Оқушыларды түгендеу, назарын сабаққа аудару

5-сынып

Сабақтың тақырыбы: Мата туралы жалпы түсінік

Сабақ түрі: Жаңа білімді меңгерту Әдістері: түсіндіру, сұрақ-жауап, пікір алмасу Көрнекілігі: интерактивті тақта, топтамалар

Бұл сабақта оқушылар мата туралы негізгі ұғымдарды меңгеріп, талшық түрлерін ажыратады, мақта мен зығырдың қасиеттерін салыстырады және алғашқы өңдеу кезеңдерімен танысады.

Сабақтың мақсаттары

Білімділік

Тақырып бойынша білімді жетілдіру; жаңа материалды оқушының ізденісі мен шығармашылық жұмыстар арқылы меңгерту; мата туралы түсінік қалыптастыру.

Тәрбиелік

Көркемдік іс-әрекет дағдыларын қалыптастыру және шығармашылық көзқарасты дамыту.

Дамытушылық

Еңбекке баулу және технология сабақтарындағы мата өндіру, өңдеу үдерістерін түсіндіру; электрондық ақпараттық технологияларды қолдану тәсілдерімен таныстыру.

Сабақ барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушыларды түгендеу.
  • Назарын сабаққа аудару, жұмысқа бағыттау.

2) Үй жұмысын тексеру: топырақтану ұғымдары

Оқушылар топырақтың негізгі қасиеттерін еске түсіріп, берілген тұжырымдарды талдайды және суреттер бойынша ой бөліседі.

Сөз төркінін тап (тұжырымдар)

Топырақтың ең негізгі қасиеті — құнарлылығы.

Құм мен құмдақ — ұзақ жылдардың нәтижесінде пайда болады.

Қарашірік — суды нашар өткізеді.

Топырақ — жер қыртысының үстіңгі қабаты.

Саздақ жер — суды көбірек өткізеді.

Құнарлылықтың түрлері

  • Табиғи құнарлылық
  • Жасанды құнарлылық

Топырақ құрылымы

Қатты бөлшектерден, ылғал мен ауадан құралады.

Негізгі қасиеттері

Ауа өткізгіштік және су өткізгіштік.

«Суреттер сөйлейді»

Өсімдіктерді қоректік заттармен және сумен үнемі қамтамасыз ету топырақтың құнарлылығына байланысты. Табиғи құнарлылық адамның қатысуынсыз қоршаған ортаның әсерінен қалыптасады. Тың жерді егіншілікке пайдаланғаннан кейін құнарлылық біртіндеп жасанды құнарлылыққа ауысады. Жасанды құнарлылық адамның тұрақты еңбегі мен шаралары арқылы жасалады. Тұрақты әрі мол өнім алу үшін әртүрлі тыңайтқыштар қолданып, топырақ құнарлылығын арттырамыз.

Мата туралы негізгі ұғымдар

Мата қайда қолданылады?

Мата өнеркәсіпте киім-кешек тігуге, төсек-орын жабдықтарын және тұрмыстық тоқыма бұйымдарын жасауға кеңінен пайдаланылады.

Белгіленуіне қарай

  • Тұрмыстық
  • Техникалық
  • Арнайы

Негізгі шикізат

Матаны шығару үшін негізгі шикізат — талшық. Талшық — майда, жіңішке жіптәрізді зат.

Талшық түрлері

Табиғи талшық

  • Өсімдіктен: мақта, зығыр
  • Жануардан: жүн, жібек

Есте сақтайтын тұс

Табиғи талшықтар табиғаттан алынады, ал жасанды/синтетикалық талшықтар өндірістік жолмен жасалады (мысалы, лавсан, капрон — табиғи талшықтарға жатпайды).

Мақта: шығу тегі мен қасиеттері

Жалпы мәлімет

  • Мақта — біржылдық өсімдік.
  • Жемісі — аппақ ұзын талшықтары бар қорапша.
  • Мақтаның отаны — Индия, