Әрдайым көшеде жүру ережесін сақта

Сабақ тақырыбы

Автор және шығарма

Қабдеш Жұмаділов — «Адасқан бала»

Сабақтың түрі

Дамытушылық сабақ

Пәнаралық байланыс

Қазақ тілі, жолда жүру ережесі, әдеп

Сабақтың мақсаты

1) Білімділік

  • Оқушыларды мәтін мазмұнымен таныстыру.
  • Оқу дағдыларын жетілдіру: саналы түсіну, дұрыс оқу, негізгі ойды анықтау.
  • Түсінгенін жүйелі түрде баяндауға үйрету.

2) Дамытушылық

  • Көркем сөздерді меңгерту, жаңа сөздер арқылы ой-өрісті дамыту.
  • Тіл байлығын, сөздік қорды толықтыру; танымдық қабілетті арттыру.
  • Шығармашылық қиялды жүйелеу, ойды тұжырымдау, дәлелдеу, қорытындылау, сараптау дағдыларын қалыптастыру.

3) Тәрбиелік

  • Жақсы білім алуға және алған білімді өмірде қолдануға тәрбиелеу.
  • Қамқорлыққа, тапқырлыққа баулу.

Әдіс-тәсілдер және құралдар

Сабақтың әдістері

әңгімелеу сұрақ-жауап ой түйіндеу рөлге бөліп оқу деңгейлеп оқыту

Көрнекіліктер

  • оқулық, суреттер;
  • графопроектор;
  • қима қағаздар;
  • оқушылар жетістіктері мен шығармашылық жұмыстар көрмесі.

Ескерту: Сабақ құрылымы «жол белгілері» тапсырмалары арқылы кезең-кезеңімен ұйымдастырылады.

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Мұғалім оқушылармен бірге көшеде жүру ережелерін еске түсіреді: оларды қайдан және қалай үйренгенін талқылайды (сабақтардан, арнайы онкүндіктен, кітаптардан, отбасымен жол жүргенде).

Ұйымдастыру идеясы

Бүгінгі сабақта жол белгілері арқылы берілетін тапсырмалар орындалады. Сонымен қатар, сынып топқа бөлініп, топтық жұмыс жүргізеді. Әр топ өзара ақылдасып, топ басшысын сайлайды.

II. Психологиялық дайындық

Жылу алған талайлар — Алтын күнде арай бар. Қонақ болып келген бізге, Армысыздар, апайлар! Өсіріп ой сананы, Үйренеміз жаңаны. Бүгін бізде кезектегі Ана тілі сабағы.

III. Бірінші «жол белгісі» тапсырмасы: ассоциациялар қатары

Графопроектор арқылы берілген тармақтарды оқып, жауап беру. Тапсырмалар үй жұмысына қатысты бөлімдерді еске түсіреді.

A

  • Үй жұмысына берілген әңгіменің тақырыбы.
  • Арғынның атасының көңіл күйі.

B

  • Арғынның өтініші.
  • Атасының жауабы.

C

  • Бүлдіргенге тойған бала.
  • Арғынның атасына көрсеткен көмегі.

D

  • Ауладағы әңгіме.
  • Әңгімеде сөз етілген салт-дәстүр.

IV. Екінші «жол белгісі» тапсырмасы: негізгі ойды түйіндеу

Әр топтан бір оқушы 2–3 сөйлеммен үй жұмысының мазмұнын қорытындылап, мәтіннің негізгі ойы мен идеясын айқындайды.

V. Үшінші «жол белгісі» тапсырмасы: кіріспе–көпір кезеңі

а) «Баланың тоқымқағар тойы»

Салт-дәстүрдің мәні ашылады: баланың өсу кезеңдерімен байланысты тәрбиелік әрі қоғамдық маңызы талқыланады.

ә) Баланың тәрбиесіне қатысты басқа қандай тойларды білеміз?

«Шілдехана», «Бесік тойы», «Тұсаукесер», «Тілашар», «Атқа мінгізу», «Сүндет той», «Тоқымқағар».

Мұғалімнің қорытындысы: қазақ халқында той көп, ал аталғандары — баланың жас ерекшелігіне сай өткізілетін тәрбиелік дәстүрлер.

VI. Ой ашар: жаңа тақырыпқа бағыттау

Өткен тақырып — баланың ел болашағы, отбасының мақтанышы екені. Бүгінгі тақырып та бала тағдырына қатысты. Оқушылар Қ. Жұмаділовтің «Адасқан бала» әңгімесімен танысады.

Төртінші «жол белгісі» тапсырмасы

  • а) Автор туралы мәлімет (оқушылардың жинаған деректері).
  • ә) Графопроектордағы тірек сызбаны талдау.

VII. Мағынаны тану: мәтінмен жұмыс

Бесінші «жол белгісі» тапсырмасы графопроектор арқылы ұсынылады. Оқу мен талдау жұмыстары топтық форматта орындалады.

Оқу кезеңдері

  • а) мәтінді іштей оқу;
  • ә) мәтінді тізбектей оқу;
  • б) мәтінге жоспар құру.

Талдау кезеңдері

  • в) бөлімдер бойынша сөздік жұмыс жүргізу;
  • г) мәтіннен диалогты тауып, рөлмен оқу.

Бағдарлаушы сұрақтар

  • Мәтіннің негізгі кейіпкерлері кімдер?
  • Басты кейіпкер неше жаста?
  • Сендер өз іні-қарындастарыңды қалай еркелетесіңдер?

