Оқушыларды ізгілікке, мейірімділікке қасиеттерін дамыту
Сабақ барысы
Бұл сабақта оқушы жүректегі тыныштықты сезінуге, жақсы сөздің қуатын тануға және жақсылыққа жетелейтін нақты әрекеттерді ой елегінен өткізуге бағытталады.
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Сәлемдесу, оқушыларды түгелдеу.
- Оқу құралдарын «5Т» қағидасы бойынша реттеу және назар аударту.
Тыныштық сәті: «Күннің нұры»
Музыкамен, шамамен 7 минут
Ыңғайланып отырыңыздар, денелеріңізді түзу ұстаңыздар. Аяқ-қолдарыңызды айқастырмаңыз. Қолдарыңызды тізеңізге немесе үстелге қоюға болады. Көздеріңізді жұмуларыңызды өтінемін.
Елестетіп көріңіз: күн нұры төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай баяу түсіп келеді. Кеудеңіздің ортасында гүл түйнегі бар. Ол нұрдың әсерімен жайлап ашылады.
Балғын әрі таза гүл әр ойыңызды, әр сезіміңізді, эмоцияңыз бен тілегіңізді мөлдірлете шайып, жүрегіңіздің қабатын жұмсартады. Нұр сәулесі бойыңызға ақырын тарай бастағанын елестетіңіз — ол біртіндеп күшейеді.
Оймен нұрды қолдарыңызға түсіріңіз: қолдарыңыз нұрға бөленіп, сәуле шашады. Қолымыз тек жақсы, ізгі істер жасайды және баршаға көмектеседі.
Нұр аяқтарыңызға тарайды: аяқтарыңыз да сәуле шашады. Олар сізді тек жақсылық жасайтын жақсы орындарға апарады, нұр мен махаббаттың құралына айналады.
Нұр аузыңызға, тіліңізге тарайды: тіліңіз тек шындықты және жақсы, ізгі сөздерді айтады.
Енді осы нұрды бүкіл әлемге — барлық адамдарға, жан-жануарларға, өсімдіктерге, барлық тірі жанға таратыңыз. Ғаламның түкпір-түкпіріне нұр бағыттаңыз.
Ойша қайталаңыз: «Мен нұрлымын… Нұр менің ішімде… Мен нұрмын.»
Осы нұр, махаббат және тыныштық күйінде біраз отырыңыз. Енді нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз: нұрға толы әлем жүрегіңізде. Оны осы әсем қалпында сақтаңыз. Жаймен көзіңізді ашуға болады. Рахмет.
Үй тапсырмасын сұрау және бекіту
«Сөз құдіреті» (51–53-беттер) бойынша сұрақтар:
- 1 Жақсы сөз бен шынайы тілек адамға қалай әсер етеді?
- 2 Әжесі немересіне «жақсы сөз — жарым ырыс» дегенді қалай түсіндірді?
- 3 «Жақсылық» және «жамандық» ұғымдарын қалай түсінесіңдер?
- 4 Жақсы адамның бойында қандай қасиеттер болады?
Дәйексөз
Биік төбеге шықсаң, көзің ашылады.
Жақсымен сөйлессең, көңілің ашылады.
Тапсырма: дәйексөзді екі рет ұлдарға, екі рет қыздарға айтқызып, мағынасын талқылаңыздар. Нақыл сөздің мағынасын қалай түсінесіздер?
Әңгімелеу және пікірталас
«Жақсы сөз — жағымпаздық па?» тақырыбында пікірталас ұйымдастырылады. Оқушылар өз ойларын дәлелдеп, бірін-бірі тыңдау мәдениетін сақтай отырып әңгімелеседі.
Шығармашылық жұмыс (жеке немесе топпен)
Мәтіндерді оқып, ой бөлісіңіздер. Ұсыныстарыңызды жинақтап, жақсылыққа жету жолы туралы шағын әңгіме жазыңыздар.
I. Ұстаз айтты
Жақсы кісі — сөзі мен ісі үйлескен, айтқанын өзі ұстанатын адам. Жақсы кісі түсінуге тырысады, бірақ одан пайда іздемейді. Жай адам пайда іздейді, бірақ түсінуге тырыспайды. Сүйе де, жек көре де білетін адам ғана адамгершілігі мол кісі саналады. Адамгершіліктен ажыраған жан ұзақ уақыт кедей болып қалмауы мүмкін, бірақ шынайы молшылыққа жете бермейді.
Конфуций
II. Жақсылықтың түрлері
Жақсылық төрт түрлі болады: біріншісі — жақсылық жасауға бейім адам; екіншісі — ізгілік пен кісілік; үшіншісі — тағам, ем және пайдалы дене тәрбиесі; төртіншісі — өнер (флейтада ойнау, театр және т.б.).
Платон
III. Жұмсақ ықпал ету тәсілдері
- Адамның жақсы қасиеттерін көтермелеп, шын көңілден мойындаудан баста.
- Қателікті айтқанда, оны жанама түрде көрсет.
- Әрбір, тіпті ең елеусіз табыс үшін де мақта; сөзің шынайы болсын.
- Көтермелеуді жиі қолдан.
- Оның жақсы аты барын білдір: ол соған сай өмір сүрсін.
Дейл Карнеги
Үйге тапсырма
56-бет: «Намыс» мәтінін мәнерлеп оқып келу.
Соңғы тыныштық сәті
Енді көзімізді жұмып, осы сабақта айтылған ойлар мен жасалған әрекеттерді ой елегінен өткізейік. Айтылған барлық жақсы ойларды жүрегіміздің түкпіріне апарып орналастырайық.
Енді көздеріңізді ашыңыздар. Осымен сабағымыз аяқталды. Бүгінгі күндеріңіз қуаныш әкелсін.