Сен білмейсің

Қарағанды облысы, Сәтбаев қаласы • №3 орта мектебі (КММ)

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің I санатты мұғалімі: Алпысова А. Д.

Әдеби-музыкалық кештің сценарийі: көшпенділер музыкасы, рухани құндылық, адамгершілік және отансүйгіштік идеялары.

Жүргізушінің кіріспе сөзі

Күн батты ма, түн келді ме, таң атты ма қайтадан,
Құдіретті тірлігіңе кірістің бе қайта, адам?
Ар ма, өмір — бар әлемді бауырына алып шайқаған!
Әрбір әрпі қанға шомған тарихыңа қараңдар,
Отырардай опат болған қала жоқ па, жарандар?
Тату-тәтті бармысыңдар, армысыңдар, адамдар!
Әлем — дарқан, саялаңдар, бәріңе де орын бар,
Қорған емес, салтанатты, сәнді сарай соғыңдар.
Ей, адамдар, сендер тату, сендер тату болыңдар!
Анамыз — Жер, сол анадан жаратылдық, туыстық,
Алайда біз қан да төктік, қалжырадық, ұрыстық…
Армысың сен, арамызда жалғыз перзент — тыныштық!

Армысыздар, жиналған қауым! Киелі поэзия мен проза әлемінде өзіндік үні, сыры, бояуы бар ақын-жазушылар шығармалары арқылы оқушы бойына адамгершілік пен рухани қасиеттерді сіңіру, отансүйгіштік сезімін шыңдау мақсатында ұйымдастырылған «Тағдырыңды тамырсыздық індетінен қалқала» атты кешімізге қош келдіңіздер!

«Тағдырыңды тамырсыздық індетінен қалқала»

Төрт ана туралы өсиет

Әр адамның өз анасынан басқа
Жебеп тұрар, демеп тұрар арқада
Болуы керек құдіретті төрт ана:

  • Туған жер — түп қазығы, айбыны.
  • Туған тіл — сатылмайтын байлығы.
  • Туған дәстүр, салт-санасы — тірегі, қадамына үнемі шуақ шашар.
  • Туған тарих — қаншама ауыр, қасіретті болса да еске алатын қымбат мұра.

Орындаушы: Әбілқасым Данияр (ән).

Негізгі ой

Тамырсыздық — адамды да, қоғамды да әлсірететін індет. Оған қарсы тұратын ең берік қалқан — туған жер, туған тіл, дәстүр, тарихқа адалдық. Осы құндылықтар ұрпақ санасында орныққанда ғана имандылық пен ізгілік өмір салтына айналады.

Кілт ұғымдар

адамгершілік имандылық отансүйгіштік дәстүр тарих тіл

Қорқыттың «Башпай» күйі: аңыз және этика

Түркі жұртына ортақ имандылық пен сыйластық, әдеп пен ізеттіліктің өлшемдерін кейінгі ұрпағына өсиет еткен дана Қорқыттың «Башпай» күйінің шығу тарихына үңілейік.

Аңыз желісі

Жүз жыл бойы дария үстінде қобызын сарнатып отырған Қорқытқа Ақтамақ атты қарындасы ас әкеліп тұрады. Бір күні дарияда дауыл көтеріліп, толқын екеуін әбігерге салады. Аласапыран сәтте Қорқыттың башпайы байқамай қарындасына тиіп кетеді. Осыны әбестік санап, қатты қамыққан Қорқыт қапалана отырып «Башпай» күйін тартады. Кейін ажал жыланының уынан өлетінін білгенде, сол «арам» башпайын қабірінен сыртқа шығарып жерлеуді аманат етеді.

Көркем бөлім: «Башпай. Қобыз үні. Башпай күйі орындалып тұрады».

Поэтикалық толғау

Сұлу Сыр, толқыныңмен тастай ұйып,
Жетті маған ажалдың тастай сыйы.
Енді сенің үстіңде, жан серігім,
Орындалар соңғы күй — «Башпай» күйі.

Кезіп өткен кең әлем, сардаланы,
Пенденің де біткен бе арман-әні?
Ақтамағым, алтыным, бауырым ең,
Бауырым, бұл күй саған арналады.

Күнәлімін алдыңда, таңданбағын,
Есіңде ме, тасыған талқан-дәмің?
Дәм татып отырғанда толқын тұрып,
Башпайым тиді-ау саған, қалқам, жаным.

Содан бері мен-дағы армандамын,
Башпайымнан безініп қарғаудамын.
Енді міне, тынысым тарылуда,
Таусылмастай көріп ем жалған дәмін.

