Қыс мезгілі туралы

Мақсаттар

Білімдік

Төлеген Айбергенов туралы мағлұмат беру және «Ақ қыс» өлеңінің мазмұны мен мағынасын меңгерту.

Дамытушылық

Ақынның бейнелі теңеулері арқылы оқушылардың қиялын, ой-өрісін дамыту.

Тәрбиелік

Бірізділікке, шапшаңдыққа және суретпен жүйелі жұмыс істеуге тәрбиелеу.

Принциптер мен әдістер

Принциптер

  • Түсініктілік және өмірмен байланыстылық
  • Жүйелілік пен бірізділік
  • Саналылық пен белсенділік
  • Көрнекілік

Әдістер

  • Түсіндіру, баяндау
  • Тірек-сызба арқылы жұмыс
  • Сөздік жұмыс
  • Тізбектеп оқу, көрнекілік әдісі

1) Ұйымдастыру кезеңі

Психологиялық дайындық

Сәлеметсіңдер ме, балалар? Көңіл-күйлерің қалай? Отырыңдар.

Сабаққа қажетті құралдарды дайындап, жұмысқа кірісейік.

Шаттық шеңбері (өлең жолдары)

Қайырлы күн, досым!

Қайырлы күн болсын.

Сейсенбінің сәті

Қуанышқа толсын!

Біздің алар бағамыз

Тек «5» қана болсын.

2) Жаңа сабаққа дайындық

Тақырыпты ашу (логикалық тапсырма)

Тақтаға назар аударайық. Мұнда не көріп тұрмыз? Сандар.

Тапсырмалар

  • 20-ға дейінгі екі жұп санның қосындысы 9-ға бөлінетін жұптарды ата. (мысалы: 10 + 8 = 18; 18 ÷ 9 = 2)
  • 10-нан үлкен үш тақ санның қосындысы 9-ға бөлінетін сандарды ата. (мысалы: 13 + 15 + 17 = 45; 45 ÷ 9 = 5)

Осы тапсырмалар арқылы зейінімізді жинақтап, жаңа тақырыпқа көшеміз.

3) Жаңа материалды меңгерту

Бүгінгі мәтін

Бүгін біз Төлеген Айбергеновтің «Ақ қыс» атты өлеңімен танысамыз.

Төлеген Айбергенов туралы

Төлеген Айбергенов — қазақ кеңес дәуірінің ақыны. Ол 1937 жылы Қарақалпақстанның Қоңырат ауданында дүниеге келген. Ташкент қаласындағы Низами атындағы педагогикалық институтты бітірген.

Қоңырат ауданында және Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында мұғалім болып қызмет атқарған. 1965 жылдан бастап Алматыға келіп, Жазушылар одағында жұмыс істеді.

1958 жылдан бастап өлеңдері «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас» газеттерінде жариялана бастады. Ақынның «Арман сапары» (1963), «Өмірге саяхат» (1965), «Құмдағы мұнаралар» (1968) атты жыр жинақтары бар.

Тірек-сызба: «Ақ қыс»

Өлең мәтіні

Ақ қолғаппен құшақтап,

Сақылдайды қыс аппақ.

Өзен, теңіз, тау-төбе —

Тегіс аппақ сәукеле.

Жатыр іздер жосылған,

Рояльдің басылған

Ақ тіліне ұқсап қап...

Ақ қыс — сұлу ақ өлең,

Табанымның астында

Таңғажайып ақ әлем.

Сырласады, сырлассаң,

Қырға асады, қырға ассаң.

Аппақ әуен сықырлап,

Жырлағалы тұр бассаң.

Жанарынан жаз бүркіп,

Тұр қыс күні сүйкімді.

Оянбасаң, мәжбүр қып

Ашатұғын ұйқыңды.

Құлақ күйін оң бұрап,

Төнеді аспан төбемнен.

Аппақ қардан омбылап,

Көктем іздеп келем мен.

Т. Айбергенов

Негізгі ойды ашу

  • Өлең не туралы? Қыс мезгілі туралы.
  • Ақын қысты қалай сипаттайды?
  • Қар бетіндегі іздерді неге ұқсатады?
  • Қардың сықырлаған дыбысын неге теңейді?

Сөздік жұмыс

Рояль — пернелі музыкалық аспап, фортепианоның бір түрі.

Өлеңдегі бейнелі сөздерді тауып, мағынасын түсіндіреміз.

