Шәкірттер баулу

Шығармашыл жеке тұлғаны дамытудағы инновациялық технологияның тиімділігі

Ертеңгі күннің бүгінгі күннен асып түсуіне ықпал етіп, адамзат қоғамын алға жетелейтін құдіретті күш — білім. Білім беру — оқыту, тәрбие және дамытудың үздіксіз процесі.

Балалар психологы Д. Б. Элькониннің дәлелдеуінше, 3–10 жас аралығындағы балалар біріккен мәдени-білім беру кеңістігінде ортақ өмір сүріп, ортақ тәрбиеленіп, ортақ оқып-үйренуі қажет. Осыдан бастауыш сатыда баланың тілі мен ой-өрісін, қиялы мен шығармашылығын дамыту арқылы заман талабына сай жан-жақты дамыған тұлғаны қалыптастыру міндеті туындайды.

Инновация және технология ұғымдары

Білім берудің мазмұны мен құрылымы әртүрлі болуы мүмкін. Ғылым мен тәжірибеге негізделген жаңа идеялар мен инновациялық технологияларды зерттеп, іс-тәжірибеде қолдану оқу-тәрбие процесінде жеке тұлғаның дамуына жол ашады.

  • Инновация (лат. innovatis) — жаңалық, жаңаша өзгеріс, жаңалық енгізу.

  • Технология — жоспарланған нәтижеге жеткізетін объективті факторлардың жиынтығы: бағдарламаланған әдіс-тәсілдер, дидактикалық материалдар, құрал-жабдықтар және т.б.

  • Педагогикалық технология — мұғалімнің кәсіби қызметін жаңартып, жоспарланған нәтижеге жетуге мүмкіндік беретін іс-әрекеттер жүйесі.

Қазіргі оқушының бейнесі және күтілетін нәтиже

Жүйелі жоспар, нәтижелі сабақ және шығармашыл-ізденімпаз ұстаз ұйымдастырған жұмыс оқушының жаңалыққа бейім болуына ықпал етеді. Мұндай ортада әлеуметтік сұранысқа сай, өздігінен ізденетін, зерттеу жүргізетін, өзін-өзі дамытатын, белсенді әрекетке түсе білетін, тез шешім қабылдайтын, жүйелі түрде өзін-өзі бағалап, рефлексия жасай алатын мәдениеті жоғары шәкірт қалыптасады.

Ұстаным

Әр ұстаздың өмірлік ұстанымы болады. Менің ұстанымым: іздену → табу → нәтижеге жету. Нәтиже — оқушының тек білімді болуы емес, білімді өздігінен алуы және алған білімін қажетіне қолдануы. Нәтижеге жеткен соң тоқтамай, қайтадан ізденіп, дамудың үздіксіз процесінде болу маңызды.

И. Я. Лернер «даму» ұғымын педагогикалық заңдылықтарға сүйене отырып, адамның әртүрлі қиындықтағы мәселелерді шеше білуге дайындығы ретінде түсіндіреді. Мәселе неғұрлым күрделі болса, оны шешуге жұмсалатын ой еңбегі де соғұрлым ауқымды, демек даму деңгейі жоғары болады.

Л. С. Выготскийдің пікірінше, бала дамуының шарықтау шегі — тіл мен ойдың шығармашылығы. Шығармашылық адамның мақсатқа жету жолындағы талаптануы мен талпынысынан, жігері мен сабырынан, сұранысы мен ізденісінен көрінеді. Ол — ойлаудың және өз бетінше әрекет етудің жоғары формасы.

Зерттеушілік мәдениетті қалыптастыру: іс-тәжірибе

Оқу процесін жаңаша ұйымдастыру барысында оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытып, жеке-дара ерекшеліктерін ашуға мүмкіндік беру үшін инновациялық-педагогикалық технологиялармен жүйелі жұмыс жүргізіледі. Осы бөлімде зерттеушілік бағыттағы тәжірибемнің бір үлгісі ұсынылады.

«Бала — табиғатынан зерттеуші»

Бала өзін қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстарды танып-білуге ұмтылады: бақылайды, сұрақ қояды, салыстырады, қорытынды жасайды. Сондықтан зерттеушілік дағдылар тек ғылыми жұмыспен айналысатындарға ғана емес, кез келген оқушыға қажет. Бұл — тұлға қалыптасуының маңызды шарты.

Зерттеу — жаңа білімді өңдеу процесі және таным қызметінің бір түрі. Оқушы жаңа білімді дайын күйінде алмай, оны өзі «ашуға» талпынады.