Өмір еді таңдаған талғамды әнім,
Айт десең тағы айтайын арман барын:
Талай алдап кетіп ем сұм ажалды,
Енді өзімнің өлімнен алданғаным…

Жүргізуші түйіні

Дүниеде аңыз-әңгіме көп. Бірақ дәл осындай биік этикалық талапты өзге жұрт аңызынан табу қиын. Түркі дүниесінің дәстүрлі әдеп-ғұрып өлшемдерінің түп негізін ұғынғысы келген әрбір адам «Қорқыт ата кітабын» қайта парақтаса игі.

Оқушылар үні: ар, ұят, адалдық туралы ойлар

1-оқушы (Венера)

Бәрі, бәрі сатулы бұл өмірде,
Сезімің бе, сертің бе, білегің бе,
Достығың ба, көңіл мен жүрегің де —
Жылаймын ба мен бұған, күлемін бе?

Жақсы еді ғой, япыр-ау, жаста бәрі:
Жетпесе де ас пенен ақша жағы.
Қара нанды қақ бөліп бірге жеген —
Қымбат еді достардың қас-қабағы.

Адал едік онда біз — есебі кем,
Санамайтын қай үйде неше кілем.
Бүгін біздің сатулы сәлеміміз —
Соның бәрі байлықтың кеселінен.

Байлық келді: көксеме, көксе мұны,
Жақындарың жырақтап, дос кеміді.
Байлық — патша, жанында қанды көйлек
Қызғаныш пен бәсеке — қос серігі.

Тартылғанда теңіздер ну жағалы,
Сор қаптайды — жер жаны қурағаны.
Адамзаттың бар жақсы сезімі де
Қызғаныштың зәрінен уланады.

2-оқушы (Алмаз)

Бұл өмір қайда барады шабыспенен?
Ерем деп сілем қатты, қамыс-денем.
Жолшыбай жоғалтыппын бар мүлкімді —
Ар-ұят, имандылық, намыс деген.

Жүріппін кідіріссіз сар желіспен,
Сусыным шалап екен бал деп ішкен.
Білмеймін кімдер, қашан айдап кетті
Шырылдап бабам жиған малды өрістен.

Қысқарттым құр шабыспен қысқа күнді,
Денемде тері орнында — мыс жамылғы.
Адалдық пен зұлымдықты айыра алмай,
Досымнан жақын көрдім дұшпанымды.

Бермеді өмір-шабыс маған тыным,
Сезбедім тірлік мәнін, адам құнын.
Тебініп, текіректеп кете бердім,
Тірілей қырқтым да ана тілін.

Табылмай құр тірлікте бір арашы,
Морт сынды өмірімнің бұғанасы.
Миым — тас, жүрегім — мұң, сезімім — көн,
Алдымда ажал — шыңның құламасы.

Құрметті оқушылар!

Адамның адамшылығы ақылдан, жақсы анадан, жақсы ұстаздан болады. Ендеше, бірі адам бойына имандылық нұрын сепсе, екіншісі — ата-анасыз қалған балалардың анасыдай болып, мейірім сыйлаған жандар. Енді адамгершілік туралы пікірлерді тыңдайық:

  1. Орталық мешіттің наиб имамының сөзі.
  2. Балалар үйінің басшысы Макашева Бақыт Әбдіқадырқызының сөзі.

М. Шаханов: «Әке үкімі» (үзінді)

Жүргізуші: Адамгершілік ұғымы — кең. Имандылық, достық, бауырмалдық, қайырымдылық, туған жер мен елге құрмет те осы ұғымнан бастау алады. Ар, ұят, намыс, тіпті бір кезде дұшпан санаған адамға да құрмет көрсету — мына поэмада кеңінен көрініс береді.

Поэмадағы түйінді диалог

— Әке, жүруші едің маған ылғи өкпелі,
Кеюші едің «мал болмайсың» деп мені…
Аты шулы Баймағанбет сұлтанның
Маған берген сыйлығына қарашы!

— Қапысызда қармақ салып,
Махамбетті алдап соғып,
Басын кесіп, сыйға тарттық сұлтанға…

— Ой, залым-ай, жүзіқара залым-ай…
Ақын деген киелі аққу самғаған.
Ал, ендеше, аққуды атқан пендені
Қай атаңнан көріп едің, оңбаған?

— Ертең сені қойып желдің өтіне,
Ызалы ұрпақ түкіреді бетіңе…
Дала заңы — баба заңы, қарағым!

