Тудың түсі - көк
Сабақтың мақсаты
- Оқушыларды туған жерін, туған елін, халқын ардақтауға үйрету.
- Бақытқа бастар даңғыл жолдың бірі — туған Отанды сүюден басталатынын түсіндіру.
- Отанға деген патриоттық сезімді оятып, Ата Заңды және мемлекеттік рәміздерді қастерлеуге тәрбиелеу.
I. Кіріспе бөлім
Даламның кеңдігіндей жүрегім бар,
Мөп-мөлдір елге арнаған тілегім бар.
Қатардағы қазақтың перзентімін,
Отаныма, еліме берерім бар.
Адам шыр етіп дүниеге келгенде, кіндік қаны тамған, туып-өскен жерін Отан дейді. Әрбір адамның туған жерге деген ыстық сезімі, шынайы махаббаты болады. Қай қиырға кетсе де, сол сезім сағынышқа ұласып, жүрегінде мәңгілік байланыс болып қалады.
Адамзаттың парызы — туған Отанын гүлдендіріп, сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізу. Ата-бабаларымыз келер ұрпақ осы жерде еркін өссін деп, жауға таптатпай, босағадан аттатпай, Отан үшін айқасып, қанын төкті. Сондықтан да жерімізді қасиетті деп білеміз.
Егемен еліміз өзге мемлекеттермен терезесі тең, өркениетті ел ретінде танылып, өз Елтаңбасын, Туын және Әнұранын бекітті. 1992 жылғы 4 маусым — мемлекеттік рәміздеріміз ресми түрде қабылданған тарихи күн. Бұл қасиетті белгілердің мәнін әрбір ұрпақ терең түсініп, оларды құрметтеп, қастерлей білуі керек.
Анықтама
Рәміз — белгілі бір ұғымды жанама бейнелеп көрсететін шартты белгі, сыр-таңба. Мысалы: ақ көгершін — бейбітшіліктің нышаны, балға — еңбектің символы.
Ғылым салалары
Рәміздер тарихын геральдика (елтаңбатану) және вексиллология (тутану) зерттейді.
Маңызды ереже
Мемлекеттік рәміздерді пайдалану және қолдану тәртібі арнайы ережемен реттеледі. Оны бұлжытпай орындау — әр азаматтың міндеті.
Мемлекеттік рәміздердің мәні
Елтаңба
Елтаңба — өзіндік болмысы дара халықтың айбынын айқындайтын бедерлі белгі. Оны төрге іліп, жүрекке қастер қыламыз: ұлттық нақышымыздың айқын көрінісі.
ҚР Мемлекеттік елтаңбасының өзегі — шаңырақ. Бұл — мемлекеттің түп негізі саналатын отбасының, бірліктің және ортақ үйдің бейнесі.
Елтаңбадағы ай мүйізді қанатты тұлпарлар киелі шаңырақты екі қапталынан қорып тұрғандай әсер береді: бұл — Отанға адал қызмет ету, қауіп-қатерден қорғау идеясы.
Бес бұрышты жұлдыз — тәуелсіз еліміздің ниеті ашық, құшағы кең, әлемдік өркениет көшіне өз болмысын сақтай отырып ілесуді меңзейді. Жұлдыз — бағыт көрсететін жарық сәуле, асқақтық пен мәңгілікке ұмтылыстың символы.
Әнұран
Әнұран — халықтың мұңы мен мұратын, қуанышы мен қайғысын, бірлік пен берекесін құдіретті сөзге, әуезді сазға сыйдырған рухани үн.
Ол естілген сәтте жүректі қозғайды, елдік сана мен отаншылдық рухты көтереді. Әнұран — ұлттың жан дауысы, мемлекет мәртебесін айқындайтын қасиетті әуен.
Ту
Ту — бірлік пен тұтастықтың, ынтымақ пен адалдықтың белгісі. Ол көк аспанмен үндесіп, қыран құс бейнесімен асқақ мұратты айшықтайды.
Тудың түсі — көк. Көк — өмір нәрі су мен кең аспанның реңі, бейбітшілік пен ашықтықтың нышаны.
