Сөзден сөз шығару ойыны

Сабақ тақырыбы: Негізгі және туынды сын есім

Сабақ түрі: Жаңа сабақ Әдістері: сөздік, көрнекілік, практикалық

Бұл сабақ жоспары оқушылардың сын есім туралы бұрынғы білімін жүйелеп, сын есімнің негізгі және туынды түрлерін ажырата білуіне бағытталған. Оқу әрекеті ойын, жаттығу, талдау және рефлексия арқылы ұйымдастырылады.

Білімдік мақсат

Сын есім туралы түсінікке сүйене отырып, негізгі және туынды сын есімді түсіндіру, ережені шығарту.

Дамытушылық мақсат

Ой-өрісті, танымдық қабілетті және сөздік қорды дамыту; негізгі және туынды сын есімді табуға жаттықтыру.

Тәрбиелік мақсат

Тазалыққа, ұқыптылыққа баулу; туған жерді, Отанды құрметтеуге тәрбиелеу.

Көрнекіліктер мен ойындар

  • Сызба және дайындалған үлестірмелі материалдар
  • «Саяхатқа шығу» (ереже қайталау)
  • «Тамшыларды көлшікке түсір» (жіктеу және бекіту)
  • «Сөзден сөз шығару» (танымдық тапсырма)

Сабақ барысы

I. Бағдарлау-мотивациялық кезең

Сабақ музыкамен басталады: оқушылар көздерін жұмып, тынышталып отырады. Мұғалім ояту өлеңін мәнерлеп оқиды:

Оян! Оян, ботам! Жатпа қарап,
Оян, ботам! Тезірек, шапшаңырақ!
Шақырды қораз мана әлдеқашан,
Қарап тұр терезеден күн жалтырап.

Проблемалық сұрақ

«Неге тұрдың? Адам неге ұйықтай бермейді?» — деген сұрақ арқылы ой қозғау жүргізіледі.

Қорытынды ой: адамның әр күні өзіне де, өзгеге де пайдалы болуға тиіс.

«Ояндым» сөзін естігенде қандай ассоциациялар туады? Оқушылар: мектеп, күн, таң және т.б. мысалдар келтіреді.

Көзіңді аштың — не көресің?

Жарық.

Жарық қайдан келеді?

Күннен.

Күннен не аламыз?

Жылу.

Жылуды жүрекке қабылдап, жүректен тілек шығарамыз: дәптерге көркем жазумен «Т. т.» деп жазып, бір ауыз тілек жазылады. Оқушылар тілектерін кезекпен оқиды.

II. Операциялық-орындаушылық кезең

1) Көркем жазу

Дәптерге көркем жазу: Т. т.

2) «Саяхатқа шығу» ойыны (ереже қайталау)

Оқушылар қала атауы жазылған қима қағаздарды таңдап, ішіндегі сұрақтарға жауап береді.

Астана

Сөйлемнің тұрлаулы мүшелерін ата.

Алматы

Сөйлемнің тұрлаусыз мүшелерін ата.

Орал

Қандай сөз таптарын білесің?

Қызылорда

Зат есім туралы не білесің?

Семей

Етістік туралы не білесің?

Қарағанды

Сан есім туралы не білесің?

Ақтөбе

Сын есім туралы не білесің?

3) Сөйлемдермен жұмыс (талдау)

  • Ол өжет адам еді.
  • Балалардың талабы таудай.
  • Айгүл жасыл көйлек киді.
  • Данияр тәртіпті оқушы.

Тапсырма: сөйлемдерді оқып, сын есімдерді табу және сөз құрамына талдау жасау. Ұқсастығы мен айырмашылығын салыстырып, сын есім туралы қорытынды ереже шығару.

Негізгі сын есім

Түбір сөзден болған сын есім.

таза үлкен қызыл өжет жасыл

Туынды сын есім

Түбір сөзге жұрнақ жалғану арқылы жасалған сын есім.

таудай өнерлі сезгіш тәртіпті

4) Оқулықпен жұмыс

375-жаттығу: қосымшалы сөздерді көшіріп жазу (қосымшаны еске түсіру), сөз құрамына талдау жасау және қай сөз табына жататынын анықтау.

5) Сергіту сәті

Бақыт маған да ортақ,
Бақыт саған да ортақ,
Бақыт бәрімізге ортақ (қимылмен)
Біз бақытты баламыз.

Тапсырма (1-топ): осы сөйлемде сын есім бар ма? Қандай сын есім? Неліктен?

6) Танымдық тапсырма: «Сөзден сөз шығару»

«Қарапайым» сөзінен жаңа сөздер құрастыру: қар, қара, ара, апа, апай, ай, айым, ым.

7) Оқулықтан тыс тапсырмалар

Терме диктант

Сөздер: дәрігер, аласа, күн, терең, жазды, қою, бесінші, өнерлі, айтты, сұйық.

Тапсырма (2-топ): осы сөздердің ішінен сын есімдерді теріп жазу.

«Ойлан, тап» ойыны

Бос орындарды толықтыр: Кес(...)дік, жұ(...)ық, ой(...)тау, дәп(...)ме, бар(...)та, тоқ(...)дық.

Шығармашылық диктант

.................. көлде жоқ балық,
.................. көлде көп балық.
Ал, балалар, ...........................
Алып қолға ..........................

III. Рефлексиялық-бағалау кезеңі

«Тамшыларды көлшікке түсіру» ойыны

Бұлттан «жауған» тамшыларда сын есімдер жазылған. Оқушылар негізгі сын есімдерді «Негізгі сын есім» көлшігіне, ал туынды сын есімдерді «Туынды сын есім» көлшігіне орналастырады. Ойын барысында әр сөз талданып отырады.

Ал, балалар, міне, бұлт ыдырап, күлімдеп күннің көзі шықты.
Даламдай кең пейілім,
Жүрегім мол мейірім.
Мен үшін жоқ уағың,
Бәріне ортақ шуағым.

Түйін: жарқыраған күндей мейірімді, жан шуақты, көңілі ақ, адамға тек жақсылық жасай білетін азамат болыңдар.

Бағалау

Сабақ бойындағы жауап санына сай жетондар беріледі. Жетон саны бойынша қорытынды баға қойылады.

Үй тапсырмасы

377-жаттығу.

Қорытынды

Сабақты ақын Дихан Әбілевтің өлең жолдарымен аяқтауға болады (барлығы бірге):

Туған тілім — бабам тілі — өз тілім!
Туған тілім — анам тілі — өз тілім!
Туған тілім — далам тілі — өз тілім!
Туған тілім — адам тілі — өз тілім!

Туған тіліміз — қазақ тілін қастерлейік, қадірлейік.