөздерді өз мағынасында еркін қолдануды үйренеді, дұрыс сөйлеуге жаттығады және өз бетімен жұмыс істеу дағдысын қалыптастырады.
Орыс тілінде оқытылатын мектептерде қазақ тілі сабағында ойынды орынды пайдалану оқушыларды сол тілде сөйлеуге жаттықтырып, білім, білік, дағды және іскерліктерін шыңдауға ықпал етеді. Ойын кезінде қолданылатын дидактикалық материалдар оқушыларға түсінікті болған жағдайда нәтиже де жоғары болады.
Ойын түрлері (үлгілер мен нұсқаулық)
«Моншақ» ойыны
Мақсаты: жуан және жіңішке дауысты дыбыстарды қайталау, ажырата білуін тексеру.
Шарты: қағазға жуан және жіңішке түбірлі сөздер жазылады. Сынып екі топқа бөлініп, сөздер араластырылып таратылады.
Уақыт аяқталған соң әр топ жіпке бір жуан, бір жіңішке түбірлі сөздерден «моншақ тізуі» керек. Моншақты бірінші болып тізген топ жеңімпаз атанады.
Мысал сөздер:
қалам, мектеп, ойыншық, кезекші, үзіліс, сынып, оқушы, күнделік, тақта, орындық, өшіргіш, көйлек, т.б.
«Адасқан әріптер» ойыны
Мақсаты: логикалық ойлау қабілетін жетілдіру.
Шарты: берілген әріптердің орнын ауыстырып, сөз құрау.
- Т, к, і, п, а __________
- К, е, м, е, п, т __________
- У, о, қ, ы, ш __________
- Р, п, ә, д, е, т __________
«Шашылған дыбыстар» ойыны
Мақсаты: ойлау қабілетін дамыту, сөздік қорын молайту.
Шарты: сынып топтарға бөлініп, ойын жарыс түрінде өтеді. Шашылған дыбыстардан бірнеше сөз құрастырылады.
Мысал:
а, м, л, й, н, т, а дыбыстарынан: ана, алма, айна, ал, ата, ат, т.б.
«Сұрақ–жауап» ойыны
Мақсаты: сұрақтарға дұрыс әрі шапшаң жауап беруге дағдыландыру.
Шарты: сынып екі топқа бөлінеді. Мұғалім сұрақтардың жауаптары жазылған карточкаларды таратады. Сұрақ оқылғаннан кейін оқушылар дұрыс жауап карточкасын көтереді. Жауабы көп топ жеңімпаз атанады.
Сұрақтар
- Қолда неше саусақ бар?
- Қыста ауа райы қандай?
- Бір аптада неше күн бар?
- Неше жыл мезгілі бар?
- Сөмкеде не жатыр?
- Күзде не жауады?
- Асханада кім бар?
- Сыныпта неше терезе бар?
Керекті сөздер
«Жоғалған әріптер» ойыны
Мақсаты: оқушыларды сауатты жазуға дағдыландыру, қазақ тіліне тән дыбыстарды қайталау.
Шарты: оқушылар екі топқа бөлінеді. Тақтаға 10 сөз жазылады, кей әріптері түсіріліп беріледі. Түсіп қалған әріптерді дұрыс толықтырған топ жеңімпаз болады.
Мысал сөздер (әріптері түсірілген):
«Жалғасын тап» ойыны
Мақсаты: мақал-мәтелдерді есте сақтау қабілетін арттыру.
Шарты: оқушылар екі топқа бөлінеді. Мақал-мәтелдер қағазға бөліп жазылады. Бірінші топтың оқушысы тақтаға шығып, мақалдың басын оқиды. Екінші топ мақалдың жалғасы жазылған оқушыны тауып, қасына шақырып, жалғасын оқытады.