Оқушылар жолда жүру ережесімен таныстыңдар
Сынып сағатының тақырыбы
«Жол тәртібін жадыңда ұста!»
Сабақтың түрі
Топтық, ұжымдық (сайыс сабақ).
Әдістері
Сұрақ-жауап, көрнекілік, ойын, талдау-жинақтау, сахналау.
Көрнекіліктер
Интерактивті тақта, бағдаршам, жол белгілері, ескерту сөздері жазылған плакаттар, макеттер.
Сабақтың мақсаты
Негізгі мақсаттар
- Оқушыларға көше қозғалысы ережелерін меңгерту.
- Жолда жүру ережесін есте сақтап, білімді қолдануды тұрақты дағдыға айналдыру.
- Жол ережелерін бұлжытпай орындауға және сақтыққа тәрбиелеу.
Білімділік
Жолда жүру ережелері туралы білімді толықтыру және оны іс жүзінде қолдануға үйрету.
Дамытушылық
Ережелерді ойда сақтауды және дұрыс шешім қабылдауды дамыту.
Тәрбиелік
Тәртіптілікке, сақ болуға, көшеде өзін дұрыс ұстауға тәрбиелеу.
Кіріспе: сақтық — ортақ міндет
Өлеңмен бастау (Шөмішбай Сариев)
Арманға алдан күткен асығамыз,
Біз қалай толқын атпай басылармыз.
Жол жүру ережесін жақсы біліп,
Сақтықта тұра алатын жас ұланбыз.
Жалғайтын достастырып бар елменен,
Жолдардан тұрады ғой әлем деген.
Бүгінгі бізге келген қонақтарға,
Алдымен беріледі сәлем деген.
Еліміздің барлық қала мен ауылдарына ортақ көше қозғалысы ережелері енгізілген. Бұл ережені оқушылар да, ересектер де, көлік жүргізушілері де қатаң сақтауы керек.
Өкінішке қарай, көптеген оқушылар жолда жүру ережелерін толық білмейді, ал кейбірі біле тұра жаяу жүргіншіге арналған міндеттерді орындамай жатады. Жол тәртібі бұзылғанда, адам өмірі мен денсаулығына қауіп төнеді: біреулер жарақат алса, біреулер қайғылы жағдайға ұшырауы мүмкін.
Маңызды ой:
Әрбір оқушы жол ережесін мұқият меңгеріп, әр сабақтан қорытынды жасап, күнделікті өмірде ұстануға міндетті. Үлгілі, тәртіпті оқушы көшеде заңды бұзбайды.
Қай көше, қай қалаға барсаң да,
Қай ақыл өлшеміне салсаң да,
Жолда жүру ережесі — заңды тәртіп,
Ол ортақ үлкен-кіші баршамызға.
Топтық сайыс: екі команда
I топ: «Бағдаршам»
Ұраны: Тоқта! Сақтан! Жол ашық! Жүрме жолға таласып.
II топ: «Жол белгілері»
Ұраны: Үйрен, таппай тыным бір — белгілердің тілін біл!
I топ: «Бағдаршам» — қысқаша тарих
Мұғалім:
Балалар, бағдаршамды кім ойлап тапқанын білесіңдер ме? Ендеше, тыңдайық.
Гүлжаһан:
Алғашқы бағдаршам теміржол бойында пайда болған. Оны алғаш ойлап тапқан адамның есімі тарихта сақталмаған. Ал көше қиылысына бейімдеп, қайта жасаған ағылшын инженер-механигі Д. Найт. Ол 1868 жылы Лондондағы Парламент үйінің алдына бағдаршам орнатқан.
Жұлдыз:
Алғашында түрлі түсті сигналдар қайыс берілістің көмегімен өзгертіліп отырған. Кейін аппараттың ортасына газды шам орнатылған. Өкінішке қарай, бірде газ жарылып, кезекте тұрған полицей қаза болып, содан бағдаршам ұзақ уақытқа ұмыт қалған.
Ұлжан:
Тек 1914 жылы АҚШ-тың Кливленд қаласында, кейін Нью-Йорк және басқа қалаларда электрлі бағдаршамдар пайда бола бастады. Әуелі екі түсті ғана (қызыл және жасыл) қолданған. 1918 жылдан бастап үш түс енгізілді. Кеңес Одағында алғашқы бағдаршам 1924 жылы Мәскеуде (Кузнецк көпірі мен Петровка көшелерінің қиылысында) орнатылған.
Ғалымжан:
Бағдаршам — өмірімізді қауіптен сақтайтын көмекші. Оның «сиқырлы» әмір сөздерін түсіну бәрімізге қажет:
Менің үш көзім бар,
Бір көзім «кідір» дейді,
Бір көзім «жүгір» дейді,
Бір көзім «абайла» дейді,
Қарап қалма маңайға дейді.
Думан:
Көреген, дәу, қырағы —
Көшемізде тұрады.
Ол бергенде команда,
Бағынамыз әманда!
Ашса кезек үш көзін,
Айтты деп ұқ үш сөзін:
Тоқта! Сақтан! Жол ашық!
Қанағат:
Жүрме жолға таласып.
Қызыл көзін ашқанда —
Сынық сүйем баспа алға.
Сары көзін ашқанда —
Қарап қалма аспанға.
Жасыл көзін ашқанда —
Өте бергін, жасқанба!
