Өмірбаян үлгілері

Пәні: Қазақ тілі Сыныбы: 9 Тақырыбы: Мінездеме, өмірбаян

Бұл сабақта оқушылар ресми стильдегі екі маңызды құжатпен — өмірбаян және мінездемемен — танысып, олардың құрылымы мен жазылу талаптарын меңгереді.

Сабақтың мақсаты

  1. Мінездеме мен өмірбаян туралы түсінік беру, жазылу жолдарын ұғындыру, стиль түрлерінен ажырата білуге үйрету.
  2. Өзіндік практикалық әрекет ортасын қалыптастыру, сауатты әрі көркем жазуға бейімдеу; ойлау мен есте сақтау қабілеттерін дамыту.
  3. Оқушыларды патриоттыққа, жігерлілікке, жаңашылдыққа, ізденімпаздыққа тәрбиелеу.

Сабақ сипаттамасы

Түрі:
дәстүрлі сабақ
Әдісі:
сұрақ-жауап, шығармашылық ізденіс
Көрнекілігі:
кеспе қағаздар, қосымша материалдар және т.б.
Пәнаралық байланыс:
әдебиет, тарих

Нәтиже күтілімі

  • Өмірбаян мен мінездеменің мақсаттарын ажыратады.
  • Құрылымдық бөлімдерін сақтап, құжат жазу дағдысын қалыптастырады.
  • Ресми стиль талаптарына сай тілдік нормаларды қолданады.

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушылармен амандасу, түгелдеу.
  • Оқу құралдарын тексеру, сынып тазалығына назар аудару.
  • Оқушылардың зейінін сабаққа шоғырландыру.

2) Үй тапсырмасын пысықтау

Үй тапсырмасы сұралады. Өткен тақырып бойынша төмендегі сұрақтар қойылады:

  1. Қазақ тіліндегі стиль түрлерін атаңдар.
  2. Ауызекі сөйлеу стиліне сипаттама беріңдер.
  3. Көркем әдебиет стилі туралы не айта аласыңдар?

3) Жаңа сабақты түсіндіру

Өмірбаян

Өмірбаян — жеке адамның өмір жолын хронологиялық тәртіппен қысқаша баяндайтын ресми құжат. Көбіне оқуға түсу, жаңа қызметке орналасу сияқты жағдайларда жазылады. Құжатта азаматтың аты-жөні, туған күні мен жері, ұлты, отбасы жағдайы, білімі, бітірген оқу орындары, қызметі мен еңбек тәжірибесі және өзге де мәліметтер көрсетіледі.

Өмірбаянның негізгі түрлері

  • Ресми өмірбаян — адамның өз өмірі мен қызметін қысқа әрі нақты деректермен көрсетуі (жеке іс қағазына тіркеледі).
  • Мемуарлық өмірбаян — ақын-жазушылар мен қоғам қайраткерлерінің өз өмірін қоғам өмірімен байланыстыра баяндауы.
  • Үшінші жақтан жазылған өмірбаян — белгілі тұлғалардың өмірі мен қызметінің басқа автор тарапынан баяндалуы (очерк, роман, т.б.).

Өмірбаянның мазмұндық-құрылымдық жүйесі

  1. Құжаттың атауы (Өмірбаян).
  2. Аты-жөні (толық), туған жылы, айы, күні, туған жері.
  3. Ұлты.
  4. Білімі, оқыған оқу орындары.
  5. Қоғамдық-саяси қызметі (болса).
  6. Ата-анасы, жұбайы, балалары туралы мәлімет.
  7. Қазіргі жұмысы, мекенжайы.

Өмірбаян үлгісі

Мен, Мақсат Ахметұлы Нүсіпбеков, 1983 жылы 14 қаңтарда Алматы облысы, Панфилов ауданы, Үшарал ауылында тудым. Ұлтым — қазақ. Алматы қаласы, Бостандық ауданындағы №81 орта мектепті 2000 жылы бітірдім. 2004 жылы Қазақстан—Британ техникалық университетінің 1-курсына оқуға түстім.

Ата-анам бар: әкем — Ахмет Әбімолдаұлы Нүсіпбеков, циркте жұмыс істейді. Анам — Салтанат Әріпжанқызы Алпысбекова, ауруханада жұмыс істейді. Мен үйленбегенмін. Қазір осы жоғары оқу орнының 2-курсында оқып жүрмін. Мақсатым — жоғары білім алып, маман атану.

Мекенжайым: Алматы қаласы, «Орбита-3» ықшам ауданы, 26-үй, 48-пәтер. Тел.: 29-48-56.

Мінездеме және оның түрлері

Мінездеме — мекеме, ұйым, бірлестік немесе оқу орнында белгілі бір адамды өмірбаяндық, біліктілік, кәсіби және адамгершілік тұрғыдан жазбаша сипаттайтын іс қағазы.

Мінездеме түрлері

  • Қызметтік мінездеме — қызметкерді объективті әрі нақты сипаттау үшін жазылады; кейде басқа қызметке немесе оқу орнына ұсыну мақсатында дайындалады.
  • Аттестациялық мінездеме — қызметкердің атқарып отырған қызметіне лайық/лайық еместігін анықтау үшін аттестация қорытындысына байланысты жазылады.
  • Жеке (функционалдық) мінездеме — адамның жеке қасиеттерін, білімін, шеберлігін, икемділігін сипаттайды; қорытындыда құжаттың мақсаты көрсетіледі (мысалы, еңбек келісімін ұзарту үшін).

Рәсімдеу талаптары

  • А4 форматта рәсімделеді, көлемі әдетте 1 беттен аспайды.
  • Компьютерде теріліп, принтерден шығарылады.
  • Екі дана дайындалады: біреуі талап етуші мекемеге жіберіледі, екіншісі жеке іске тігіледі.

Жаттығумен жұмыс

Оқушылар бір-біріне мінездеме жазады (практикалық тапсырма).

Білімді бекіту

Өткен тақырып бойынша сұрақтар қойылып, түсінбеген тұстарға түсініктеме беріледі:

  1. Мінездеме қалай жазылады?
  2. Өмірбаян қалай жазылады?
  3. Ресми іс қағаздарына тағы қандай құжаттар жатады?

Бағалау және үй тапсырмасы

Бағалау

Сабаққа қатысу белсенділігі мен тапсырмаларды орындауына қарай бағаланады.

Үйге тапсырма

Өмірбаян жазып келу.