Балаларға қазақ халқының ұлы мерекесі Наурыз мейрамы жөнінде түсінік беру

Тәрбие сағатының тақырыбы: Наурыз — жыл басы

Наурыз — табиғаттың жаңаруы мен адамзаттың бірлікке ұйысатын шағы. Бұл тәрбие сағаты балаларға ұлттық құндылықтарды түсіндіруге, ой-өрісін кеңейтіп, сөйлеу мәдениетін дамытуға бағытталған.

Сабақтың мақсаттары

Мақсаты
Балаларға қазақ халқының ұлы мерекесі — Наурыз мейрамы туралы түсінік беру.
Дамытушылық
Қазақтың салт-дәстүрлері туралы білімдерін кеңейту, сөйлеу шеберліктерін жетілдіру. Өлеңдер, мақал-мәтелдер арқылы тілдік қорын дамыту, өз ұлтына деген сүйіспеншілігін арттыру.
Тәрбиелік
Халқымыздың салт-дәстүрін бойына сіңіру арқылы шынайылыққа, адамгершілікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеу. Қазақ халқының тілін, дінін, әдет-ғұрпын сақтауға және қастерлеуге баулу.

Көрнекіліктер

  • Интерактивті тақта
  • Нақыл сөздер
  • Қазақтың салт-дәстүрлері туралы суреттер

Шаттық шеңбер

Балалар ортаға шығып, шеңбер құрады. Көктемге ризашылық білдіріп, өлең жолдарын айтады.

Көктем келді, шуақты,

Балаларды қуантты.

Алақай-ау, алақай,

Көктем қандай көңілді!

Тәрбиешінің сөзі

Құрметті ұстаздар, ата-аналар, балалар! Көктем — шуағы мол, адам баласына ырыс-құт әкелетін мезгіл. Бұл уақытта мал төлдеп, адамдардың аузы аққа тиеді; жерге егін егіліп, диқаншылардың жүздеріне шуақ кіреді; үлкен-кіші шаттанып, қуанады.

Күннің нұры молайып, жердегі қар еріп, табиғат түлей бастайды. Осындай керемет көктемді мұсылман халықтары жыл басы деп санаған. Бұл күндері адамзатпен бірге табиғат та жаңарып, Наурыз тойын тойлайды.

Наурыздың мәні

Наурыз — ежелгі түркі халықтарының жаңа жыл мейрамы. Парсы тіліндегі «наурыз» сөзі «жаңа күн» деген мағынаны білдіреді. «Жаңа күн» — өткен жылғы өкпе-реніш ұмытылып, жаңа бастауға бет бұратын уақыт.

Бұл мерекені көптеген түркі халықтары — қазақтар, қырғыздар, өзбектер, тәжіктер және басқалар атап өтеді. Наурыз күн мен түн теңелетін 22 наурыз күнімен тұспа-тұс келеді.

Наурыз күнгі игі дәстүрлер

Бұл күні таңертең ата-әжелеріміз бен ағаларымыз қолдарына күрек алып, ал аналарымыз құрт, ірімшік, сүт, піскен ет сияқты дәмін дайындап, сыртқа шығады.

«Бұлақ көрсең — көзін аш»

Ағаларымыз айналадағы бастаулардың көзін ашып, су жолын тазартады.

«Бір тал кессең — он тал ек»

Қариялар бұлақ басына тал егіп, табиғатты аялауға үндейді.

Күн-Ана мен Жер-Анаға тағзым

Әйелдер атып келе жатқан Күнге тәу етіп: «Армысың, қайырымды Күн-Ана!» — деп иіліп сәлем береді. Сондай-ақ: «Кеудесі түкті Жер-Ана, құт дарыт, жарылқа!» — деп, ашылған бұлақ көзіне май құйып, жаңа егілген ағаштарға ақ бүркеді.

Ескерту

(Осы тұста интерактивті тақтадан слайд көрсету ұсынылады.)