Тудағы күн — тіршіліктің қуат көзі. Оның шапағы молшылықты меңзейді: дән — берекенің белгісі, дән бар жерде ырыс бар.
Сабына таяу орналасқан ұлттық өрнек — қошқар мүйіз. Бұл ою Қазақстан туын әлемге танытатын айқын белгі.
Дала қыраны (бүркіт) — еркіндіктің, күш-қайраттың, биік мақсаттың символы. Ол биікте қалықтап, ел рухын көтереді.
Ел намысын асқақтатқан сәт
Мемлекеттік Ту шетелде, әсіресе мемлекет басшысының сапары кезінде және халықаралық жарыстарда жеңімпаз анықталған сәтте көтеріледі. 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында Қазақстан спортшылары көк туымызды 7 рет көтеріп, әнұранымызды 7 рет асқақтатты.
-
Жалпы медаль13
-
Орны12
-
Нәтиже7 алтын, 1 күміс, 5 қола
Жерлестеріміздің жетістігі көпке үлгі: ауыр атлетикадан Илья Ильин — Олимпиада чемпионы, бокстан Мария Вольнова — қола жүлдегер атанды.
II. Негізгі бөлім
Төмендегі сұрақтар пікірталас пен сұхбатқа негіз болады. Мақсат — рәміздердің мәнін терең түсініп, азаматтық көзқарасты қалыптастыру.
- 1) Рәміздер не үшін қажет деп ойлайсың?
- 2) Әнұранның шығу тарихы туралы не білесің?
- 3) Тудың авторлары кімдер? Оның тарихы туралы не айта аласың?
- 4) Әнұран орындалғанда немесе Туды көргенде қандай сезімде боласың?
- 5) Ана тіліміздің қазіргі мәртебесін қалай бағалайсың?
- 6) Тәуелсіздігіміз тұғырлы әрі берік болуы үшін ең алдымен не қажет?
- 7) Елтаңбадағы белгілер туралы қандай мағлұматың бар?
- 8) «Отан отбасынан басталады» дегенді қалай түсінесің?
- 9) Өзіңді елдің патриоты деп санайсың ба? Оны іспен қалай көрсетер едің?
- 10) «Патриот» сөзінің мағынасы қандай?
III. Қорытынды
Балалар, Қазақстанның болашағы — сендердің қолдарыңда. Ертеңгі депутат та, премьер де, президент те — сендерсіңдер. Еліміздің қарыштап дамуына үлес қосатын да өздерің.
Бүгінгі сабақтан түйін
- Білімді азамат болу.
- Патриот болып, елге адал қызмет ету.
- Еңбексүйгіш болу.
- Ұлтының тарихын, мәдениетін, дәстүрін терең білу.
Азаматтық серт
Мен, Қазақстан Республикасының азаматы, Отаным — Қазақстанның дүние жүзінде алдыңғы қатарлы, әділетті, өркениетті ел болуы үшін сапалы білім алуға, жоғары мәдениетті азамат болуға, туған халқымның ата-дәстүрін жалғастыруға, мемлекетіміздің Президентін құрметтеуге, Конституциясы мен заңдарын бұлжытпай орындауға, елімнің Туын, Елтаңбасын, Әнұранын сыйлап, қастерлеуге серт беремін.
Рәміздерім! Сен неткен маңызды едің!
Сенің асыл қазынам — нағыз керім.
Төбемде ту, төсімде елтаңбам бар,
Әнұрандай аузымнан үн үзбедім.
Аспанымда көк туым тұр өң беріп,
Елтаңбамды төрімнен жүрем көріп.
Әнұранмен әр таңда оянамын,
Рақаттанып дүнием түгелденіп.
Бір ауыздан айтылып әнұраным,
Елтаңбаммен әлемге таныламын.
Бір жағадан бас шығып, бір жеңнен қол,
Көк туымның астынан табыламын.
Рәміздерім, сен неткен маңызды едің,
Сенен басқа келмейді сән іздегім.
Сендерменен жетіп сан жеңістерге,
Гүлдеп әлі-ақ айналар аңызға елім.