Наурыз батыр

Атырау облысы, Исатай ауданы, Х. Наубетов атындағы орта мектептің жоғары санатты бастауыш сынып мұғалімі Нұрмашева Шарбану Насырқызы ұсынған мерекелік сабақтың үлгі-жоспары.

Сабақтың барысы

Тақырып өзегінде — Наурыздың ұлттық мәні, бірлік пен жаңару идеясы, сондай-ақ оқушылардың қатысуымен өтетін шығармашылық бөлім.

Ұйымдастыру кезеңі

1-жүргізуші

Наурыз — қазақтың шын мағынасындағы ұлттық мейрамы. 22 наурызда күн мен түн теңеліп, қыс өтіп, көктем келеді. Тіршілік жаңарып, табиғат оянады. Қазақ халқы үшін бұл — Жаңа жыл, Наурыз мерекесі.

Кел, балалар, ойнайық,
Наурыз тойын тойлайық.
Баянды боп мереке,
Қыр гүліндей жайнайық.

Оқушылар өлең жолдарының мәнін талдап, «Наурыз тойы» туралы естіген-білгендерін ортаға салады.

Наурыз мейрамы — өте ерте заманнан бері халықтар тойлап келе жатқан тұрмыстық мереке. «Нау-рыз» — парсы тілінен аударғанда «жаңа күн» деген мағына береді. Бұл туралы халқымыздың кемеңгер тұлғалары — Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов, Ахмет Байтұрсынұлы деректер жинаған.

Күн мен түн теңеледі

Табиғат ырғағы қалпына келіп, жаңа кезең басталады.

Төрт түлік төлдейді

Береке белгісі — ақ молайып, көңіл кеңиді.

Жер бусанып, көкке ілінеді

Көктемгі тіршіліктің ырысқа бастар шағы.

Осы ырыстың басын қазақ елі «Ұлыстың ұлы күні» деп атайды.

2-жүргізуші

Наурыздың мәні бірнеше қырмен айқындалады:

  • 1) Тепе-теңдік мерекесі

    Күн мен түн теңелуі — үйлесім мен әділдіктің нышаны.

  • 2) Жаңару, өсу, түлеу күні

    Адам да, табиғат та жаңа мақсатқа бет бұрады.

  • 3) Имандылық мерекесі

    Кешірімге келу, татулыққа ұмтылу — Наурыздың басты құндылығы.

  • 4) Еңбек пен береке мейрамы

    Көктемгі жұмыс басталып, ырыс-несібе артады.

  • 5) Мейірім мен қайырымдылық күні

    Көмек көрсету, қуаныш бөлісу — ортақ міндет.

Әр қанатты сөзге оқушылар өз ойларын нақты мысалмен жеткізуге талпынады.

1-жүргізуші

Ұлы күні кәрі-жас,
Құшақтасып көріскен.
Жаңа ағытқан қозыдай,
Жамырасып өсірген.

Наурыз тойы құтты болсын!

Оқушылар Наурызға «шашу» ретінде өздері білетін өлең шумақтарын оқып, мазмұнын ашады.

Оқушылардың шашуы (өлеңдер)

1-оқушы

Шапағатын аямай бұл жақта аспан,
Жадырайды әр адам мұң шақпастан.
Ой, ағайын, келіңдер! Бүгін бізде —
Наурыз көже: құрт-қатық, бұршақ қосқан.

Наурыз келсе — құт келгені, халайық!
Есік ашып, шашу шашып,
Ел боп қарсы алайық.

2-оқушы

Бүгін күн кенелді,
Жер шуаққа кенелді,
Соны тойлар ел енді.

3-оқушы

Наурыз той — салтымыз,
Көгерсін деп халқымыз,
Көшеге тал егеді.

4-оқушы

Өмір бағы жайнасын,
Бақта бұлбұл сайрасын.

5-оқушы

Күреп алтын күрекпен,
Қарды еріткен — Наурыз!
Жатыр көктем түлетіп,
Бүрлеп бақша-бауымыз.

