Тәуелдік жалғау

Сабақтың тақырыбы

Зат есімнің түрленуін қорытындылау.

Сабақтың түрі

«Бәйге» ойын-сабағы (топтық сайыс).

Сабақтың әдістері

  • қайталау
  • сұрақ-жауап
  • сынақ
  • шығармашылық жұмыс
  • тест тапсырмалары

Көрнекіліктер

  • схема-таблицалар
  • қима қағаздар
  • тест сұрақтары
  • графопроектор
  • суретті слайдтар
  • кестелер
  • кеспе карточкалар

Пәнаралық байланыс

Әдебиет, ән-күй, бейнелеу өнері.

Сабақтың мақсаты

Білімділік

Зат есімнің түрленуі бойынша алған білімді кеңейту; сөз қолданысында сауатты пайдалана білуге үйрету; мәтін ішінен тауып, талдауға баулу.

Тәрбиелік

Ұлттық өнеге мен шешендік нақыл сөздердің мән-мағынасын ұғындыру арқылы адамгершілікке, имандылыққа тәрбиелеу; эстетикалық және өнегелік орта қалыптастыру.

Дамытушылық

Өтілген материалды тиянақты меңгерту; жүйелі ойлау мен ойын әсерлі жеткізу дағдыларын дамыту; шығармашылық ізденісті арттыру. Сатылай кешенді талдау арқылы теориялық білімді іс жүзінде қолдануға, грамматикалық тұлғада жүйелі сөйлеуге төселдіру.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Оқушыларды сабаққа жұмылдыру, топқа бөлуге дайындық.

II. Үй тапсырмасын сұрау

Қайталау сұрақтарын графопроектор арқылы көрсетіп, оқушылардың білімін тексеру.

  1. 1) Қазақ тілінде жалғаудың неше түрі бар?
  2. 2) Тәуелдік жалғау дегеніміз не?
  3. 3) Септік сұрақтарын ата.
  4. 4) атбегі, дәрігер сөздері қалай жіктеледі?
  5. 5) Зат есім сөйлемде қандай қызмет атқарады?

Қайталау тапсырмасы

Қорытындылау мақсатында берілген сызбаны толтыру.

«Бәйге» ойыны (топтық сайыс)

Ұйымдастыру

Өтілген тақырыптарды еске түсіргеннен кейін оқушылар 4 топқа бөлінеді: Көптік, Септік, Жіктік, Тәуелдік.

Ойын шарты: бес бөлімнен өтіп, «Зат есім» мәресіне бірінші болып жету.

1-бөлім: «Ой толғау» (тест)

1) Көптік жалғауы жалғанбайтын сөздер:

  • а) мектеп, қыз, оқушы
  • ә) үй, киім, бала
  • б) отан, бөлме, дәрігер
  • в) мұнай, газ, тары

2) Жалқы зат есімді тап:

  • а) орман, көл, өзен
  • ә) Алатау, Екібастұз
  • б) бала, бойжеткен
  • в) ұзынды-қысқалы, үлкен-кіші

3) Зат есім атау септікте тұрса, сөйлемде қандай қызмет атқарады?

  • а) бастауыш
  • ә) толықтауыш
  • б) пысықтауыш
  • в) баяндауыш

4) Жуан және жіңішке буындарға бірдей жалғана беретін, бір ғана дыбыстан тұратын жалғау қай септікте?

  • а) табыс
  • ә) жатыс
  • б) атау
  • в) көмектес

2-бөлім: «Ойлан, тап» (кеспе карточка)

Кеспе карточкадағы сұрақтарға жауап беріледі. Тез әрі нақты жауап берген топтың ұпайы есепке алынады.

1) Өлең шумақтарынан жай септіктерді тап (әнімен айту):

Ақ көгершін, көгершін,

Қолғанат құс сен едің.

Бар кезіп қайт ел үшін

Кең дүниенің көлемін.

Әділеттің құсы деп,

Көз алмастан жолыңнан,

Бақыт болып қоншы деп

Ұшырамын қолымнан.

2) Өлең шумақтарынан жіктік жалғаулы зат есімді тап. Бұл қай ақынның өлеңі?

Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген,

Жөргегімде таныстым мұң тілімен.

Жылағанда жүрегім күн тұтылып,

Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.

3) Жай септеу және тәуелді септеу түрлерін тап:

Айдағысыз малды бол,

Ағайынның алды бол,

Отыз ұлды орда бол,

Оман жұрттың басы бол.

Лұқпандай мың жаса.

Береке болсын асыңа,

Құт дарысын басыңа!

4) Мақалдардан жай және тәуелді септеулі сөздерді тап:

Жақсы ат аяғынан қалады, жақсы адам тамағынан қалады.

Аққу — құстың төресі, жалғыз жүріп оттамас.

3-бөлім: «Поэзия» бөлімі

Графопроектордағы сурет бойынша өтірік өлең құрастыру.

Мысал

Құмырсқа мен арыстан,

Жер бетінде алысқан.

Тасбақа мен қарлығаш,

Көк жүзінде жарысқан.

Оқулықпен жұмыс

55-жаттығу: көп нүктенің орнына тиісті жіктік жалғауын жалғап жазу.

Сатылай кешенді талдау

Төмендегі сөздерге талдау жасау (әр топ бір сөзден алады): көлдің, оқушылар, атбегі, елім.

Талдау үлгісі

  1. Құрамына қарай: бір, екі, үш құрамды.
  2. Тұлғасына қарай: негізгі, туынды.
  3. Құрылысына қарай: дара, күрделі.
  4. Лексикалық мағынасы.
  5. Грамматикалық мағыналары.
  6. Сұрағы.
  7. Мағыналық топтары:
    • жалқы, жалпы
    • деректі, дерексіз
    • нақты, нақты емес

4-бөлім: «Перфокарта»

Сөйлемдердегі қосымшалардың түрін анықтау: көптік, септік, жіктік, тәуелдік.

1-сөйлем

Сенің атың тұра тұрсын, менің атым жүре тұрсын.

2-сөйлем

Орманда өрт бұрқ етті.

3-сөйлем

Қонақтар шайларын ішті.

4-сөйлем

Шамдансам — жығар асаумын. Шамырқансам — сынар болатпын.

5-бөлім: Венн диаграммасы

Топтар берілген жұптар бойынша ұқсастық пен айырмашылықты анықтайды.

Көптік тобы

Зат есім мен сын есімнің айырмашылығы.

Септік тобы

Жіктік жалғауы мен тәуелдік жалғауының ерекшелігі.

Жіктік тобы

Көптік жалғауы мен тәуелдік жалғауының айырмашылығы.

Тәуелдік тобы

Тәуелдік жалғауы мен септік жалғауының ерекшелігі.

Қорытынды, бағалау, үй тапсырмасы

Қорытынды

«Зат есім» мәресіне бірінші жеткен топ анықталады.

Бағалау

Белсенді қатысып, толық әрі нақты жауап берген оқушыларға жұлдызшалар үлестіріледі.

Үй тапсырмасы

  • тақырыпты қайталау;
  • сабақтан алған әсері туралы қысқаша пікір жазу.