VIII. Сергіту сәті: «Поэзия минуты»

Омарова Жанар мен Сүлейменова Каринаның өздері шығарған өлең жолдарын тыңдай отырып, оқушылар алдарындағы суреттерден құрастыру жұмысын орындайды.

IX. Алтыншы «жол белгісі» тапсырмасы: I деңгей

Әр топқа тест тапсырмалары таратылады. Топ басшылары тапсырмаларды алып, орындауды ұйымдастырады.

A

  1. Халық ауыз әдебиетінің түрлерін ата.
  2. «... ақ киізге отырғызып көтеріп, ел басқарған сұлтандар ...» үзіндісінде кім туралы айтылған?
  3. Монолог дегеніміз не?

B

  1. Үзінді қай жанрға жатады, және кімге қатысты? «... ешбір дұшпан басынбаған елміз ...»
  2. Торғай өңірінде алғаш мектеп ашқан кім?
  3. Қымыз туралы не білесің?

C

  1. «Жақсы байқап сөйлер, жаман шайқап сөйлер» — мағынасына қарай қай топқа жатады?
  2. Кейіптеу дегеніміз не? Мысал келтір.
  3. «Тасбақаның шөбі» әңгімесінің авторы кім? Осыған қатысты қандай халық ырымын білесің?

D

  1. Қазақ қызының сұлулығы суреттелген шығарманы ата.
  2. «Күш біріктіріп, патша өкіметіне қарсы ...» деген кімнің сөзі?
  3. Қарабатырды құтқарған құсты ата.

X. Жетінші «жол белгісі» тапсырмасы: II деңгей

A

«Адасқан бала» мәтініндегі басты кейіпкерге мінездеме бер.

B

Жәнібектің жоғалуына кім кінәлі деп ойлайсың? Дәлелде.

C

Жәнібек көшеде жүру ережесін біле ме? Оған кім үйретеді?

D

Жол полициясы қызметкері мен Жәнібек арасындағы әңгімені сахнала.

XI. Сегізінші «жол белгісі» тапсырмасы: III деңгей

A

Мәтіннің негізгі ойы мен идеясы қандай?

B

«Ұқсайсың жас балаға» — қандай көркемдегіш құрал?

C

Сөйлемдерден басқа тілдерден енген сөздерді тап:

Троллейбуста адам аз екен. Ақыры ол қалалық милицияға телефон соқты.

Таяуда ипподромнан көргендей құлдыраңдап шапқылап, үйді айналып шықты.

Жако сияқты екі-үш «атты» подъезге кіргізді. Сол оймен тротуарға түсті де, жүгіре жөнелді.

Фамилияң қалай? Неше рет қайталаса да сержант ештеңе түсінбеді. Ал адресіңді айтшы.

— Бассейнге барып шомылайық, — деді Алеша деген көк көз сары бала.

D

Бәріміздің кішкентай іні-қарындастарымыз, сіңлілеріміз бар. Олардың Жако сияқты қиындыққа тап болмауы үшін не істер едің? (Топ мүшелері бір сөйлеммен өз ойын айтады.)

Сабақтың тәрбиелік өзегі: қауіпсіздік және жауапкершілік

Мұғалім сұрағы

Сендер келешекте адамға да, қоршаған ортаға да зияны тимейтін қандай машиналар ойлап табар едіңдер?

Оқушылар жауабы

Бумен, ауамен, күн сәулесімен, батареямен жүретін машиналар ойлап табар едік.

Қорытынды сұрақ

Жолда жүру ережелерін қадағалап, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға атсалысатын мамандық иелері кімдер?

Жауап: жол полициясы қызметкерлері.

Жол полициясы қызметкерінің үндеуі

Сәлеметсіңдер ме, балалар! Естеріңде болсын: көше қауіпті жағдайларға толы. Әрдайым жолда жүру ережесін сақта. Өз достарыңа, іні-қарындастарыңа жол мен көше заңдарын үйрет. Себебі үлкен де, кіші де — жаяу жүргінші де, жүргізуші де — жол ережесін жақсы білуі керек. Егер жол-көлік оқиғасына куә болсаң, ешқашан саспай, үлкендерді көмекке шақыр.

Мұғалімнің қорытынды сөзі

ХХІ ғасырда Қазақстанды әлем танып, өркениетті елдердің қатарына қосу бағытында маңызды қадамдар жасалуда. Егемендік жылдарында ел дамуы жаңа қарқын алып, экономикалық реформалар жүзеге асты.

Алдағы мақсат — білім мен ғылымды дамытып, бәсекеге қабілетті елдердің қатарынан көріну. Бұл үшін рухани-мәдени құндылықтарды жаңғырту, саналы серпіліс жасау — ортақ міндет.

Қазақ халқы білім мен мәдениеттен кенде болмаған. Бұған сыныптағы оқушылардың жетістіктері мен шығармашылық жұмыстар көрмесі де дәлел. Дегенмен, әр дәуірдің өз талабы бар: тәуелсіз Қазақстанның болашағы — кемел білім мен кенен ғылымда.

XII. Бағалау

Оқушылардың мәтінді түсінуі, топтық жұмысқа қатысуы, деңгейлік тапсырмаларды орындауы және сөйлеу мәдениеті бойынша бағаланады.

XIII. Үй жұмысы

Үй тапсырмасы мұғалімнің нұсқауына сәйкес беріледі: мәтінді оқып келу, жоспар бойынша мазмұндау және қауіпсіздік тақырыбында қысқа ой-толғау жазу.