Құмыра және цилиндр
Сабақтың тақырыбы
Гипс. Құмыра және цилиндр. Ауа перспективасы: сызық пен кеңістікті табу. Штрих арқылы тондық шешімге келу.
Сабақтың мақсаттары
а) Білімділік
- Оқушыларға цилиндр мен құмыра туралы түсінік беру.
- Нысанды әсем әрі көркем бейнелеуге баулу.
- Қағаз бетіне дұрыс орналастыру қағидаларын үйрету.
- Штрих арқылы тондық шешім табуды, жарық пен көлеңкені көрсетуді меңгерту.
ә) Тәрбиелік мәні
- Тазалыққа, ұқыптылыққа және өз бетінше жұмыс істеуге тәрбиелеу.
- Жақсы нәтижеге ұмтылу дағдысын қалыптастыру.
б) Дамытушылық
- Жай қарындашпен салынған жұмыстар арқылы ой-өрісті, қиялды дамыту.
- Шығармашылық қабілетті кеңейту, сурет салу икемділігін және дағдыларын қалыптастыру.
Сабақтың ресурстары
- Құмыра мен цилиндрдің салыну жолдары көрсетілген плакаттар
- Тақырып жазылған плакат
- Қойылым (натюрморт), драпировка
- Қағаз, қарындаш, өшіргіш және қосымша құралдар
Сабақтың түрі
Аралас сабақ.
Сабақтың әдісі
Түсіндіру, көрсету, практикалық жұмыс (сурет салдыру).
Сабақтың барысы
-
I. Ұйымдастыру кезеңі
Оқушылармен амандасу, түгелдеу, құрал-жабдықтарды тексеру және сабаққа психологиялық дайындық жасау.
-
II. Жаңа сабаққа даярлық
Бүгін біз «Құмыра және цилиндр: ауа перспективасы және кеңістікті табу» тақырыбын бастаймыз.
Сабақ басталмас бұрын қағаз, қарындаш, өшіргіш және басқа қажетті құралдарды дайындап алайық. Енді құмыра мен цилиндрді салу кезеңдеріне және штрихтау тәсілдеріне назар аударамыз.
-
III. Жаңа сабақ
Көптеген заттардың негізінде ең қарапайым формалар — геометриялық денелер жатады: куб, цилиндр, конус, призма, пирамида және т.б.
Цилиндр ұғымы
Цилиндр — тұйық цилиндрлік бетпен және өзара параллель екі жазықтықпен шектелген геометриялық дене. Оны шартты түрде тіктөртбұрыш пен екі дөңгелек арқылы түсіндіруге болады: тіктөртбұрыштың бір қабырғасы цилиндр биіктігіне, ал екінші қабырғасы табандағы шеңбер ұзындығына тең.
Құмыраның құрылысы
Құмыра пішіні бірнеше геометриялық формалардың үйлесуінен құралады. Сондықтан нысанды жай көшіріп салмай, оның құрылымын, пропорциясын және геометриялық негізін талдап алған дұрыс.
Жарық пен көлеңке
- Сәуле түскен бет — жарық.
- Ең жарық жер — жылт.
- Жарыққа қарама-қарсы бет — көлеңке.
- Нысанның өз бойындағы көлеңке — меншікті көлеңке.
Штрих және тон
Суретте тондық қатынасты штрих арқылы табамыз. Әдетте штрихтауды көлеңке аймағынан бастап, біртіндеп жартылай көлеңкеге және жарыққа қарай жұмсартып жүргізу тиімді.
Ауа перспективасы және перспектива түрлері
Қашықта тұрған заттардың түсі өз табиғи түсіне қарағанда күңгірттеу көрінуі мүмкін, ал алыстағы қою түстер жақындағы қою түстерге қарағанда жеңілдеу, «ауаға сіңгендей» болып қабылданады. Бұл — ауа перспективасы.
Перспектива сызықтық және ауалық болып бөлінеді. Мысалы, пойыз рельстері алыстаған сайын бір нүктеге барып түйісетіндей әсер береді — бұл сызықтық перспектива заңдылығы.
-
IV. Ой қозғау
Сурет сабағында жиі кездесетін сөздерден ребус құрастыру. Мысалы: жарық, көлеңке, сызық, құмыра, цилиндр, штрих және т.б.
-
V. Бой жазу
Әр оқушы өзі білетін геометриялық денені салып, жеңіл штрихтайды да, оның қандай дене екенін қысқаша түсіндіреді (конус, призма, цилиндр, үшбұрыш, шар, куб).
-
VI. Оқушылармен өзіндік жұмыс
«Кім көп біледі?» — тест тапсырмалары беріледі.
-
VII. Сабақты қорыту
Сабақты қорытындылай келе, біз цилиндр мен құмыраның құрылымын және оларды салу жолдарын қарастырдық. Енді алған білімді бекіту үшін төмендегі сұрақтарға жауап береміз:
- Цилиндр неден тұрады?
- Құмыра неден тұрады?
- Жарық пен көлеңке туралы не білесің?
- Перспектива дегеніміз не?
- Перспективаның заңдылықтарын ата.
- Штрих деген не?
- Штрихтың қандай түрлерін білесің?
-
VIII. Бағалау
Сабаққа белсенді қатысқан оқушыларды атап, жақсы орындалған жұмыстарды көрсетіп, мадақтау арқылы бағалау жүргізіледі.