Сабақтың барысы. Жеті атаңды ата

Дара және күрделі сан есім

Бұл материал 6-сыныпта сан есім тақырыбын жүйелі түсіндіруге, дара және күрделі сан есімдерді ажыратуға, сондай-ақ оқушылардың ойлау белсенділігі мен танымдық қызығушылығын дамытуға бағытталған.

Сабақтың мақсаты

  • Білімдік: сан есім туралы түсінік қалыптастыру, дара және күрделі сан есімдерді ажырата білуге үйрету.
  • Дамытушылық: ойлау белсенділігін арттыру, нақты шешім қабылдауға баулу, шығармашылық ізденісті күшейту.
  • Тәрбиелік: өмір құбылыстарын танып-білуге, ұлттық өнегені бойға сіңіруге, еңбекқорлыққа тәрбиелеу.

Сабақ форматы

Түрі
Жаңа материалды түсіндіру
Әдістері
Сұрақ-жауап, ізденіс, баяндау, талдау

Құралдар мен байланыс

Көрнекілік
Электронды оқулық, интерактивті тақта, суреттер, сауалнама
Пәнаралық байланыс
Математика, тарих, әдебиет, әдеп, география, сурет

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру

  • Оқушылардың сабаққа қатысын тексеру.
  • Психологиялық дайындық жасау.

2) Жаңа сабақ: мағынаны ашу

Ребусты шешу арқылы тақырыпқа шығу: 8 − 1 6 − 1 10 − 2 7 − 2 8 − 1 7 − 4 мен − 1

Қызығушылықты ояту: «Жаңа сабақтың құпиясы»

• Бүгін қарашаның нешінші жұлдызы?

• Сендер неше жастасыңдар?

• Нешінші сыныпта оқисыңдар?

• Сыныпта қанша оқушы бар?

Осы сұрақтардағы сандар заттардың сандық және реттік белгілерін білдіреді. Зат есіммен тіркесіп, олар сан есім қызметін атқарады.

3) І деңгей: оқулықпен және тілдік материалмен жұмыс

А) Оқулықпен жұмыс (159-жаттығу, А)

Мәтін ішіндегі дара және күрделі сан есімдерді тауып, төмендегі үлгі бойынша топтастырыңдар.

Дара сан есімдер

  • жүзінші
  • бесінші
  • үшінші
  • отыз
  • он
  • жиырма
  • алты

Күрделі сан есімдер

  • мың тоғыз жүз қырық екі
  • жиырма бес
  • үш жүз он алты
  • жиырма екі
  • он үш

Ә) «Ең жақсы ойыншы»: ауыз әдебиеті және сан есім

Ауыз әдебиеті — халықтың ғасырлар бойы жинақтаған көркем мұрасы. Оның түрлері: мақал-мәтелдер, жұмбақтар, батырлар жыры, ертегілер және т.б.

Сабақ ұраны

«Білікті бірді жығар, білімді мыңды жығар».

Сан есімдер қатысқан мақал-мәтелдер

  • Ер жігіттің екі сөйлегені — өлгені.
  • Жеті атасын білген ер жетпіс жұрттың қамын жер.
  • Алтау ала болса, ауыздағы кетеді.
  • Төртеу түгел болса, төбедегі келеді.
  • Жеті атасын білмеген — жетесіз.

Жұмбақтар: шешуін тауып, сан есімдерді анықта

Жұмбақ 1

Қос қазық, екі желі, сегіз ноқта. Сөйлейді шежіредей, адам соқса.

Жауабы: домбыра

Жұмбақ 2

Көлемді, үлкен, алып, аузын ашып жүреді; он екі аяқ қадам басып. Әр бірінде отыздан бармағы бар — құтылмас ешбір адам одан қашып.

Жауабы: жыл он екі ай

Жұмбақ 3

Екі тышқан бірлесіп кесіп-пішіп береді. Екеуі бірге жүрмесе, жоқ қой бізге керегі.

Жауабы: қайшы

Жұмбақ 4

Таңертең төрт аяқты, түсте екі аяқты, кешке үш аяқты.

Жауабы: адамның сәбилік, жастық, кәрілік шағы

Жұмбақ 5

Он көзі бар өзінде, он саны бар көзінде. Көзіне саусақ саласың — жырақтан хабар аласың.

Жауабы: телефон

Жаңылтпаштар: қайталап айтып, сан есімдерді тап

1)

Үш кіші ішік піштім, бес үлкен ішік піштім. Неше кіші ішік піштім? — Үш кіші ішік піштім.

2)

Оралдан оралған олардан Омаржан оң көріп, он бөрік, тор беріп, тон алған.

3)

Қырық құлып, қырық құрық. Құрықта қырық, құлып та қырық.

4) ІІ деңгей: мәтінмен жұмыс және ұлттық таным

1) Мәтін: «Артық болмас білгенің…»

Мәтін 1

Ай — Жердің серігі. Ай Жер шарынан едәуір кіші: диаметрі жағынан шамамен 4 есе, көлемі жағынан 49 есе кіші. Ай бетінде күндіз ыстық 130°C-қа дейін жетеді, ал түнде −170°C аяз болады.

Мәтін 2

Адам ағзасында шамамен 300 грамдай тұз болады. Тұз қоры тер арқылы және басқа да жолдармен азайып, тағам құрамындағы тұзбен толықтырылып отырады. Адамға тәулігіне 10–15 грамдай ғана тұз қажет. Одан артық тұтыну зиян: артық тұз гипертония ауруын қоздыруы мүмкін.

