Кесте тігетін жіп
Кіріспе
Қоғамның қазіргі кезеңде мектеп алдына қойып отырған негізгі міндеті — жастарға әлемдік ғылым мен прогресс деңгейіне сай білім мен тәрбие беру; олардың рухани байлығын, мәдениеттілігін, ойлау қабілетін және инабаттылық қасиетін дамыту. Сонымен бірге әр адамның кәсіби біліктілігін, білімділігін және іскерлігін арттыру да — маңызды талап.
Бұл міндетті жүзеге асыруда көптеген іс-шаралар атқарылып келеді, оны көпшілік қауым, әсіресе педагогтер, қолдайды. Қазақстан Республикасының Білім министрлігінің тәлім-тәрбие тұжырымдамасында ұлттық мәдениет пен өнер негізінде жан-жақты тәрбие беру, сұлулық пен тазалыққа баулу, сондай-ақ жалпыадамзаттық рухани игіліктерді бағалай білуге тәрбиелеу мәселелері қарастырылған.
Ұлттық мұраны сақтау, дәстүр мен салттың, қолөнердің озық қырларын жас ұрпақ бойына сіңіру — саналы, еңбекқор азамат қалыптастырудың берік негізі.
Қоғам байлығының бәрі де адам еңбегімен жасалады. Сондықтан жалпы білім беретін мектептерде ұлттық қолөнерді оқу-тәрбие үдерісіне терең енгізе оқыту — бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Технология сабағында оқушылар еңбекке баулынады, білім алады, алған білімін қабілетімен ұштастырып, өз қолымен түрлі бұйымдар жасауды үйренеді. Қажетсіз көрінген затты да пайдалы бұйымға немесе әсем сыйлыққа айналдыруға дағдыланады.
Еңбек барысында адам бір сәт өз-өзімен қалып, көңіл күйі орнығып, шаршағаны басылады. Бұл жинақтағы материалдар арқылы оқушылар тігіс түрлерін, жіппен бейнелеу өнерін (изонить), қағазбен жұмыс істеуді, тоқу мен бисер тоқуды, сондай-ақ аспаздық бөлімінде салат түрлерін әзірлеуді меңгереді. Сонымен бірге қолөнерге қатысты атаулардың түсіндірме сөздігі мен пайдалы кеңестер беріледі.
Жинақ көмекші құрал ретінде технология пәні мұғалімдеріне арналған. Оқушының алған білімі алдағы өміріне жол ашып, қабілеттерін дамытуға ықпал етеді.
Сабақ тақырыбы: Шым кесте тігу
Мақсаты
Шым кесте тігумен таныстыру.
Білімділік
Кесте түрлерімен және кесте өнерінің тарихымен таныстыру.
Дамытушылық
Шым кестені орындау техникасын меңгерту, қол икемділігін дамыту.
Тәрбиелілік
Қолөнерді үйрену арқылы ата-баба кәсібін жалғастыруға және құрметтеуге тәрбиелеу.
Көрнекіліктер
- Суреттер
- Тірек сызбалар
- Үлгілер
- Дайын бұйымдар
Құрал-жабдықтар
- Ине, жіп
- Қайшы
- Мулине
- Кесте кергіші
- Сурет
- Көшіргіш қағаз
- Қарындаш
- Мата
Пәнаралық байланыс
- Еңбек
- Сызу
- Қазақ тілі
- Математика
Сабақ барысы
I. Ұйымдастыру
- Қарсы алу, сәлемдесу.
- Оқушыларды түгендеу.
- Сабаққа дайындықты тексеру.
II. Жаңа сабаққа кіріспе: сөзжұмбақ
Оқушылардың назарын сөзжұмбаққа аудару арқылы тақырыпты ашу ұсынылады:
- 1.Киім тігетін орын.
- 2.Қиюға арналған құрал.
- 3.Саусаққа киілетін зат.
- 4.Кесте тігуге арналған құрал.
- 5.Кесте тігетін жіп.
- 6.Қолөнердің бір түрі.
- 7.Иненің үлкен түрі.
- 8.Кесте тігетін құрал.
Сөзжұмбақтың шешімі: «Шым кесте».
III. Жаңа сабақты түсіндіру
Бүгінгі сабақтың тақырыбы — шым кесте. Кесте мата бетіне шым сияқты төселіп тігілетіндіктен осылай аталады. Шым кестенің ерекшелігі — беті мен астарының біркелкі, жинақы көрінуі; жұмыс барысында тігістің екі жағында да түйін қалдырмауға мән беріледі.
Кесте түрлері
Атлас кесте
Жұмсақ, тегіс бет түзейтін тігістерге негізделеді.
Ришелье кесте
Оюды ойып, жиектей тігу элементтерімен орындалады.
Санамалы кесте
Айқас, өткірме, қиял сияқты түрлерді қамтиды.
Кесте — мата бетіне түсірілген сурет нұсқасын жіппен толтыру арқылы орындалатын қолөнер түрі.
IV. Жұмыстың орындалу реті
- 1. Мата бетіне көшіргіш қағаздың көмегімен суретті түсіру.
- 2. Матаны кергішке тегістеп, бірқалыпты керу.
- 3. Жіпті инеге сабақтап, салынған өрнек ізімен кестені бастау.
- 4. Кестенің бетінде де, астарында да түйін қалдырмау.
- 5. Мата жіп арасынан көрініп қалмауына мән беру.
- 6. Жіпті қатты тартпай, еркін әрі біркелкі жатқызу.
- 7. Қауіпсіздік ережелерін еске түсіру және жұмыс барысында сақтау.
V. Сабақты бекіту сұрақтары
- 1) Кесте дегеніміз не?
- 2) Кестелеудің қандай түрлері бар?
- 3) Жұмыс барысында қандай қиындықтар кездесті?
VI. Оқушылар жұмысын бағалау
Бағалау барысында жұмыстың тазалығы, тігістің біркелкілігі, өрнектің дәлдігі, қауіпсіздік ережелерін сақтау және уақытты тиімді пайдалану критерийлері ескеріледі.
VII. Үй тапсырмасы
Басталған жұмысты үйде аяқтап, келесі сабақта дайын күйінде алып келу.