Қазіргі таңда материктер біртіндеп Тынық мұхитқа қарай жылжуда

Сабақтың мақсаттары мен міндеттері

Мақсаты

Картадан материктерді, мұхиттарды, теңіздерді көрсете білу және оларды қысқаша сипаттай алу. Сондай-ақ Жердің әрбір қабығы өзіне тән заттардан тұратыны, қабықтардың үздіксіз қозғалыста болуы және табиғи құбылыстардың ерекшеліктері туралы ұғым қалыптастыру.

Білімділік

Оқушыларға Пангея, Панталасса, Гондвана, Лавразия ұғымдары туралы нақты мағлұмат беру.

Дамытушылық және тәрбиелік

Логикалық ойлау қабілетін, шапшаңдықты және географиялық ой-өрісті дамыту. Жалпы оқу дағдыларын қалыптастыру, табиғат туралы көзқарасты кеңейту, пәнге және танымға қызығушылықты арттыру. Қоршаған ортаны қорғауға баулу, дүниетаным қалыптастыру және өз бетімен оқып-үйренуге тәрбиелеу.

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Сәлемдесу.
  • Сынып тазалығын, оқушылардың қатысуын және сабаққа дайындығын тексеру.

II. Үй тапсырмасын тексеру

§13 «Ай — Жердің серігі» тақырыбы бойынша сұрақтар:

  1. Аспан денелерінің арасындағы Жерге ең жақыны қайсы?
  2. Жер мен Айдың арақашықтығы қанша?
  3. Айдың диаметрі Жердікінен неше есе кіші?
  4. Ай Жерді қанша тәулікте айналып шығады?
  5. Күн жүйесіндегі қай ғаламшарлардың табиғи серігі жоқ?
  6. Ай бетіндегі ғарышкерлердің іздері не себепті ғасырлар бойы сақталады?
  7. Толысу дегеніміз не?

III. Жаңа сабақты түсіндіру

Біздің ғаламшарымыз ядродан бастап атмосфераның жоғарғы бөлігіне дейін бірнеше қабаттан тұрады (атлас, 1-бет).

Географиялық қабық ұғымы: литосфераның жоғарғы қабаты (жер қыртысы), жер бетіндегі барлық сулар (гидросфера), атмосфераның төменгі қабаты (шамамен 20 км-ге дейін) және тірі ағзалардың өмір сүру аймағы бірігіп, біртұтас жүйе құрайды.

Географиялық қабықтың қалыптасуы нәтижесінде ірі табиғат кешендері — материктер мен мұхиттар пайда болды. Бүгінде дүниежүзінде алты материк бар: Еуразия, Африка, Солтүстік Америка, Оңтүстік Америка, Аустралия және Антарктида.

Ал мұхиттардың саны — төртеу: Тынық, Атлант, Үнді және Солтүстік Мұзды мұхит.

Материктер мен мұхиттардың тарихи өзгерісі

Жердің даму тарихында материктер мен мұхиттардың саны мен пішіні бірнеше рет өзгерген. Бір кезеңде Жер беті Пангея атты біртұтас құрлықтан және Панталасса атты алып мұхиттан тұрған.

Кейін Пангея екі ірі бөлікке — Лавразия және Гондвана материктеріне ажырады. Олардың арасында Тетис теңізі (мұхиты) қалыптасты.

Материктердің әрі қарай бөлінуі нәтижесінде Атлант, Үнді және Солтүстік Мұзды мұхиттар пайда болды. Ал Тынық мұхит — ежелгі Панталассаның сақталған қалдығы.

Қазіргі кезде материктер литосфералық тақталардың қозғалысына байланысты біртіндеп орын ауыстырып, жалпы бағытта Тынық мұхит аймағына қарай жылжып келеді.