Тақырыпты қалай таңдадық?

Зерттеуді бастамас бұрын проблема анықталып, оны шешу жолдары қарастырылады. Осыдан зерттеу тақырыбы туындайды. Тақырыпты айқындау үшін оқушылар арасында сауалнама жүргізілді.

Сауалнама сұрақтары

  1. Сені не қызықтырады?
  2. Ең алдымен немен айналысқың келеді? (техника, поэзия, экономика, спорт, мәдениет, табиғат, ғылым)
  3. Бос уақытыңда немен айналысасың?
  4. Қандай пәндерді қызыға оқисың? (математика, тарих, әдебиет, жаратылыстану)
  5. Немен мақтана аласың?

Сауалнама қорытындысы және негізгі проблема

Спорт

38%

Тарих

26%

Табиғат

24%

Тұлғалар

12%

Жауаптарды саралай келе, тұлғалар туралы білуге қызығушылық төмен екенін байқадық. Осыған сүйеніп, оқушыларға мынадай ұсыныс жасалды: «Неге ауылымызда туып-өскен, еңбек еткен жерлестеріміз және олардың еңбектері туралы зерттеу жүргізбейміз?» Белгілі нәрсенің белгісіз қырын табу — зерттеудің өзегі болғандықтан, бір топ оқушы қызығушылық танытып, жұмысты бастадық.

Зерттеудің мақсаты

Тілі жүйрік, замана үнімен үндесіп, көпшілік ортасында сыйлы болып, ақылшы атанған ағалардың еңбегіне өскелең ұрпақтың қызығушылығын арттыру; өлеңдерінің мәнін ашып, мазмұнын игеру; әртүрлі себептермен жарық көрмей, отбасылық кітапхана сөрелерінде сақталып келген шығармаларды жинақтап, мектеп оқушыларына, ауыл тұрғындарына және мүмкіндік болса баспасөз арқылы көпшілік қауымға таныстыру; оқушылардың поэзияға қызығушылығын күшейту.

Зерттеуді ұйымдастыру кезеңдері

«Ақын жанды — асыл ағалар» тақырыбы аясында ауылымызда туып-өскен, еңбек еткен, өмірден озған тұлғалар жайлы зерттеу жүргізілді. Ф. Беконның «Кітап оқу — білімді болуға, әңгімелесу — тапқырлыққа, естігенді жазып отыру — дәлдікке тәрбиелейді» деген ойына сүйене отырып, жұмыс жоспары жасалды. Жұмыс кезеңдерге бөлініп, орындалу мерзімі айқындалды.

1-кезең. Шығармаларды жинақтау және талдау

  • Ақын ағалардың шығармаларын жинау, шағын кітапшалар әзірлеу.
  • Оқу, негізгі идеяларын анықтау, талдау жасап, пікір білдіру.
  • Мектепішілік мүшәйра ұйымдастыру: мәнерлеп оқу, эссе жазу, арнау өлеңдер.

Оқушылардың белсенді қатысуы бұл жұмысқа қызығушылықтың артқанын көрсетті.

2-кезең. Сұхбат жүргізу

  • Отбасымен, замандастарымен, әріптестерімен, ауыл тұрғындарымен, шәкірттерімен сұхбаттасу.
  • Сұхбат материалдарын жүйелеп жазу, қолда бар деректерді жинақтау.
  • Жаңа ақпарат көздерін анықтау және нақтылау.

3-кезең. Архив материалдарын әзірлеу

  • Өмірбаян, еңбек жолы, отбасы туралы мәліметтерді жинау.
  • Фотосуреттер, бейнематериалдар, қолжазбалар, баспасөз жарияланымдарын топтастыру.

4-кезең. Шәкірт баулу және шығармашылыққа жетелеу

Поэзияға қызығушылығы жоғары, қабілетті оқушыларды шығармашылыққа баулу — зерттеу жұмысының маңызды бөлігі. Шығармашылық пен зерттеушілік ізденіс оқушы үшін екі тұрғыдан құнды:

  1. Жаңа өнімге қол жеткізеді.
  2. Ізденіс процесі нақты нәтижеге бағытталады.

Қорытынды сұрақ

Зерттеу жұмысын жүргізудің нәтижесі қандай болды? Бұл сұрақ келесі қадамдарды жоспарлау, алынған деректерді талдап, қоғамға ұсыну және оқушылардың жеке жетістіктерін бағалау арқылы нақтыланады.