Таза ауа

Табиғат пен адам — егіз

Табиғат — біздің асыраушымыз да, панамыз да. Ол өмірге қуат береді, жүрекке жылу ұялатады, адамды мейірімге тәрбиелейді. Табиғатсыз өмірді елестету қиын: суы жоқ, ағашы жоқ, өзен-көлі жоқ, көркі мен сұлулығы жоқ әлем — жансыз әлем.

Сабақтың мақсаты

  • Туған өлке, оның байлығы мен алуан түрлі табиғаты туралы түсінік қалыптастыру.
  • Туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыру.
  • Табиғатты қорғауға, аялауға тәрбиелеу.

Көрнекілігі

АКТ, слайдтар.

Негізгі ой

Табиғат — адамның денсаулығының сақшысы, жанға шипа, көңілге шабыт. Оны қорғау — өз болашағымызды қорғау.

Ұйымдастыру: «Шаттық шеңбері»

Табиғат — анаға ақ тілегімізді арнайық:

«Табиғат — Анамыз таза болсын!»

«Табиғат — Анамыз көркем, сұлу болсын!»

«Табиғатымыз ұзақ жасасын!»

Қазақстан — табиғаты тұнып тұрған ұланғайыр өлке: батыста толқынды Каспийден, Жайық пен Еділ жағалауынан бастап, шығыстағы Алтайға дейін; солтүстіктегі Оралдан бастап, тәңірлі тау атанған Тянь-Шаньға дейін созылып жатқан кең байтақ жер.

Туған өлке туралы өлең жолдары

1-оқушы
Қазақстан — туған өлкем.
Жер көп пе сендей көркем.
Көрсін деп күллі әлемге,
Жалауыңды желге желпем.
2-оқушы
Көз алдыңда көгілдір тау мұнартып,
Аспанымда аққудың әні қалғып.
Құшақтап бір өзіңді, туған далам,
Жатамын көк шалғында жаным балқып.
3-оқушы
Тасып жатқан өзендер жағасынан,
Сары белде сағымдар арасынан,
Тарайды дән жұпары бар әлемге
Қазақтың қасиетті даласынан.

Мұғалімнің ой түйіні

«Туған жер», «өскен ел» сияқты жүрекке жылы сөздердің бәрі табиғат деген таңғажайып ұғыммен сабақтас. Қазақстан — көз тартар көркемдігімен, алуан сұлулығымен дараланған өлке.

4-оқушы
Кең дала көресің бе сонау жатқан,
Жібектей жасыл шөппен бетін жапқан.
Асқар тау, айдын шалқар көл мен өзен —
Әне, сол анам еді мені тапқан.
5-оқушы
Сұлу дала! Менің сүйген еркемсің,
Жаным сенен жаратылған өлкемсің.
Қандай жақсы қазақ болып туғаным,
О, туған жер — тамашасың, көркемсің.

Табиғат адам баласын дүниеге әкеліп, махаббаты мен мейірімін, күн шуағын жүрегімізге ұялатқан аяулы ана іспетті. Ол — қуат пен шабыттың, сұлулық пен әсемдіктің мәңгілік мекені.

6-оқушы
Туған жер — алтын бесік, асыл анам,
Ауаңмен, ақ сүтіңмен асыраған.
Мен дағы ұлың едім, өзің тектес,
Алысқа несібесі шашыраған.
7-оқушы
Табиғат, қызығам сан суретіңе,
Бас ием сенің алып құдіретіңе.
Тұрасың күллі әлемге нұр таратып,
Нұрлы әлемнің тірегіндей жүректеме.

Жер қойнауы — ел дәулеті

Қазақстанның қойнауында пайдалы қазбалар өте көп. «Жері байдың — елі бай» деуі де сондықтан. Табиғаттың басты байлығы — жер. Қазақстан 272 млн гектар аумақты алып жатыр, соның 222 млн гектары ауыл шаруашылығына жарамды. «Күте білсең, жер жомарт» деген дана сөз бекер айтылмаған.