Тапсырма

Мәтіндерден сан есімдерді теріп жазып, оларды дара және күрделі сан есімдерге бөліңдер.

2) «Білім мен дәстүр сыны» ойыны

Қазақ халқы 1, 3, 5, 7, 9, 40 секілді сандарды ырымға негіздеп, киелі деп есептеген. Төмендегі сұрақтар ұлттық танымды сан есімдер арқылы бекітеді.

  1. 1) Жеті атаңды ата: ата, әке, ата (бергі ата), арғы ата, баба, түп ата, тек ата.
  2. 2) Киелі сандар: 7, 9 (және т.б.).
  3. 3) Үш арсыз: ұйқы, тамақ, күлкі.
  4. 4) Жігіттің үш жұрты: өз жұрты, қайын жұрты, нағашы жұрты.
  5. 5) Төрт түлік: қой, сиыр, жылқы, түйе.
  6. 6) Ер қаруы — бес қару: найза, садақ, шоқпар, қылыш, айбалта.
  7. 7) Қонақтың төрт түрі: арнайы, қыдырма, құдайы, қылғыма.
  8. 8) Үш бәйтерек: Ілияс, Сәкен, Бейімбет.
  9. 9) Бес арыс: Шәкәрім, Ахмет, Мағжан, Міржақып, Жүсіпбек.
  10. 10) Саннан басталатын ұлттық ойындар: тоғызқұмалақ, алтыбақан.

Сан есімдер ән атауларында да жиі кездеседі. Мысалы: «Бір бала», «Жиырма бес», «Екі жирен», «Бір келіншек», «Он алты қыз».

5) ІІІ деңгей: эвристикалық тапсырмалар

1) Суретпен жұмыс

Суретке қарап, сан есімдерді қатыстыра отырып 1–2 сөйлем жазыңдар.

2) Сауалнама сұрақтары

  1. 1. Сан есім сөздің қай тобына жатады?

    A) Көмекші есім   Ә) Атаушы сөз   Б) Одағай

  2. 2. Күрделі сан есім қалай жасалады?

    A) Қосарлану арқылы   Ә) Тіркесу арқылы   Б) Қосарлану және тіркесу арқылы

  3. 3. «Тіл туралы» Заң 1997 жылы 11 шілдеде қабылданды. Сан есімдерді көрсет.

    A) 11 шілде   Ә) 1997 жылы   Б) 1997 жылы 11 шілде

  4. 4. «… жылы Қазақстан ауасы таза, мөлдір сулы, жасыл желекті елге айналуы тиіс» деген сөйлемде көп нүктенің орнына тиісті сан есімді қой.

    A) 2013   Ә) 2030   Б) 2035

  5. 5. «Биыл тәуелсіздігімізге 22 жыл толып отыр». Сан есім қай сұраққа жауап береді?

    A) Қандай?   Ә) Неше? Қанша?   Б) Нешеу?

3) Жеке оқушылармен жұмыс

1) «Егер мен дәрігер болсам…»

Ойтолғау жазу.

2) «Математика сабағында»

Тақырып бойынша әңгіме құрастыру.

3) «Біздің сынып»

Қысқа хабарлама жасау.

4) Тірек сөздер арқылы мәтін құрастыру

Атам мен әжем; жекеменшік мал; кезектесіп бағу; ауыл өмірі; көңілді сәттер.

6) ІV деңгей: шығармашылық тапсырма

Алда санаулы күндерден кейін 16 желтоқсан — Тәуелсіздік күні. Биыл тәуелсіз ел болғанымызға қанша жыл толатынын анықтап, «Менің тәуелсіз Отаным» тақырыбында диалог құрастырыңдар.

Сан есімнің тәрбиелік мәні: дәстүр, шешендік және санамақ

Қазақ тәрбиесінде сан есім сөз табының орны ерекше. Мәселен, 5-сыныпта «Шешендік сөздер» бөлімінде Қазыбектің тапқырлығын танып-білеміз: Бұқар жырау Қазыбек биге 1-ден 10-ға дейінгі сандардың мағынасын айтып беруді сұрайды.

Санамақ

  • Бір дегенім — білім алу.
  • Екі дегенім — елін сүю.
  • Үш дегенім — үлгілі болу.
  • Төрт дегенім — төзімді болу.
  • Бес дегенім — бірлікті болу.
  • Алты дегенім — ақылды болу.
  • Жеті дегенім — жетістікке жету.
  • Сегіз дегенім — сезіне білу.
  • Тоғыз дегенім — толғану.
  • Он дегенім — осының бәрін ойға алу.

Түйін

Осы қасиеттерді бойға сіңіре отырып, Қазыбек, Төле, Әйтеке билердей тұлғалардың ізін жалғайтын ұрпақ болу — ортақ мұрат. «Біз кімбіз?» деген сұраққа жауап: біз — бүгін білім қуған өренбіз, ертең ХХІ ғасырдың болашағын жасайтын жас буынбыз.

Үй тапсырмасы және бағалау

Үйге тапсырма

  • 160-жаттығу.
  • Дара және күрделі сан есім қатысқан мақал-мәтелдер жазып келу.

Бағалау

  • Өзін-өзі бағалау (бетше, «білім ағашы»).
  • Топтардың бірін-бірі бағалауы (смайлик арқылы).