Ізгілік, үміт, табиғат: келесі оқушылар толғауы

4-оқушы (Назгүл)

Шаршағанда жүрегім тым езіле,
Тағы келдім, жан досым, міне өзіңе.
Сүйіп тұрып сүйедің қанатыңмен,
Сүйсінемін осы асыл мінезіңе.

Өрмелерде өмірдің ең өріне
Жауласудың біреумен керегі не?
Жүрмейміз бе күндердің күндерінде
Зәру болып адамның көмегіне?

Қандай қиын — қалмаса жаныңда адам.
Керексіңдер сондықтан бәрің маған…
Керек болғым келеді бәріңе мен.

5-оқушы (Әли)

Мен сенемін күні ертең
Нұрлы үмітпен оянар деп ұлы өлкем.
Күліп жайсаң күн ғажайып,
Ел наласы тарқар деп.

Ақыл-ойды пір тұтар деп ұлы өлкем,
Мына дәурен бұрқан-талқан
Ертең қайта өзгерер.
Ақындарын сұлтандардан
Артық сыйлар кез келер.

6-оқушы (Мирас)

Жасыл бұта жая алмай жапырағын,
Сусыз жерде сусылдап жатыр, ә, құм…
Суретші емес, бәріңді орманшы боп,
Сұлулықты сақтауға шақырамын.

Бір-біріңді, адамдар, әсемдікке құштар бола білуге үйретіңдер!
Тіршіліктің жалғасы — жасасын — НАН!
Қарлығаштар қашпасын ұясынан,
Ағын сулар кетпесін арнасынан.

Гүл егіңдер, беріңдер шөлге де рең.
Құстар үркіп жүрмесін көлдерінен!
Отты сақта! Заман бұл от-тегін дер…
Бір-біріңе қарызсыз от беріңдер!

Туған жердің киелі атырабын —
Тобылғылы, топ шилі топырағын,
Торғын гүлін, жайқалған жапырағын —
Бәрін, бәрін сүюге шақырамын!

Туған жерге тағзым: авторлық ән

Алтын бесік, туған жер, далам менің,
Қанат қаққан ұяңнан балаң едім.
Сырлы сазын жүректің төгейін деп,
Сағынышты сан жылғы ала келдім.

Келесі бөлім

Аймақтық авторлық әндер байқауының жүлдегері — «Туған жер» әні. Әні: Сейтбеков Алтынбек Болатбекұлы. Сөзі: Алпысова Әсем Дәулетбайқызы.

Ғ. Мүсірепов: «Өлімді жеңген ана» (үзінді)

Сонау көне замандардан бері әйел-ана — өмір сыйлап, өмірді жалғастырушы, жер бетіндегі күллі ерлік атаулының бәріне дем беруші қасиетті бейне. Бүгінгі ұрпаққа өнеге болатын осы рух — Ғ. Мүсіреповтің туындысында айрықша көрінеді.

Ана мен Темірдің айтысы

— Сен өлімге қызмет етесің, мен өмірге қызмет етемін.
Сен өлім шашасың, мен өмір шашамын.
Дүниеге адам әкелем, білдің бе? Сондықтан мен сені адамға санамаймын да.

— Сен менің алдымда кінәлісің. Менің алдымда күнәңді жусын деп келдім…
Өйткені мен — ана! Сен өлім сепсең, мен дүниеге өмір себем. Сені жеңем!

— Үш жүз салт әскер, қазір жердің төрт бұрышынан аралауға аттансын.
Тапсын олар мына әйелдің ұлын! Әйел осында күте тұрады. Мұнымен бірге мен де күтіп отырам.

Қорытынды шумақ

Аналар, осындайсың бәрің де,
Осындайсың жасыңдағы кәрің де.
Сиынатын болса өмірде құдірет,
Сиынар ем, ана деген тәңірге.

Елдік пен бірлік: финалдық әндер және тілек

Киелі қазақ топырағы ақынға да, батырға да кенде емес. Ел армандаған тәуелсіздіктің туын ата-баба жерінде желбіреткен тұлғалардың елдік болмысы — кейінгі ұрпаққа үлгі.

Ән: «Елім менің»

Мен сенің пейіліңе қайранмын,
Шын досысың жаз құшағын жайғанның.
Көк байрағың — көкшіл мөлдір аспаның,
Кеңдігің мен елдігіңнен айналдым!

Құрметті көрермендер!

Осымен бүгінгі кешіміз аяқталды. Көріскенше күн нұрлы болсын!