Ойлап тапқан аналар
Ана — біздің қуанышымыз
«Көктем келер гүлін алып, жазда келер жырын алып…» — деп ән мәтінінде айтылатындай, нұрлы шуағы мол Наурыз айы келіп, ардақты аналар мен ару қыздардың төл мерекесі — 8 Наурыз да жетті.
Сіздер — ер-азаматтардың қолқанаты, тірегі әрі жүрегі. Аналарымыздың да, қыздарымыздың да көңілі көктемнің шуақты күніндей мейірім мен шапағатқа тола берсін. Әлемге жарық сыйлаған аналардың мерекесі құтты болсын!
Құттықтау және ән
Мұхтар мен Еркежанның құттықтауы
Ән: «Ақ мамам» (келші, келші)
Балалардың өлең жолдары
Рахат
Анамды жақсы көрем, сағынамын,
Айтқанынан шықпаймын, бағынамын.
Ол — көзімнің қарасы болса егер,
Мен — оның жанарының ағынамын.
Ислам
Айналдым ана деген асыл аттан,
Шуағын бар әлемге шашыратқан.
Ойнап жүрген құлынын даладағы,
Үйде отырып даусынан ажыратқан.
Барлығы (хормен)
Жанымызды жайнатқан — сіздерсіз ғой, аналар!
Зор денсаулық, мол бақыт — тілейміз біз, балалар!
Қонаққа сөз және ағылшын тіліндегі өнер
Құрметті қонақтар! Сөзді ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Зауре Хамзиқызына береміз. Балалардың ағылшын тіліндегі тақпақтары мен өлеңдерін қабыл алыңыздар.
Орындаушылар:
Тамерлан, Малика, Алихан, Нұрия, Данил, Амиржан
Қыздарға арналған құттықтау
«Қыз өссе — елдің көркі, гүл өссе — жердің көркі» демекші, 8 Наурыз — қыздарымыздың да мерекесі.
Қыз емес, қыздың аты — қызыл алтын,
Көрінер толған айдай жүзі жарқын.
Үлкеннің алдын орап сөз сөйлемес,
Халқының сақтап білген ізгі салтын.
Сүйкімді қыздарымызды құттықтай отырып, Рахаттың орындауында «16 қыз» әнін қабыл алыңыздар.
Ойын: «Гүл сыйлау»
«Бар ана — туған елдің гүлі» дегендей, гүл сыйлау ойынын ойнаймыз. Шарты: кедергілерден өтіп, гүлді анамызға сыйлап, бетінен сүйеміз.
Қатысу тәртібі:
- 1-қатарға — 4 бала
- 2-қатарға — 4 бала
Балалардың жүрекжарды тілектері
«Бала тілі — бал» дегендей, балалардың аналарына арнаған шынайы тілектері бар. Мереке қарсаңында балалардан: «Аналарыңның мерекесі келе жатыр, қандай тілек тілер едіңдер?» — деп сұрадық. Енді олардың жылы лебіздерін тыңдайық.
Аналар, балаларыңыз айтқандай, ауырмаңыздар, бақытты болыңыздар, әрдайым әдемі де сүйкімді болып жүріңіздер.
Ана туралы лебіздер
Бүгін — наурыздың сегізі, сұлулықтың негізі. Әдемі сөзге кезек берейік.
Асар
Еркелеттің, асырадың,
Мойныңа кеп асыламын.
Аман болшы, ардақты анам,
Мен әрқашан қасыңдамын.
Гүлім
Ең бақытты өмірде —
Ана екенін біліңіз.
Ана жанын түсініп,
Ойнаңыз да, күліңіз.
Абулмансур
Әр сөзіңді жаттағам, жүрегімде сақтағам.
«Анашым!» — деп мақтанам,
Айналайын ақ мамам.
Данил
Ана — біздің күніміз,
Ана — біздің гүліміз.
Анамыздан тарайды
Біздің ана тіліміз.
Даниэла
Әлпештеген баласын —
Ана — бақыт, ана — күн.
Әркім сүйіп өзінің
Мақтан етер анасын.
Алан
Баланың да тірегі —
Ананың да тірегі.
Шаншымасын ешқашан
Аналардың жүрегі.
Ойын: «Кімнің даусы?» (аналармен)
5 бала ортаға шығып, теріс қарап тұрады. Жүргізуші қолымен бір ананы көрсетеді, ол кісі бір сөз айтады (мысалы: «ботақаным»). Балалардың бірі: «Бұл — менің анамның даусы!» — деп табуы керек. Дұрыс тапқан бала орнына отырады.
Ән шашу
Мерекеге арналған балалардың әзіл-сықақ ән шашуын қабыл алыңыздар: «Су тасушы қыз».