Сәуле:
Тарихқа көз жүгіртсек, қозғалысты реттеу қажеттілігі көлік аз кезде-ақ туған. 1868 жылы Лондонда қолмен алмастырылатын теміржол бағдаршамы орнатылып, оны ауыстыратын арнайы адам тұрған. Бұл көп уақыт алатын болған. Кейінірек электрлі түрлері пайда болды.
Райхан:
Бүгінде бағдаршамдар электронды жүйелер арқылы басқарылады және Қазақстанның барлық ірі қалаларында орнатылған.
II топ: «Жол белгілері» — белгілердің тілі
Әділхан:
Үйрен, таппай тыным бір — белгілердің тілін біл.
Егер оны білмесең, тартар жолың бұлыңғыр.
Өзі қызыл, үшбұрышты ескерту — мен болам,
Хабарлайтын бар қауіпті оң сапарға жолдаған.
Маған қарап жүрсе жүргізуші, жаяу да —
Жолы болып, сәтсіздікке ешқашанда қалмаған.
Нұрдана:
Мен бәріне әрқашанда тыйым салып тұрамын,
Қайда болса алда тұрып, жібермеймін бір адым.
Түсім қызыл, өзім шеңбер сызық болып бітемін,
Осы жолы үндемейін — бар ма тағы сұрағың?
Айдана:
Жолдар қиылысында қалтарысып қысылма.
Көлденеңнен жол болса, кібіртіктеп тоспа оны.
Бос болмаса алайда — сақтық жаса, абайла:
Қалмас үшін соқтығып, ол өткенше тос тұрып.
Нұрсұлтан:
Сақтандыру белгісі — қып-қызыл үшбұрыш: қауіптен сақ бол деп, сәт-сапар жолдаған.
Гауһар:
Тыйым салу белгісі — қызылмен боялған шеңберім. Мен тұрған жерде жүруге болмайды: қауіп бар, жан-жағыңа мұқият қара.
Дидар:
Міндеттеу белгісі жылдамдық пен бағытты көрсетеді: міндетті бұрылыс болуы мүмкін. Жол үстінде шартты міндетті түрде орында!
Жаңылсын:
Нұсқау белгісі баратын жердің бағытын, тұрағын көрсетеді. Үн-түнсіз жол сілтеп тұрады; көк түсті төрт бұрыш болып келеді.
Ойын: «Бағдаршам»
Ойын жүргізушісі үш түсті кезекпен көрсетеді. Мақсат — оқушылардың жинақылығын, жылдам реакциясын бақылау.
Жасыл
Балалар жүргендей болып, орнында аяқтарын қозғалтады.
Сары
Ду қол шапалақтайды.
Қызыл
Қозғалмай, бір орында қалады.
Қызыл көзін ашқанда — сынық сүйем баспа алға.
Сары көзін ашқанда — қарап қалма аспанға.
Жасыл көзін ашқанда — өте бергін, жасқанба!
Сергіту сәті
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Жол полициясы комитетінің тапсырысы бойынша жасалған «Жолдос көмекке асығады» мультфильмін тамашалау.
Жұмбақтар мен викторина
Жұмбақтар
-
Арқаным бар тым ұзын,
Ала алмайсың бір үзім.
Ақылға салып ойланып,
Тапшы мұны пысығым.Жауабы: жол
-
Бір тұлпар, су ішпейді, жем жемейді,
Ескеріп ешбір адам емдемейді.
Жүк емес — жүз адам да мінеді,
Шылбырын сымға байлап тез жөндейді.Жауабы: трамвай
-
Бұйырмапты бас та, ауыз да, құлақ та,
Бақырайған үш көзі бар бірақ та.Жауабы: бағдаршам
Викториналық сұрақтар
- 1) Жолаушылар дегеніміз кімдер?
- Кез келген көлік түрін пайдаланатын адамдар.
- 2) Бағдаршам дегеніміз не?
- Жол қозғалысын реттейтін, автоматтандырылған жүйеге қосылған үш түсті белгі беретін құрылғы.
- 3) Велосипедпен жолмен неше жастан бастап жүруге болады?
- Жол бойымен 14 жасқа толған балаларға рұқсат етіледі.
- 4) Жиекжол жоқ жерде қалай жүру керек?
- Жиекжол жоқ болса, жолдың шетімен, қозғалыс бағытына қарсы бағытта жүрген дұрыс (әсіресе ауылдық жерде). Бұл келе жатқан көлікті алдын ала көруге көмектеседі.
Қорытынды
Қымбатты оқушылар! Бүгін сендер жолда жүру ережелерінің маңызын қайталап, білімдеріңді ойын, жұмбақ және сұрақ-жауап арқылы бекіттіңдер.
Есте сақтайық:
Жол ережесін әрқашан жадыңда ұстап, бұлжытпай орында. Сақ жүр — аман жүр!
Балалар, жол ережесін сақтаңдар! Аман жүріңдер!
Ән: «Әрқашан жолың болсын!»
Көңіліміз күндей күліп,
Жүректерде гүлдейді үміт.
Өмір сүру мүмкін емес
Жол тәртібін білмей тұрып.
Әрқашан жолың болсын!
Жаныңа шаттық толсын!
Қасыңда болсын анаң,
Болайық біз де аман.
Балғын жаспыз, жас ұланбыз,
Гүл боп жаңа ашылғанбыз.
Жол тәртібін есте сақтап,
Болашаққа асығамыз!