Кәрі қой ептеп сойған байдың үйі, Қай жерінде кедейдің тұрсын күйі

Абай Құнанбаев

Қараша, желтоқсан мен сол бір - екі ай —
Қыстың басы бірі ерте, біреуі жәй.
Ерте барсам жерімді жеп қоям деп,
Ықтырмамен күзеуде отырар бай.

Кедейдің өзі жүрер малды бағып,
Отыруға отын жоқ үзбей жағып.
Тоңған иін жылытып, тонын илеп,
Шекпен тігер қатыны бүрсең қағып.

Жас балаға от та жоқ тұрған маздап,
Талтайып қақтана алмай, өле жаздап.
Кемпір - шалы бар болса, қандай қиын,
Бір жағынан қысқанда о да азынап.

Кәрі қой ептеп сойған байдың үйі,
Қай жерінде кедейдің тұрсын күйі?
Қара қидан орта қап ұрыспай берсе,
О да қылған кедейге үлкен сыйы.

Қар жауса да, тоңбайды бай баласы,
Үй жылы, киіз тұтқан айналасы.
Бай ұлына жалшы ұлы жалынышты,
Ағып жүріп ойнатар көздің жасы.

Бай үйіне кіре алмас тұра ұмтылып,
Бала шықса асынан үзіп - жұлып,
Ық жағынан сол үйдің ұзап кетпес,
Үйген жүктің күн жағын орын қылып.

Әкесі мен шешесі баланы аңдыр,
О да өзіңдей ит болсын, азғыр - азғыр.
Асын жөндеп іше алмай қысылады,
Құрбысынан ұялып өңшең жалбыр.

Жалшы үйіне жаны ашып, ас бермес бай,
Артық қайыр артықша қызметке орай.
Байда мейір, жалшыда пейіл де жоқ,
Аңдыстырған екеуін құдайым - ай!

Алса да аяншақтау кедей сорлы,
Еңбек білмес байдың да жоқ қой орны.
Жас бала, кемпір - шалын тентіретпей,
Бір қыс сақта, тас болма сен де о құрлы.



Ұқсас жұмыстар

Қара өлең ұйқасы
Абай өлеңдеріндегі антонимдік жұптар
Абай Құнанбайұлының өмірбаяны
АБАЙДЫҢ ТАБИҒАТ ЛИРИКАСЫН ЗЕРТТЕУ
Абай лирикасындағы азаматтық сарын. Абайдың қара сөздері. Абай және Толстой
АБАЙДЫҢ ТАБИҒАТ ЛИРИКАСЫНА ҚАТЫСТЫ ӨЛЕҢДЕРІНІҢ ЕРЕКШЕЛІГІ
Абайдың өмірі мен шығармашылығы, шығармашылық өмірбаяны, Абай өлеңдеріндегі ғылым тақырыбы. Абайдың эстетикалық тағлымы
Қазақтың бас ақыны - Абай Құнанбаев
Абайдың барлық өлеңі
Сегізінші өлеңнің өлшеуі
ӘБДІКӘРІМ САТҰҚ ҚАРАХАН
МАХМҰД ҚАШҚАРИ туралы
СӘБИТҰЛЫ АСАНҚАЙҒЫ
СҮЙІНІШҰЛЫ ҚАЗТУҒАН
ӘСКЕНҰЛЫ ӘБІЛҚАЙЫР ХАН
САРТҰЛЫ ҚОЙГЕЛДІ
АРОНҰЛЫ СҮЙІНБАЙ
ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫ ШӘКӘРІМ туралы
БАЙТҰРСЫНҰЛЫ АХМЕТ