Елі сүйген, елін сүйген ЕлбасыМақсаты

Тәрбие сағатының ашылуы

1-жүргізуші (Умидбек)

Біздің Президентіміз – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Мемлекет басқару ісі – машақатты да, мәртебелі міндет. Басшысы әділ елдің бағы артады, халқының бірлігі бекиді.

2-жүргізуші (Нұрбол)

Бүгінгі тәрбие сағатымызды әділеттің ақ жолын ту етіп, елінің егемендігін, ынтымағын, тұтастығын, бірлігін ойлаған, ұрпақ санасына мән берген әлемдік деңгейдегі ірі қоғам қайраткері – тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың құрметіне арнаймыз. «Елі сүйген, елін сүйген Елбасы» атты тәрбие сағатын ашық деп жариялаймын. Еліміздің Әнұраны орындалсын.

Тәуелсіздік және жауапкершілік

1-жүргізуші (Умидбек)

Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін халықтың басын біріктіріп, Н. Ә. Назарбаев тұңғыш Елбасы ретінде ел тізгінін ұстады. Елбасының бастауымен Қазақстан әлемге танылды: елдігін көрсетті, ерлігін танытты.

Егемендікке қол жеткізген тұста «өз алдымызға дербес ел бола аламыз ба?» деп күмәнданғандар да болды. Алайда ар-намысты ту еткен Елбасымыздың және ел үшін еңбек еткен азаматтардың табанды еңбегі бүгінгі нұрлы күндерге жеткізді. Шағын бейнежазбаға назар аударайық.

2-жүргізуші (Нұрбол)

Бүгінгі күн бізге оңайлықпен келген жоқ. Тәуелсіз ел атану үшін талай ата-бабамыз бен аға-апаларымыз тер төкті. Соның арқасында бүгінде біз – тәуелсіз, дербес, әлем таныған Қазақстанбыз.

Қазақ халқы тарихтың талай сындарлы кезеңін бастан өткерді. Сондай сәттерде елдіктің мәні мен жердің қасиетін жырмен өрнектеген Қ. Аманжоловтың өлең жолдары ойға оралады:

Қазақстан дейтін менің бар елім,

Жатыр алып жарты дүние әлемін!

Бұл даланы анам жаспен суарған,

Бұл далада атам қолға ту алған.

Бұл далада жылап келіп, уанған,

Бұл даланы көріп алғаш қуанған.

Бұл далада өскен жанда жоқ арман!

Елбасы туралы ой

1-жүргізуші (Умидбек)

Әлем таныған дарынды тұлға, іскер саясаткер, Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаев ел басқарған жылдары Қазақстанның беделін көтеріп, елдің атын әлемге танытты. Экономиканы нығайтып, болашақта көш бастаушы мемлекеттердің қатарына қосуды мақсат етіп, аянбай еңбек етті.

2-жүргізуші (Нұрбол)

Елі құрмет тұтқан, ел үшін еңбек еткен Елбасымыз – Н. Ә. Назарбаевтың өмір жолына шолу жасайық.

Өмір жолына шолу

1-оқушы

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1940 жылы 6 шілдеде Алматы облысы, Қаскелең ауданындағы Шамалған ауылында дүниеге келген. Балалық шағы таршылық кезеңмен тұспа-тұс өтті: үлкендерге мал бағуға, бау-бақшаға көмектесті, шөп шауып, отын жарды. Өз естеліктерінде аз-маз өнімді сатып, үйге қажетті зат алу үшін есек жеккен арбамен жақын теміржол стансасына барудың өзі үлкен мереке болғанын айтады. Мектепте жақсы оқып, білімге ұмтылды, ата-анасын ерекше құрметтеді.

2-оқушы

Ол ерте есейді. Орта мектепті бітіре салысымен Кеңес Одағындағы аса ірі Қарағанды металлургия комбинатының құрылысына аттанды. Құрылыста еңбек еткеннен кейін бір топ қазақстандықпен бірге Украинаның Днепродзержинск қаласына барып, металлург-жұмысшы мамандығын меңгерді. Шойын құюшы, домна пешінің көмекшісі болып жұмыс істеді, кейін инженер дәрежесіне көтерілді.

3-оқушы

Сол жылдары оның ұйымдастырушылық және басшылық қабілеті айқын көрінді. Қалалық, облыстық және республикалық деңгейде жауапты қызметтер атқарды: металлургия комбинатындағы партком хатшысы, Теміртау қалалық, Қарағанды облыстық және республикалық партия ұйымдарында экономикалық салаға жауапты хатшы болды.

4-оқушы

Ол Қазақстан Үкіметін басқарған кезде 44 жаста еді. Осы кезеңнен бастап оның саяси өмірбаяны жаңа арнаға түсті.

5-оқушы

1991 жылы 1 желтоқсанда республика жұртшылығы тұңғыш рет Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты Қазақстан Республикасының Президенті етіп сайлады.

6-оқушы

1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Қазақстанды тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекет деп жариялады.

7-оқушы

1992 жылы 4 маусымда жаңа мемлекеттік рәміздер – Елтаңба, Ту, Әнұран бекітілді. Елтаңба авторлары: Жандарбек Мәлібекұлы, Шотаман Уәлиханов.

8-оқушы

Елтаңбадағы шаңырақ – Отанның бастауы отбасы екенін, ортақ шаңырағымыз биік, босағамыз берік болсын деген тілекті білдіреді. Уықтар – бір үйдің керегесін шын ниетпен біріктірген елдің ынтымағын аңғартады. Ай мүйізді, алтын қанатты қос пырақ – жүректілік пен қырағылықты, күш пен шапшаңдықты, қайсар мінезді меңзейді. Бес бұрышты жұлдыз – бағы ашылып, жұлдызы жарқырай берсін деген асыл арманның нышаны.

Қорытынды ой

Бұл тәрбие сағатының түйіні – тәуелсіздіктің қадірін терең сезіну, ел бірлігін бағалау және Отанға адал қызмет етудің маңызын ұғыну. Ел тарихындағы тұлғалардың өмір жолын тану – жас ұрпақтың азаматтық болмысын қалыптастыратын құндылық.