Дәптермен жұмыс

Дәптерімізді ашып, бүгінгі күнді, «Сынып жұмысы» тақырыбын, ақынның аты-жөнін және өлеңнің тақырыбын жазамыз.

Дұрыс отыру ережесі

Денеміз тік, дәптеріміз қиғаш орналасады. Жазу кезінде көз бен дәптер арақашықтығын сақтаймыз.

Сөздік жұмысын дәптерге көшіріп жазамыз.

4) Сергіту сәті

Орнымыздан тұрайық. Сәл сергіп алайық.

Қимыл-қозғалыспен айтуға арналған шумақ

Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,

Соқыр, мылқау танымас тірі жанды.

Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,

Басқан жері сықырлап келіп қалды.

Ескерту: Қимылдарды сөз мазмұнына сай көрсетеміз (киім, сақал, «танымас», «сықырлап» т.б.).

5) Салыстыру: Венн диаграммасы

Қыс тақырыбы қазақ поэзиясында кең орын алған. Осы бөлімде Абай Құнанбаевтың қыс туралы өлеңімен байланыстыра отырып, Абай мен Төлеген Айбергеновтің шығармашылық ұқсастықтары мен айырмашылықтарын салыстырамыз.

Т. Айбергенов

  • 1937–1967
  • Қарақалпақстан, Қоңырат ауданында туған

Ұқсастықтары

  • Екеуі де — ақын
  • Қыс мезгіліне арналған өлеңдері бар
  • Бейнелі сөздер мен теңеулерді кең қолданады

А. Құнанбаев

  • 1845–1904
  • Қазақ елінің ұлы ақыны

6) Көрнекілік әдісі: сөзжұмбақ

Тақтадағы «Табиғат» тақырыбына арналған сөзжұмбақты шешеміз. Ол үшін төмендегі сұрақтарға жауап береміз.

Сұрақтар

  1. 1. Қап-қараңғы мезгіл.
  2. 2. Қысқы жауын.
  3. 3. Жазғы табиғат құбылысы.
  4. 4. Аспан мен жердің шекарасы.
  5. 5. Қыстап қалатын құстардың бірі.
  6. 6. Үскірік... қатты суық кез.
  7. 7. Жыл мезгілі.

7) Тіл дамыту: жаңылтпаш

Оқулықтың 56-бетін ашамыз. Жаңылтпашты алдымен анық, кейін жылдамырақ оқып көреміз.

Жаңылтпаш

Ақ қыс, қағаз, аққу — ақ,

Ақ тіс, ақ бу, ақ бұлақ.

Аппақ дейiн, ақ дейiн.

Ақ емес, бірақ ақтиін.

Қарға қара, қар ақ...

Қар жамылған дала ақ.

Дарақ та ақ, тал ақ,

Тағы не ақ? Санап,

Жаңылысты Қанат.

8) Бекіту: сұрақ-жауап

Әңгімелесу әдісі арқылы бүгінгі тақырыпты қорытындылаймыз.

Бекіту сұрақтары

  1. 1.Бүгін біз қай ақынмен таныстық?
  2. 2.Т. Айбергенов қай жылдары өмір сүрген?
  3. 3.Ақын қай жерде дүниеге келген?
  4. 4.Төлеген Айбергенов қандай институтты бітірген?
  5. 5.Ақынның қандай өлең жинақтары бар?
  6. 6.Біз қандай өлеңімен таныстық?
  7. 7.«Ақ қыс» өлеңінде ақын қысты қалай суреттейді?
  8. 8.Қар бетіндегі адам іздерін не нәрсеге ұқсатады?
  9. 9.Қардың сықырлаған дыбысын неге теңейді?

9) Бағалау

Сабаққа қатысуларыңа қарай бағалаймын. Өз ойларын ашық, нақты айтып, сұрақтарға толық жауап берген оқушылар тиісті бағаларын алады.

10) Үй тапсырмасы

  • «Ақ қыс» өлеңін жаттау.
  • Ауылыңның қысын сипаттап шағын мәтін жазу.

Күнделіктеріңді ашып, үй тапсырмасын жазып алыңдар.

11) Қорытынды

Бүгінгі сабақ ұнады ма? Несімен ұнады? Несімен ұнамады?

Қазір жылдың қай мезгілі? Қыс мезгілінде неше ай бар? Оларды атаңдар. Қазір қай ай?

Осымен сабағымыз аяқталды. Сау болыңдар!