Ұлы күні ұлыстың,
Күн мен түнді теңеген,
Тәтті дәмін ырыстың
Таттық Наурыз көжеден.

Осы тұста «Қазақы дастарқан» әні орындалады.

Көрініс: Күн Ана, Жер Ана, Көктем Ару

2-жүргізуші

Армысыз, әлемнің алтын шырағы — Күн Ана! Төрлетіңіз! Атар таңға, батар күнге тәу-тәу!

О, қасиетті Жер Ана! Алла тағаланың әмірін қалт жібермей орындап, адамзат үшін саған бас иемін. Табиғат байлығы — тау-тасыңнан, жан-жануарыңнан бастап адам баласына дейін қуаныш нұрын себу үшін, гүлді көктемді шақырғалы отырмын.

1-жүргізуші

Жыр сыйлаған, нұр сыйлаған тіршілікке,
Құтты болсын қуанышың, Ару көктем,
Шақыратын бәрімізді бірлікке.

Көктем Ару

Армысыздар, халайық! Бармысыңдар, халайық!
Наурыз тойын жұп жазбай, жылда қарсы алайық.
Өшкен шырақ жағылсын,
Көктемнің әрбір ақ таңы —
Қуанышпен, жақсылықпен ашылсын.

«Наурыз әні» орындалады.

Наурызды шақыру

2-жүргізуші

Бүгін — ұлыстың ұлы күні! Ата-бабаларымыздың сөзімен айтсақ, «ақ түйенің қарны жарылған күн». Ендеше, Наурыз мейрамының салтанатына Наурызды шақырайық.

1-жүргізуші

Наурыз келсе — құт келгені, халайық!
Есік ашып шын жүректен,
Ел болып қарсы алайық!

Күн Ана

Зарыға күткен жаңа жылым да, Наурызым келді-ау!
Жаңа жылым — жарылқа, ескі жылым — есірке.
Ұрпағым аман болсын.
Жамандық әрі кет, әрі кет!
Алас, алас! Бар бәледен қалас.
Наурыз батыр, келе ғой!

Наурыз батыр

Сәлем, анам — Алтын Күн,
Нұр шуаққа толсын күнім.
Ашық болсын аспаным,
Аман болсын жас-кәрім.

Жыл иесі — тышқаным,
Құт иесі — тышқаным,
Бақыт әкел еліме!
Құт-береке, молшылық
Дари берсін жеріме!

2-жүргізуші

Рақмет, Наурыз батыр! Күн Ана, Ару көктем — тойымызға келген қадамдарыңызға нұр жаусын!

1-жүргізуші

Жыр сыйлаған, нұр сыйлаған тірлікке,
Қастерлейік, қадіріңді білдік пе!
Құтты болсын Ұлыс күн — жұмылдырған
Бәрімізді ынтымақ пен бірлікке!

Барлығы бірге

Жарқыраған жыл нұрлы,
Жаса, Наурыз дәстүрлі!

«Наурыз келді» әні орындалады.

II бөлім: Сайыс (топтық жұмыс)

Оқушылар екі топқа бөлінеді: «Наурыз» тобы және «Көктем» тобы. Мақсат — білімді бекіту, шығармашылықты дамыту және ынтымақтастықты күшейту.

Сайыс кезеңдері

  1. 1 Топ атын қорғау.
  2. 2 Мәнерлеп оқу сайысы.
  3. 3 Өлең шумағын құрастыру.
  4. 4 Мақал-мәтелді аяқтау.
  5. 5 Ребус шешу.
  6. 6 Сөзжұмбақ шешу.

Қорытынды

Сайыс нәтижесі қорытындыланып, жеңімпаздар марапатталады. Мерекелік кеш әсем ән, би, өлең-жырмен жалғасады. Соңында көпшілікке Наурыз көже таратылып, береке-бірлік тілегі айтылады.

Негізгі ой

Наурыз — жаңару мерекесі ғана емес, кешірім, татулық, еңбек, мейірім сияқты құндылықтарды қайта жаңғыртатын ортақ рухани күн.