8-оқушы
Қазына қара жерде дейді қазақ,
Күн көрген осы жерден біраз алып.
Жер-анаға үзіліп кете алмаған,
Кемеңгер небір дана, небір алып.
9-оқушы
Кен айтады ел мен жұртың өлшемін,
Кенде жатыр күн қуат пен мол сенім.
Кенің бар ма? Жоқ болса — жарлысың.
Кенің болса, келешегің зор сенің.
10-оқушы
Топырақтан өмір иісі шығады,
Оны денең тиіп кетсе, ұғады.
Еңбегіңді есесімен беретін
Жақсылық та топырақтан шығады.

Хор

«Туған жер»

Жасыл әлем және таза ауа

Табиғат байлығының бір тобы — жер бетінің сәулеті, ел дәулеті саналатын жасыл әлем. Орман-тоғай, жайлау, түкті кілемдей құлпырған дала — бәрі де өмірдің сәні. Тіршіліктің өмірлік өзегі, аңсар арманы — таза ауа.

11-оқушы
Арқаның кербез сұлу Көкшетауы,
Дамылсыз сұлу бетін жуған жауын.
Жан-жақты ертелі-кеш бұлттар келіп,
Жүреді біліп кетіп есен-сауын.

Сексен көл Көкшетаудың саясында,
Әрқайсысы алтын кесе аясында.
Ауасы дертке дауа, жұпар иісі —
Көкірек қанша жұтса, тоясың ба?
12-оқушы
Баянауыл басынан бұлт аумайды,
Көл бетінде күлімдеп нұр ойнайды.
Алматыдан алыстау демесеңіз,
Алатаудан Баянның бір аумайды.
13-оқушы
Тіршілікте не ғой дейсің ең қымбат?
Тіршілікте адам қымбат, сен қымбат.
Ал адамға ауа қымбат бәрінен —
Ауа қымбат, алатын дем қымбат.

Тағы да ойланайық: табиғаттың суы, ағашы, өзен-көлі, көркі болмаса — өмір қандай күйге түсер еді? Табиғатты қорғау — күнделікті дағдыға айналуы тиіс жауапкершілік.

Көрініс: Табиғат емшілері

Қатысушылар: Күн, Ауа, Су, Жер-ана, Оқушы.

Оқушы

Ей, адамдар, күн мен гүлден жаралған! Ыстық сезім — шуақ, содан таралған. Тіршіліктің иесі — Жер-ананы ұмытпаңдар!

Жер-ана

Балалар, адамның денсаулығынан асқан байлық жоқ. Сондықтан денсаулықтарыңды табиғат емшілеріне сүйеніп нығайтуды ұмытпаңдар.

Күн

Нұр сәуле — шуағым, беретін қуатым. Ұлы емші боламыз, бізден күш аласыз. Жылытып, қыздырып, нұрыма бөленіңдер — алтындай шуағым сырқатты қуады.

Ауа

Жер шары — ұлы әлем, қоршаған біздерді. Ауадан тыныс алып, өседі ырыс-бағың. Денсаулық — дауада, демге күш — ауада.

Су

Сусын да — ем, сергітер нәр. Жуынсаң — жаңғырарсың: су — өмірдің жүрегі, денсаулықтың тірегі.

Оқушы

Уа, Жер-ана! Мөлдір су! Таза ауа! Алтын күн! Дені сау ұрпақтың қалыптасуына тағы не керек?

Жер-ана

Денсаулығың мықты болуы үшін тұрақты, мәнді әрекет керек: дене жаттығуын жасау, табиғи тағаммен қоректену, таза ауада демалу және жерің мен табиғатыңды қорғау.

Тапсырма

Серуенге шыққанда көрген-білгендеріңді әңгімелеп беріңдер: табиғаттың мағынасын ашып, өз ойларыңмен толықтырыңдар.

Қорытынды: Табиғатты қорғау — болашақты қорғау

Ой қозғау

Туған жер табиғаты қандай болса екен деп ойлайсыңдар?

Жүректен жүрекке

Саялы ағаштар көбейіп, табиғат-ана жап-жасыл болсын. Күніміз жайнап, аспанымыз ашық болсын. Гүлдер жайқалып өссін. Сендер де күндей күлімдеп, гүлдей жайнап, ағаштай биік, судай таза болып өсіңдер.

Есте сақтайық

  • Табиғатты таза ұстау — әр адамның күнделікті міндеті.
  • Су, ауа, жер және күн — тіршіліктің тірегі.
  • Туған жерді сүю — оны қорғаудан басталады.