Оқушыларға жаттығу барысын түйіндеу

Тақырыбы: Өмір бір-ақ рет беріледі

Мақсаты

  • Оқушыларға өмір ұғымын түсіндіру және өмірде кездесетін түрлі жағдайлар туралы ой қозғау.
  • Адам бойындағы асыл қасиеттерді: адамгершілік пен мейірімділік сезімдерін дамыту.
  • Балалардың ойын ашып, өмірге деген көзқарасын қалыптастыру.

Әдіс-тәсілдері

  • Әңгіме
  • Сұрақ-жауап
  • Психологиялық тренинг

Түрі

Психо-профилактикалық тренинг.

Құрылымы

  1. I Ұйымдастыру кезеңі (кіріспе сөз)
  2. II Негізгі бөлім
  3. III Қорытынды

I. Ұйымдастыру кезеңі (кіріспе сөз)

Әрбір адам — өмірге келген қонақ. Өмірдің мәнді, мағыналы, мазмұнды өтуі үшін қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырда адамдардың бір-бірімен сыйластықта болғанына не жетсін!

Жан-жағымызға мұқият қарасақ, айналамызда күнделікті тіршілік қайнап жатады: адамдар еңбек етеді, жұмысқа барады, жұмыстан қайтады. Демалады, қонаққа барады, алға қойған мақсаттарына жетіп, жаңа мақсаттар белгілейді. Біреулер қайғы-мұңға тап болады. Ал кейбіреулер не үшін өмір сүріп жүргенін, қиындықтардан қалай шығу керегін білмей, өмірден түңілуі де мүмкін.

Бұл — өмір. Қалтарысы мен қиындығы көп осынау өмірде адам өзіне де, өзгеге де мейіріммен қарап, ізгі ниетпен жақсылық жасай білуі керек. Қиындықты жеңу жолдарын іздеп, мақсатқа жете білу — әркімнің өзіне байланысты.

Бүгінгі тренингтің негізгі ойы: мәнді де мағыналы өмір сүру — өз қолымызда. Тренинг барысында өз өмірімізді де, өзімізді де тереңірек тануға қадам жасаймыз.

II. Негізгі бөлім

1) «Қошемет» шеңбері

Балалар, қалай ойлайсыңдар: сахнаға шыққан әрбір өнер жұлдызына көрермен қошемет көрсеткенде, ол қандай сезімге бөленеді? Өздерің де сондай әсерді сезінгілерің келе ме?

Өткізу тәртібі

Барлығы шеңберге тұрады. Сағат тілі бағытымен менің қасымдағы көршім бір қадам алға шығып, бас иеді. Қалғанымыз оның атын атап, бірдей қол шапалақтап қошемет көрсетеміз. Осылайша кезекпен жалғасады.

Талдау сұрағы

Қандай әсерде болдыңдар?

2) «Ауыр жүк» жаттығуы

Мақсаты: кедергілерді сезіне отырып, оларды болдырмау жолдарын үйрету.

Нұсқау

Ортаға белсенді 3 қатысушы шақырылады. Олардың басына әртүрлі зат қойылады да, олар ары-бері жүріп көреді. Жүру барысында заттың қозғалысы, ыңғайсыздық, зейіннің бөлінуі бақыланады.

Талдау сұрақтары

  • Не сезіндіңдер?
  • Сендерге не кедергі болды?

Көпшілігіміз қиын сәтте қатты уайымдап, мазамыз кетеді. Сол кезде бойымызды жағымсыз эмоциялар билеп, кедергілерді «ауыр жүк» сияқты сезінеміз. Бұл сезімді жеңу үшін ең алдымен бойымызға адамгершілік пен рухани құндылықтарды дарыта білуіміз керек.

Өмір әрдайым бақыт пен байлық бере бермейді. Кейде бізді шыңдау үшін, сабақ болсын деп қиындық та береді. Сондықтан өз өміріңдегі қуанышты сәттерді бағалап, қанағат ете біл.

3) «Өз-өзіңе мақтау сөз» жаттығуы

Мақсаты: өз-өзіне деген сенімділікті нығайту.

Нұсқау

  1. 1 Оқушылар параққа өз есімін жазбай, «Мен…» деп басталатын өзіне арналған мақтау сөздер жазады.
  2. 2 Жазған парақты умаждап, қорапқа салады.
  3. 3 Қағаздар араластырылып, әркім біреуін алып, ішіндегі жазуды дауыстап оқиды.

Талдау сұрағы

Жаттығу ұнады ма? Неліктен?

4) Ситуациялық сұрақ

Оқиға

Лида мен Паша бала кезден бірге өскен достар. Лида — сыныптағы ең әдемі қыз, көпшілік оған қызыға қарайды. Паша екеуі бір партада отырады, үй тапсырмаларын бірге орындайды, демалыста бірге серуендейді.

Бірақ бір күні олар келісе алмай қалады. Паша біраз уақыт Лидамен араласпайтынын айтып, басқа партаға ауысып отырады. Лида ертеңіне сабаққа бара жатып, жол бойы Паша туралы ойлайды.

Сол кезде оның ойына идея келеді: ата-анасынан ақша алып, туған күн кешін өткізбек болады. Сабақтан кейін Лида ата-анасынан ақша сұрайды. Алайда ата-анасы қазір қиындықтары бар екенін айтып, ақша бере алмайтынын түсіндіреді.

Лида қатты ашуланып, жылап қалады. Сол мезетте оның ойына ауыр ой келеді: «Мен бұлардың бәрін жазалауым керек! Мен өлемін! Сонда бәрі өкініп қалады!»

Талқылау сұрақтары

  • Лидаға қалай көмектесуге болады?
  • Лиданың орнында болсаң, не істер едің?

5) «Сенімділік» жаттығуы

Нұсқау

Алдарыңдағы параққа өздеріңді мазалайтын проблемаларды жазыңдар. Содан кейін қағазды жыртып, қоқыс жәшігіне тастаңдар.

Бұл әрекет — мәселеден «бір сәтте құтылу» емес, бірақ ішкі қысымды азайтып, келесі қадамды ойлануға көмектесетін символикалық қадам.

III. Қорытынды

Рефлексия

Балалар, бүгінгі тренингтен қандай әсер алдыңдар?

Маңызды ой

Қандай қиын жағдай болмасын, ең жақын адамдарыңмен бөлісіп, сырласыңдар. Шешілмейтін мәселе жоқ. Қамшының сабындай қысқа өмірде адамдардың бір-бірімен сыйластықта болғанына не жетсін!

Өмірлерің әрдайым мәнді де сәнді болсын.