Өлең - сөздің патшасы Ыбырай поэзиясына тоқталу

10-сынып 16 желтоқсан Тәуелсіздік күні Ыбырай Алтынсарин — 175 жыл

«Ыбырайтану әлеміне саяхат» — саяхат-сабақтың тұжырымдамасы

Бұл сабақ 16 желтоқсан — Тәуелсіздік күніне арналған «Біз тәуелсіз елдің ұрпағымыз» атты үздік сабақтар бәйгесі аясында әзірленді. Сабақтың өзегі — Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен шығармашылығын қорытындылау, оқушылардың меңгеру деңгейін сын тұрғысынан ойлау тәсілдері арқылы айқындау.

Сабақтың мақсаты

Оқушыларды сын тұрғысынан ойландыра отырып, Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен шығармашылығын қаншалықты меңгергенін анықтау.

Күтілетін нәтиже

  • Ы. Алтынсариннің өмірі мен шығармашылығын толық біледі.
  • Шығармаларын талдап, түсіндіреді.
  • Өз пікірін ашық айтып, өзгенің пікіріне құрметпен қарайды.

Сабақтың түрі

Саяхат-сабақ

Әдіс-тәсілдер

Топтық жұмыс, СТО стратегиялары, сатылай-кешенді талдау

Ресурстар

Интербелсенді тақта, презентация, бағалау парағы, А3 қағаз, түрлі түсті маркерлер

Кіріспе: ұйымдастыру және топқа бөлу

Биыл Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы мен Ы. Алтынсариннің 175 жылдығы қатар келіп отыр. Сондықтан топқа бөлуді және бүкіл сабақ құрылымын осы қос мерекемен байланыстыру ұсынылады.

Тәуелсіздік тақырыбы арқылы бөліну

Өлең жолдары оқылып, оқушылар мағынасына қарай топтарға бөлінеді:

Сәл аялдап, тағзым етпей бұл алаңнан өтпеңдер...

Желтоқсанда ызғырықтан тітіркеніп көк пен бел,

Бұл жер, қалқам, асқақ рух жарылысы өткен жер,

Қайта оянған ұлт намысы қызыл қанға бөккен жер...

М. Шаханов, «Желтоқсан алаңы»

Ыбырай мұрасы арқылы бөліну

Екінші топтастыру — Ыбырайға қатысты өлең жолдары арқылы:

Атаңды сағындым деп асығарсың,

Сабаққа көңіл бөлсең басыларсың;

Ата-анаң өнер білсең асырарсың,

Надан боп білмей қалсаң аһ ұрарсың.

Шырағым, мұнда жүрсең нетер едің?

Қолыңа құрық алып кетер едің.

«Балғожа бидің баласына жазған хаты»

Оқушылар 2 топқа бөлінеді және топ атауын өздері қояды. Мысалы: «Ыбырайдың шығармашылығы» және «Ыбырайдың ағартушылығы».

Саяхат бағыты: 7 бекет

Сабақ құрылымы «бекеттер» арқылы ұйымдастырылады. Әр бекет оқушылардың білімін нақты қырынан тексеріп, талдау және пікір айту дағдыларын дамытады.

1-бекет: Өнегелі өмір

Шолу

Слайдта берілген сызба бойынша жазушының өмірі мен шығармашылығына шолу жасалады.

  • 1-топ: Ыбырайдың шығармашылығы
  • 2-топ: Ыбырайдың ағартушылығы

2-бекет: Даталар сөйлейді

Еске түсіру

Слайдта көрсетілген жылдар бойынша Ыбырай өміріне қатысты оқиғалар еске түсіріледі.

3-бекет: Ізденген жетер мұратқа

Зерттеу

Алдын ала ізденуге берілген сұрақтар бойынша топтық жұмыс жүргізіледі.

1-топ сұрақтары

  • Ы. Алтынсариннің шыққан тегі жөнінде не білесіздер?
  • Ыбырай газет шығару ісі туралы ойластырған ба?

2-топ сұрақтары

  • Жазушының отбасы туралы қандай мәліметтер бар?
  • «Мұсылманшылық тұтқасы» кітабын жазу себептері қандай?

4-бекет: Өлең — сөздің патшасы

Поэзия
  • Экрандағы өлең үзінділерінің қай шығармаға тиесілі екенін анықтау.
  • Өлеңнің толық нұсқасын мәнерлеп жатқа айту.
  • Әр топқа бір-бір өлеңнен сатылай-кешенді талдау жасау.

5-бекет: Шешсең жұмбақ, сергисің бір уақ

Сергіту

Фольклоршы Ы. Алтынсарин жазған жұмбақтар жасырылып, жауаптары талқыланады.

1) Шешесі мәсісін кигенше, қызы Мәскеуге барып қалады.

Жауабы: түтін

2) Әкесі ұлын көтереді, ұлы бөрігін көтереді.

Жауабы: үй керегесі, уық, шаңырақ

3) Ақ қойым тұрып кетті, қара қойым жатып қалды.

Жауабы: қар мен жер

4) Құдайдың құдіреті көп тұрар, бір кесенің ішінде екі түрлі сүт тұрар.

Жауабы: жұмыртқа

5) Екі тері, екеуі де тең тері.

Жауабы: аспан, жер

6) Жол үстінде — июлі қайыс.

Жауабы: жылан

7) Кішкене ғана безер, дүниені кезер.

Жауабы: ақша

6-бекет: Әңгіме шебері

Проза

Слайдта берілген үлгі бойынша Ыбырайдың әңгімелері талданып, идеясы мен тәрбиелік мәні ашылады.

7-бекет: Ыбырай және қазіргі заман

Пікірталас

Ыбырай Алтынсариннің 175 жылдығы мен Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы — ел тарихындағы маңызы зор белестер. Осыған орай, оқушылар XIX ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген Ы. Алтынсариннің қоғамдық қызметі мен шығармашылығына XXI ғасыр жастарының көзімен баға береді.

Негізгі сұрақ

Бүгінгі таңда Ыбырай еңбегінің маңызы қандай? Оның идеяларын қазіргі өмірмен қалай байланыстыруға болады?

Бағалау және кері байланыс

Бағалау парағы арқылы оқушы өз қатысу белсенділігін және меңгеру деңгейін белгілейді: «иә» — (+), «жоқ» — (-).

Бағалау парағы

Оқушының аты-жөні: ________________

  • 1 Ыбырай шығармашылығы туралы кең мағлұмат алдыңыз ба?
  • 2 Ыбырай өміріне қатысты даталарды толық білесіз бе?
  • 3 Ыбырай өлеңдерін жатқа білесіз бе?
  • 4 Ыбырайдың әңгімелерін білесіз бе?
  • 5 Сатылай-кешенді талдау жасай білесіз бе?
  • 6 Алдын ала ізденуге берілген сұрақтарға дайындалып келдіңіз бе?
  • 7 Ыбырай шығармашылығын бүгінгі өмірмен байланыстыра аласыз ба?
  • 8 Топтық жұмыста белсенділік таныттыңыз ба?

Кері байланыс

Сабақ бойынша ойыңызды қысқаша жазыңыз:

Үй тапсырмасы

Эссе

«Ұлы ұстаз ізімен» тақырыбына эссе жазу.

Автор туралы мәлімет

Атырау облысы, №8 У. Атамбаев атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі — Бисекенова Бибігүл.

Материал Тәуелсіздік күніне арналған «Біз тәуелсіз елдің ұрпағымыз» атты үздік сабақтар бәйгесі аясында ұсынылған.