Қарлығаш тобы

Атырау облысы, Индер ауданы, Елтай ауылы

Биология пәнінің мұғалімі: Нұржанова Айдана Айшуаққызы

Құстар – көктем жаршысы!

Мақсаты

  • Құстар, соның ішінде жыл құстары туралы түсінік беру; құстар тіршілігі жайлы баяндау.
  • Жұмбақтар арқылы қызығушылықты арттыру; техникалық құралдар көмегімен «құстар бағына» саяхат жасатып, қорғау сезімін күшейту.
  • Экологиялық тәрбие беру: құстарды қорғауға, оларға тиіспеуге, ұя жасап қарсы алуға баулу.

Түрі

Сайыс-ойын

Әдіс-тәсілдері

Мақал-мәтелдерді жатқа айту, баяндау, түсіндіру.

Көрнекілігі

  • Интерактивті тақта
  • Слайдтар
  • Буклеттер
  • «Құстар – көктем жаршысы!» тақырыбындағы нақыл сөздер

Көрініс

М. Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан үзінді.

Кіріспе: құстар мерекесінің мәні

Жүргізуші: Құрметті ұстаздар, оқушылар және ата-аналар! Қадірменді қонақтар, қош келдіңіздер! Сіздерді көңілге жылы шуақ ұялатар көктем мерекесімен құттықтаймыз! Құстар мерекесіне орай ұйымдастырылған «Құстар – көктем жаршысы!» атты тәрбиелік шараны бастауға рұқсат етіңіздер.

Табиғатта да, адам өмірінде де құстардың орны ерекше. Олар әуезді үнімен, сымбатты да сұлу, сан алуан келбетімен орманның, саябақтың, шалғынның сәнін келтіріп, адамға эстетикалық ләззат сыйлайды.

Құстар, құстар келеді,

Жерді шуға бөледі.

Көктем келді деп бізге,

Жақсы хабар береді.

Би

«Көктем вальсі»

Орындайтын

«Нұр» бишілер тобы

Сайыс бағдарламасы

  1. 1 Таныстыру: әр топ басшысы өз тобын таныстырады.
  2. 2 «Құстар сайрайды» айдары: жасырылған құс даусын танып, сол құсқа сипаттама беру.
  3. 3 «Тапқыр болсаң, тауып көр»: мақал-мәтелдер сайысы (үй тапсырмасы).
  4. 4 «Сен құстарды білесің бе?»: жұмбақтар сайысы.
  5. 5 «Құстар – біздің досымыз»: құстарға қамқор болу, аялау, қорғау тақырыбындағы көрініс және топтардың ой-пікірі.
  6. 6 «Кім жылдам?» ойыны: берілген құс суретін қиықтардан жылдам құрастыру.
  7. 7 Қорытынды: нәтижені шығару, марапаттау.

Қатысушы топтар

Қарлығаш тобы

Сайысқа қатысушылар

Топ 1
  • Ақнұр
  • Бекарыс
  • Бақберген
  • Марта
  • Аружан
  • Данияр
  • Мәдениет
  • Ерасыл

Көгершін тобы

Сайысқа қатысушылар

Топ 2
  • Гүлден
  • Тұрлыхан
  • Асылай
  • Алтынбек
  • Аружан
  • Гүлдана
  • Гүлбаршын
  • Диана

Әділқазылар алқасы

Оқу ісінің меңгерушілері

  • Үмбетова Құралай
  • Тұрымбетова Жапырақ

Тәрбие ісінің меңгерушілері

  • Сүйінішқалиева Жеңісгүл
  • Бексұлтанова Жанар

М. Сиранов орта мектебі

I. Таныстыру

Қарлығаш туралы

Қарлығаш — адамның досы, жанашыры; қандай сәтте де қамқорлық танытатын адал құс. Мұны «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» ертегісінен де аңғаруға болады.

Қарлығаш өте пайдалы құс. Қазақ баласы қарлығаштың ұясын бұзбайды. Қарлығашқа арнап ән шығармаған, өлең жазбаған ақын кемде-кем. Ол — әдеміліктің де символы.

«Қасың бар қанатындай қарлығаштың,

Болсайшы бәрі сендей қарындастың»

— халық қара өлеңінен

Сондықтан да бұл топ өз атауын «Қарлығаш» деп таңдады: адамға ең жақын, киелі құстардың бірі ретінде қадірленеді.

Көгершін туралы

Дана қазақ аққуды — махаббаттың, қарлығашты — мейірімнің, бүркітті — ержүректіліктің нышаны деп таныған. Осындай қасиетті мәні бар құстардың бірі — көгершін.

Көгершін — бейбітшіліктің белгісі. Ол жер бетіне тыныштық пен береке әкелетін құс деп саналады. Қазақ халқы көгершінді қастерлейді.

Бейбітшілік құсы — көгершін,

Жер бетінде бейбіт еңбек көгерсін.

Аспан тұнық, шат көңілді болайық,

Ақ ниетті, адал жандар көбейсін.

Осы ниетпен бұл топ «Көгершін» атауын таңдады.

II. «Құстар сайрайды» айдары

Жүргізуші: «Оянып бар табиғат ұйқысынан,
Жадырап құтылғандай құс қамынан.
Көктемді шуға бөлеп, әнге ораған —
Тыңдаймыз алуан сыр жыл құсынан»

Бұл бөлімде оқушыларға құстардың дауысы тыңдатылды. Олар дыбысты танып, қай құс екенін анықтап, сол құсқа қысқаша сипаттама берді.

Қарлығаш тобының жауаптары

Аққу

Аққу — сұлу әрі киелі құс. Қазақ халқы аққуды атпайды, оған ешқашан оқ атпайды. Аққу жалғыз жүрмейді; сыңарынан айырылған аққу биіктеп барып, құлап өледі деген түсінік бар. Сондықтан оны бақыттың бастауы, жақсылықтың жаршысы, пәктіктің һәм сұлулықтың белгісі деп қастерлейді.

Бұлбұл

Бұлбұл — әнші құс. Оның әуезді дауысы адамға жағымды әсер сыйлайды. Бұлбұл түрлі жәндіктермен қоректеніп, орман шаруашылығына пайда келтіреді. Ол — жыл құсы: сәуірдің соңы мен мамырдың басында ұя салуға ұшып келеді.

Көгершін тобының жауаптары

Бүркіт

Бүркіт — киелі, қастерлі құс. Оны ежелден қасиетті санап, «дала сермеңдесі», «көк тәңірісі», «аспан перісі», «қанаттылар ханы» деп құрметтеген. Бүркіттің қанат-құйрық қауырсынын, бас терісін, тұяғын үйдің төріне, жас баланың бесігінің басына іліп қою дәстүрі болған: бұл жамандықтан, көз тиюден қорғайды деп сенген. Ел арасында «қартайған бүркіт өзін-өзі аспаннан тастап өледі» деген де аңыз айтылады.

Көкек

Көкек — жыл құсы. Ол жылы жақтан сәуір айында ұшып келеді. Қар еріп, күн жылына бастағанда көкек шақырады. Қазақтың дәстүрлі күнтізбесінде сәуір айының «көкек» деп те аталуы осыған байланысты. Көкек өз жұмыртқасын өзі баспай, басқа құстың ұясына салып кетеді. Халық арасында оны «аты жоқ құс» деп те атайды, өйткені ол өз атын өзі шақырады.