Рахмет сендерге мен сендерге мына жасаған бауырсақтарыңды пісіріп әкеліп берейін
Мақсаты
Негізгі бағыт
- «Бауырсақ» ертегісі арқылы балаларды саяхатқа жетелеп, ертегіде кездесетін қиындықтарды жұптасып көмектесу арқылы орындауға үйрету.
- Дәстүрлі емес әдіс-тәсілдер арқылы жұптық жұмыс жасатып, сөйлеу әрекеті арқылы тілдік қорын молайту.
Дамытушылық және тәрбиелік міндеттер
- Ойлау қабілетін, қиялын және есте сақтау дағдыларын нығайту.
- Еңбекқорлыққа, достыққа, кішіпейілділікке және мейірімділікке тәрбиелеу.
Барысы
Таңертеңгілік шаттық шеңбері
Тәрбиеші: «Қане, балалар, қараңдаршы, бізге көп қонақ келіпті. Ендеше, қонақтармен амандасайық».
Амандасу өлеңі
Амандасу үлкенге — Тәрбиенің басы ғой. Ал, қанекей, бәріміз Сәлем дейік үлкенге.
Балалар шеңберде тұрып, бір-біріне сәттілік тілейді.
Сәттілік тілеу
Сәттілік бүгін тілеймін — Мен саған, сен маған. Қолымызды көтеріп, Күнге қарап: «Қуанышын төк маған!» Жүрегімнің ыстығын Сыйлаймын саған — қабыл ал! Мен саған, сен маған.
Ертегі кейіпкерімен кездесу
Тәрбиеші: «Балалар, қараңдаршы, бізге қарай домалап біреу келе жатыр. Бұл кім екен?»
Бауырсақ:
«Ля-ля! Мен Бауырсақпын. Сәлем, кішкентай достарым!»
Балалар:
«Сәлеметсіз бе!»
Сұрақ-жауап
- Тәрбиеші: «Бауырсақ қайдан келді?» — Балалар: «Бауырсақ ертегісінен».
- Тәрбиеші: «Ертегіні білеміз бе?» — Балалар: «Білеміз».
- Балалар ертегіні қысқаша айтып береді (Гүлназ, Жұлдызай, Әлия, Аружан, Мадина, Диана).
Бауырсақ:
«Бәрекелді! Жарайсыңдар! Мені де, менің ертегімді де жақсы біледі екенсіңдер».
Тәрбиеші:
«Бауырсақ, қайда бара жатырсың?»
Бауырсақ:
«Ата мен әжемді таба алмай жүрмін».
Жұлдызай:
«Бауырсақ, біз орманда серуендеп жүрміз. Жүр, сені атаң мен әжеңе апарып тастайық».
Балалар: «Көмектесеміз!»
Орманға саяхат: жұптық көмек арқылы кедергілерден өту
Балалар қол ұстасып саяхатқа шығады: «Бауырсақ сияқты домалап жүреміз».
1-кездесу: Қоян
Тапсырма: пішіндерді атау, түстерін ажырату, үй құрастыру
Қоян:
«Бауырсақ, бауырсақ, мен сені жеймін!»
Әлия:
«Сүйкімді аппақ қоян, жемеңізші біздің досымызды. Біз сізге өлең айтып береміз».
Қоян:
«Өлең тыңдағым келмейді. Мына шашылып жатқан пішіндерді атап, түстерін ажыратып, маған үй құрастырып берсеңдер — бауырсақты жемеймін».
- Балалар пішіндерді атап, түстерін ажыратады.
- Үй құрастырады.
Тәрбиеші: «Жарайсыңдар, балалар! Ендеше, саяхатымызды жалғастырайық».
2-кездесу: Қасқыр
Тапсырма: жол құрастыру және кедергілерден өту
Қасқыр:
«Бауырсақ, бауырсақ, мен сені жеймін!»
Жұлдызай:
«Жемеңізші, Қасқыр аға. Біз сізге өлең айтып береміз».
Қасқыр:
«Өлең тыңдағым келмейді. Мен мына кедергілерден өте алмай тұрмын. Көмектессеңдер — бауырсақты жемеймін».