Әжелерге арналған бөлім
Дүниедегі құдіреттің көбі — ананың тілегі мен жүрегінің мықтылығы арқылы жүзеге асады. Ал ақ самайлы, аяулы әжелеріміз болмаса, аналарымыз да бұл жарық дүние есігін ашпас еді. Ендеше, әжелерімізді де мерекемен құттықтаймыз!
Аружан
Әже деген көп шығар,
Әжемдейі жоқ шығар.
Мейірімді бұл кісі,
Қандай ғажап күлкісі.
Алуа
«Айналайын» дегені — жанға рақат береді.
Көңіліңді табады,
Әнді қалай салады!
Малика
Анам менің аялаған,
Құшағынан сая табам.
Қанша жақсы болса-дағы,
Сендей ана қайда маған?
Жамила
Менің әжем, бұл әжем,
Айтқан сөзі дәл әжем.
Аман болса, көреді
Қызығымды әлі әжем.
Гүлден
Атам мені «құлыншағым» дейді,
Әжем мені «боташым» дейді.
Әкем мені «шырағым» дейді,
Шешем мені «қозым» дейді.
Ал шынында мен кіммін?
Мен — кәдімгі баламын!
Балалар, байқадыңыздар ма: ата-әжелеріміз бізді еркелеткенде төрт-түлік төлдерінің сүйкімді атауларын қолданады. Кейбір есімдер де осы атаулармен үндес болады: Ботагөз, Бота, Тайлақ, Тана және т.б.
Ән: «Әжетайым»
Боташым, қозым деп еркелеткен әжелерге арнап, «Әжетайым» әнін жолдаймыз.
Ойын: «Ине сабақтау»
Әжелеріміз «инесіз іс тікпейді». Ендеше, ине сабақтауға көмектесейік: үстелдегі инені алып, жіпті иненің көзінен өткіземіз де, ұштарын теңестіреміз. Болған бала инені жоғары көтереді.
Отбасы құндылығы туралы шағын көрініс
«Барлық ана баласымен бақытты, барлық бала ата-анасымен бақытты» деген ойды жалғап, Темірлан, Абылай, Аделяны ортаға шақырамыз.
Темірлан
Ана деген сөзді де,
Апа деген сөзді де,
Әке деген сөзді де,
Аға деген сөзді де —
ойлап тапқан балалар!
Абылай
Күнім, жаным дегенді,
Құлыншағым дегенді,
Ботақаным дегенді,
Айналайын дегенді,
Толған айым дегенді —
ойлап тапқан аналар!
Аделя
Ана — біздің күніміз,
Ана — біздің гүліміз.
Балаларды қуантып,
Ұзақ өмір сүріңіз!
Ойын: «Кубиктерден гүл құрастыру»
Кубиктерді құрастырсақ, екі түрлі гүл шығады. Екі бала шығып, гүлді құрастырады. Соңында шыққан гүлдің атын атайды.
Ән: «Анашым»
Ананың мейіріміне, аялы алақанына не жетеді? Аналарымыздың құрметіне «Анашым» әнін орындаймыз («Ел жатқанда жатпаған…»).
Бата
«Жаңбырменен жер көгереді, батаменен ел көгереді» — деп, барлық аналар мен әжелерге Мәди бата береді.
Уа, Құдайым, оңдасын,
Жаманшылық болмасын.
Ардақ біткен жар болып,
Ару ана қолдасын.
Отбасының ордасын
Періштелер қорғасын.
Тіккен әрбір отауға,
Тәңірім, жақсылық жолдасын!
Бақыт ашып қақпасын,
Мәңгі-бақи жаппасын.
Бәле-жала отбасын
Іздесе де таппасын.
Әумин!
Қорытынды лебіз
Мұхтар
Болғанда әке — дәулет, ана — бақыт,
Тағдыр оларды бір-бірінен ешқашан айырмасын.
Еркежан
Ана мен баланың айырмасы:
Бірі — әнде, бірі — оның қайырмасы.
Құтты болсын осы шаттық күніңіз! Бақытты да ұзақ өмір сүріңіз. Қуанышты жүзіңізбен әрдайым бұл өмірде күліп қана жүріңіз.
Жарқыраған қызыл гүлдей болсын әсем өміріңіз, сәуле шашқан әсем күндей көтерілсін көңілдеріңіз. Отбасыларыңызға бақыт, дендеріңізге саулық тілейміз — осы мерейлі мереке тек игі жақсылықтар әкелсін!
Сыйлық тапсыру
- Ұлдар қыздарға арналған шағын сыйлықтарын бір-бірлеп табыстайды.
- Балалар өз қолдарымен жасаған сыйлықтарын аналарына тапсырады.