Күйеуіңмен тілдесу
Күйеуіңіздің опасыздығын кешіре аласыз ба?
Қазіргі уақытта «көңілдесі бар екен», «тоқалы бар екен» деген сөзге құлағымыз үйреніп қалғандай. Бұл тақырыптың қаншалықты ауыр екенін айтпай-ақ түсінерсіз. Әйелі күйеуінің опасыздық жасап жүргенін білген сәт — оңай емес. Мұндайда әйелдің өмірден баз кешіп, күйеуінен әбден көңілі қалуы мүмкін. Сүйіктісінің сатқындығын көріп тұрып эмоцияға ерік бермеу — көп адамның қолынан келе бермейді.
Ондай кезде әйел өкпе-ренішпен қатар қорқыныш пен кінә сезімін де бастан кешіреді: «Мен кінәлімін бе, әлде ол кінәлі ме?» деген ой сананы шаршатып, шатастырады. Ендеше, мұндай сәтті қалай еңсеруге болады?
Опасыздық әйел үшін нені білдіреді?
Әйелдерден «Күйеуінің опасыздық жасауы деген не?» деп сұрасаңыз, көпшілігі оны махаббат пен сенімнің жоғалуы, шаңырақтың шайқалуы деп түсіндіреді.
Дегенмен арамызда некені бұзбай, отбасын сақтап қалу үшін жағымсыз эмоцияға берілмей, сабыр сақтай алатын әйелдер де бар. Олар шаңырағын шайқалтпай, сақтау үшін күш-жігерін аямайды.
Уақыт беріңіз: асығыс шешім — қауіпті
Опасыздық — ауыр сынақ. Оны бастан кешіру оңай емес. Дегенмен уақыт — емші. Уақыт бәрін өз орнына қояды.
Ашу мен ыза үстінде, эмоцияның әсерімен қабылданған шешімнің соңы жақсылыққа апармауы мүмкін. Өкпе тарқап, ақыл орнына түскенде «ажырасамын» деген асығыс шешіміңізге өкініп қалуыңыз ықтимал.
Ең дұрысы — біраз уақыт өткізіп, көңіл сабасына түскеннен кейін ғана салмақты оймен шешім қабылдау.
Көңілдеспен өзіңізді салыстырмаңыз
Салыстыру — әйелдің өзін-өзі бағалауына жасалған ауыр соққы. Егер әйел өзін күйеуінің көңілдесімен салыстыра берсе, өзін бағалау деңгейі төмендеп, бұл күй депрессияға апаруы мүмкін. Сондықтан бұл өте маңызды.
Негізінде ер адамдар көңілдеске тек ақылдылығы немесе сұлулығы үшін бара бермейді. Сол себепті өзіңізді салыстыру — сізді әлсірететін, нәтиже бермейтін жол.
Опасыздықты қалай өткеруге болады?
Ойды жинақтау және сабырға келу
Ең алдымен өзіңізге келіңіз. Депрессияның соңы жақсылыққа апармайды. Ойыңызды бөлетін іспен шұғылданыңыз.
Қимыл-қозғалыс арқылы жеңілдеу
Жаттығу залына барыңыз, жақсы әуен қосып билеңіз. Қимыл-қозғалыс демалуға және көңіл-күйді көтеруге көмектеседі.
Табиғатқа шығу
Таза ауада серуендеу ойды реттеп, ішкі қысымды бәсеңдетеді. Өз жағдайыңызды одан әрі ауырлататын ойға қайта-қайта оралмауға тырысыңыз.
Жақындардың қолдауы
Мұндай сәтте жалғыз қалу дұрыс емес. Құрбыңызбен, әпке-сіңіліңізбен сырласыңыз немесе сізді мұқият тыңдайтын жанмен сөйлесіңіз.
Маман көмегі
Егер қасыңызда қолдайтын адам табылмаса, психолог маманға жүгінген жөн. Мұндай жағдайда өзіңізді қалай ұстау керегін кәсіби маманмен бірге талқылау пайдалы болады.
Күйеуіңізбен тілдесу және шешім қабылдау
Уақыт өте келе жан жарасы сәл де болса басылады, эмоция орнына түседі. Сол кезде ғана күйеуіңізбен ашық сөйлесуге болады. Әйел өзінен ең әуелі мынаны анық сұрауы керек: отбасын сақтап қала ма, әлде ажырасқысы келе ме?
Барлық әйелге ортақ бір ғана кеңес жоқ. Әрбір әйел өміріндегі осы ауыр кезеңді өз жағдайына сай, абыроймен өткеруі тиіс. Осындай оқиғадан кейін көп әйел маңызды қадамға келеді: отбасыны сақтау немесе ажырасу.
Құрметті сұлу да ақылды келіншектер, отбасының ұйытқысы — әйел. Осыны ұмытпаңыз.
Дайындаған: Жадыра