WORDPAD МӘТІНДІК РЕДАКТОРЫ

Сабақ тақырыбы

Информатика, 5-сынып. WordPad мәтіндік редакторының интерфейсі.

Сабақ түрі

Аралас сабақ.

Мақсаты

Оқушыларды WordPad редакторымен таныстыру.

Нәтиже

Құжатты құру, ашу, қарау және сақтау дағдыларын қалыптастыру.

Сабақ мақсаттары

Білімділік

  • Құжат құрылымы, стиль және баспа бетінің геометриясы туралы түсінік беру.
  • WordPad терезесі мен оның элементтерін таныстыру.
  • Мәтінмен жұмыс істеуге дағдыландыру; құжатты ашу, қарау, сақтау және басып шығаруды үйрету.

Тәрбиелік

  • Ұқыптылыққа, тиянақтылыққа және сауатты орындауға үйрету.
  • Өз жұмысын бағалай білуге баулу.
  • Көршіге көмектесу мәдениетін қалыптастыру.

Дамытушылық

  • Ойлау қабілетін дамыту.
  • Өз бетімен жұмыс жасау дағдыларын жетілдіру.
  • Нәтижеге бағытталған әрекетті қалыптастыру.

Көрнекіліктер мен құралдар

Компьютер Оқулық Жұмыс дәптері Кеспе қағаздар Графопроектор Интерактивті тақта

Сабақтың өту барысы

  1. 1) Ұйымдастыру

    Оқушыларға бағалау парағы беріледі, бағалау тәртібі түсіндіріледі. Әрқайсысы өз бетінше жұмыс істейді, қажет болса көршіге көмектеседі. Бәсекелестік нәтижелі жұмысқа жетелейді — енді іске кірісейік!

  2. 2) Үй тапсырмасын тексеру

    «Өткенсіз — өрге жүзбейміз». Үй тапсырмасы электрондық тест арқылы тексеріледі, нәтижесі автоматты түрде бағаланады.

  3. 3) Жаңа тақырыпты түсіндіру

    Тақырып слайдтар арқылы түсіндіріледі: WordPad туралы негізгі ұғымдар, терезе элементтері және мәтінмен жұмыс.

  4. 4) Тапсырмаларды орындау

    Деңгейлік тапсырмалар орындалады. Ескерту: тіл мен регистрді ауыстыруды ұмытпаңыз.

  5. 5) Сабақты бекіту

    Қорытынды сұрақтар арқылы негізгі түсініктер бекітіледі, орындалған әрекеттер талқыланады.

  6. 6) Үйге тапсырма

    «WordPad мәтіндік редакторының интерфейсі» тақырыбын оқу, жылқы туралы қысқа мәтін жазып келу, командаларды жаттау.

Жаңа түсініктер

«Білгенге маржан»

Мәтіндік редактор — мәтінді енгізу және түзету ғана емес, сонымен қатар мәтінді пішімдеуге арналған құралдары бар қолданбалы бағдарлама. Пішімдеу қағазға және экранға шығаруды басқаратын көрінбейтін кодтар арқылы іске асады.

WordPad — мәтінді пішімдеудің минималды мүмкіндігі бар қарапайым мәтіндік процессор. Ол қарапайым құжаттарды дайындауға және мәтіндік файлдарды бір пішімнен екіншісіне түрлендіруге қолданылады.

WordPad-ты іске қосу

Пуск → Все программы → Стандартные → WordPad

Редактор іске қосылғаннан кейін WordPad терезесі ашылады.

WordPad терезесінің элементтері

  • Белгіше (иконка)
  • Жылдам қол жеткізу батырмалары
  • Тақырып жолағы
  • Мәзір жолағы
  • Құралдар тақтасы
  • Сызғыш
  • Жұмыс аймағы
  • Басқару батырмалары
  • Жай-күй жолағы

Терезенің негізгі бөлігін жұмыс аймағы алады — мәтін осы жерге енгізіледі. Тақырып жолағында құжаттың атауы және WordPad бағдарламасының атауы көрсетіледі.

Құралдар тақтасында жиі қолданылатын командалардың батырмалары орналасады. Батырманың қызметін білу үшін тінтуір нұсқағышын батырманың үстіне апарып, қысқаша атауы бар қалқымалы кеңесті күтіңіз.

Мәтіндік редактордың мүмкіндіктері

Негізгі әрекеттер

  • Мәтіндік құжат құру.
  • Өзгерту, қателерін түзету, көшіру, жою, қосу.
  • Іздеу және алмастыру (Find/Replace) орындау.

Пішімдеу және нәтиже

  • Қаріп өлшемін және түсін өзгерту.
  • Абзац қасиеттерін баптау.
  • Құжатты басып шығару.

Мәтін туралы қысқаша

Компьютердегі мәтін — символдардың кез келген жиыны. Сөз — бос орынмен (пробелмен) және тыныс белгілерімен бөлінген символдар тізбегі. Сөздердің арасында және тыныс белгілерінен кейін бір бос орын қойылады.

Мәтін элементтері

Символ → сөз → жол → абзац → бет → мәтін.

Мәтіндік редактордағы жыпылықтайтын сызықша мәтіндік курсор деп аталады.

Құжатты сақтау және файл түрлері

1) Алғаш рет сақтау

Мәтінді енгізіп болған соң WordPad мәзіріне өтіп, Сақтау (Сохранить) командасын таңдаңыз немесе терезені жабу (X) арқылы сақтауды растаңыз.

2) Файл типін өзгертіп сақтау

Қайта сақтау кезінде Файл түрі (Тип файла) тізімінен Text Document (*.txt) сияқты қажетті пішімді таңдап сақтаңыз. Кейін сақталған файлдардың сыртқы түрін және көлемін салыстырыңыз.

Деңгейлік тапсырмалар

І деңгей — «Ой қозғау»

  1. WordPad мәтіндік редакторын іске қосыңыз.
  2. Үйден жазып келген бір мақал-мәтелді теріп жазыңыз.
  3. Жазған мәтініңіз неден тұратынын атаңыз: символ, сөз, жол, абзац, бет.

ІІ деңгей — «Ой толғау»

  1. Жазған мәтінді matin атауымен сақтаңыз (файл түрі: RTF).
  2. Сақтаған файлды қайта ашып, атын өзгертіңіз: redaktor (файл түрі: TXT).

Сергіту сәті

Тақтада «WordPad мәтіндік редакторы» деген жазу және айналасында командалардың қазақша атауы беріледі. Оқушылар сәйкес орысша атауларын жапсырады. Нәтижесінде «жылқы жарысы» бейнесі құрастырылады: биыл — Жылқы жылы. Енді жылқының шабысындай жылдамдықпен тапсырманы аяқтайық.

ІІІ деңгей — «Ой тұжырымы»

  1. Сақтаған файлдарыңыздың көлемін қарап, дәптерге жазыңыз.
  2. Қай файлдың көлемі үлкен екенін анықтаңыз.
  3. Файлдардың сыртқы түріндегі айырмашылықтарға назар аударыңыз.
  4. Слайдқа «Қандай әрекет жасадық?» деген сұраққа қысқаша жауап жазып, графопроектор арқылы көрсетіп, түсіндіріңіз.

Шығармашылық тапсырма

«Мәтіндік редактор — WordPad» деп жазыңыз да, интерактивті тақтада WordPad терезесінің элементтерін тізіп көрсетіңіз.

Бекіту сұрақтары

  • WordPad мәтіндік редакторының атқаратын қызметі қандай?
  • WordPad мәтіндік редакторын қалай іске қосамыз?
  • WordPad мәтіндік редакторының терезе элементтерін атаңыз.