Есептің құрамдас бөліктерін ата
Қысқа мерзімді жоспар: Математика (1-сынып)
Бұл сабақта оқушылар тірек сызбаларды (схемаларды) пайдалана отырып есептің шартын талдауды, тура және кері есептерді ажыратуды, сондай-ақ белгісіз санды □ таңбасымен белгілеуді үйренеді.
Оқу мақсаттары
Қатынастар мен таңбалар
1.4.1.2 — Сандар мен шамалар арасындағы қатынастарды =, ≠ (қажетті таңбаларды) қолдану арқылы көрсету.
Өрнектерді жазу және есептеу
1.4.1.5 — Сандық өрнектердің мәнін есептеуде +, −, = таңбаларын дұрыс қолдану.
Есептерді талдау және кері есеп құрастыру
1.4.1.9 — Қосынды мен қалдықты табуға берілген есептерді талдау, шығару және берілген деректер бойынша кері есеп құрастыру.
Бірнеше бірлік артық/кем сандар
1.4.1.10 — Берілген саннан бірнеше бірлік артық немесе кем санды табу есептерін талдау, шығару және кері есеп құрастыру.
Белгісіз санды □ таңбасымен белгілеу және тірек сызба
1.4.1.6 — 6 + □ = 10, 10 − □ = 4 сияқты өрнектерде белгісіз санды □ таңбасымен белгілеу.
1.4.1.8 — Есептерді шешу үшін сәйкес тірек схемаларын (сызбаларын) таңдау.
Табыс критерийлері
-
Барлық оқушылар: есептерді шешу үшін тірек схемаларын қолданады.
-
Оқушылардың көпшілігі: тірек схемаларына сүйеніп есепті шығарып, жауабын жазады.
-
Кейбір оқушылар: тірек схемасын дәл таңдап, кері есеп құрастырып шығарады және өз шешімін түсіндіреді.
Сабақ барысы
Басы
0–5 минутШирату: санамақ айту.
1, 2, 3 — ал, қанекей, ұш!
4, 5, 6, 7 — мынау ауыл шеті.
8, 9, 10 — ал, қанекей, қон!
Асықпа да саспа,
Бірден қайта баста.
Ортасы
5–40 минутТура және кері санау
Толық ондықтармен тура және кері санау.
Ауызша есептеу
Электронды оқулық арқылы 10-ға дейінгі сандарды қосу және азайту.
Ой қозғау сұрақтары
- Есеп дегеніміз не?
- Есептің құрамдас бөліктерін ата.
- Үш топқа бөлініп, топ ережесін сақтай отырып, есеп бөліктерін сәйкестендіреміз.
- Алдымен топ ережесін құрып алайық.
Топ ережесі
- Топ мүшелері ұйымшыл болуы керек.
- Тәртіп сақтау керек.
- Тапсырманы мұқият орындау қажет.
- Уақытты тиімді пайдалану керек.
Тапсырма (топтық жұмыс)
3 минутЕсептің құрамдас бөліктерін еске түсіру үшін сәйкестендіру тапсырмасы орындалады. Әр топ өз жұмысын ұсынады, қалған топтар бақылап, бағалайды (қошемет көрсету арқылы).
Есеп мәтіні
Болатта 4 машина, Арманда 3 машина бар. Оларда барлығы неше машина бар?
Сәйкестендіру
- Шарты Болатта 4, Арманда 3 машина.
- Сұрағы Барлығы неше машина?
- Шешуі 4 + 3 = 7
- Жауабы 7 машина
Қорытынды: оқушылар есептің құрамдас бөліктерін (шарт, сұрақ, шешу, жауап) ажырата алады. Енді тірек сызбаларды пайдаланып есеп шығаруға көшеміз.
Тірек сызба арқылы есеп шығару (топтық жұмыс)
Есептің мәтіні мен сызбасы дайын түрде ұсынылады. Топ мүшелері тек шешуі мен жауабын қағазға жазады. Мұғалім топтардың жұмысын бақылап, сызбаны қалай талдағанына және шешімге қалай келгеніне назар аударады.
Сабақ соңында оқушылар мына қорытындыға келеді: қосу амалымен берілген есепке кері есеп азайту амалымен шығарылады, ал азайту амалымен берілген есепке кері есеп қосу амалымен орындалады.
Талқылау сұрақтары
- Бірінші есепті қандай амалмен орындадыңдар? Неліктен? (Қосу амалымен.)
- Бірінші есепте не белгісіз? (Бүтін.) Бүтінді табу үшін не істейміз? (Белгілі бөліктерді қосамыз.)
- Екінші және үшінші есептерді қандай амалмен шығардыңдар? (Азайту амалымен.)
- Бұл кері есептерде не белгісіз? (Бөлік.) Белгісіз бөлікті табу үшін не істейміз? (Бүтіннен белгілі бөлікті азайтамыз.)
Шешім үлгілері
1-есеп
6 + 4 = 10
Жауабы: барлығы 10 машина.
2-есеп
10 − 4 = 6
Жауабы: Арманда 6 машина.
3-есеп
10 − 6 = 4
Жауабы: Ермекте 4 машина.
Жеке жұмыс (өздік жұмыс)
Бос орынға тиісті санды қой:
Тексеру: тақтадағы дұрыс жауаппен салыстырып, бір-бірін бағалау.
Қорытынды
Сабақ барысында оқушылар есептің құрылымын анықтап, тірек сызбалар арқылы есепті талдауды үйренеді. Тура және кері есептердің өзара байланысын түсініп, белгісіз бөлікті немесе бүтінді табу үшін қосу мен азайтуды дұрыс таңдайды.