- Балалар жолдарды құрастырады.
- Барлығы дәстүрлі емес кедергілерден өтеді.
Қасқыр: «Жарайсыңдар, балалар! Рахмет! Бауырсақты жемеймін. Оның жақсы достары бар екен».
Тәрбиеші: «Ендеше, балалар, жұптасып ары қарай саяхатымызды жалғастырайық».
3-кездесу: Аю
Тақырып: күз мезгілі туралы білімді бекіту
Аю:
«Бауырсақ, бауырсақ, мен сені жеймін!»
Диана:
«Жемеңізші, Аю аға. Біз сізге өлең айтып береміз».
Аю:
«Жарайды. Ендеше, мына тапсырмаларды орындаңдар:
1) Қазір жылдың қай мезгілі?
2) Күз мезгілінде неше ай бар, соңғы қай ай?
3) Күзде қандай өзгерістер болады?
4) Күз туралы тақпақ білесіңдер ме?
- Балалар тапсырмаларды толық және нақты орындайды.
- Күз туралы тақпақтар айтылады (Әлия, Жұлдызай, Рустам, Диана).
Аю: «Бәрекелді! Жарайсыңдар! Бауырсаққа тимеймін. Орманда саяхаттай беріңдер. Күз туралы көп біледі екенсіңдер. Жолдарың болсын!»
4-кездесу: Түлкі
Тапсырма: қамырдан дөңгелек бауырсақ жасау (дәстүрлі емес әдіс)
Түлкі:
«Бауырсақ, бауырсақ, мен сені жеймін!»
Гүлназ:
«Жемеңізші, Түлкі апа. Біз сізге өлең айтып береміз».
Түлкі:
«Өлең тыңдағым келмейді. Қарным аш. Қамыр ашытып қойдым, бауырсақ пісірейін деп едім, бірақ дөңгелек пішін шығара алмай тұрмын. Егер көмектессеңдер — достарың бауырсақты жемеймін».
- Балалар жұптасып, дәстүрлі емес әдіспен қамырдан дөңгелек бауырсақ жасап береді.
Түлкі: «Бәрекелді! Жарайсыңдар, балалар! Рахмет! Енді жасаған бауырсақтарыңды пісіріп, әкеліп беремін».
Мәреге жету: ата-әженің үйі
Тәрбиеші: «Балалар, қараңдаршы, біз кімнің үйіне келіп қалдық?»
Бейбарыс: «Бауырсақтың ата-әжесінің үйі».
Бауырсақ:
«Балалар, көп-көп рахмет! Сендер нағыз дос екенсіңдер. Сендер сияқты ақылды, мейірімді достар көп болсын. Сау болыңдар!»
Балалар: «Сау болыңыз, Бауырсақ!»
Қорытынды әңгіме
- «Біз жұптасып, достаса жүріп көптеген қиындықты жеңдік».
- Сұрақ: «Саяхатқа қайда бардық?» — Жауап: «Орманға, бауырсақпен бірге».
- Сұрақ: «Кімге көмектестік?» — Жауап: «Бауырсаққа».
- Сұрақ: «Кімге жегізбейтін болдық?» — Жауап: «Қу түлкіге».
Балалар аңдармен бірге бауырсақты татулыққа, достыққа және мейірімділікке баулыды.
Татулыққа үндеу
Тәрбиеші: «Ал, балалар, біз де қандай боламыз? Қане, бір-бірімізді құшақтап айтайық: “Біз әрқашан тату, бірге боламыз!”»
«Ендеше, жұптасып татулық тақпағымызды айтайық».
Татулық тақпағы
Біздің топта ұл-қыздар, Тату-тәтті ойнаймыз. Әлемдегі бар адамға Тек жақсылық сыйлаймыз.
Сыйлық және қоштасу
Тәрбиеші: «Балалар, қараңдаршы, қу түлкі бізді алдамапты. Сендер көмектескендерің үшін сыйлық ретінде шын бауырсақтар пісіріп әкеліпті».
«Осымен ұйымдастырылған оқу іс-әрекетіміз аяқталды. Қонақтармен қоштасайық».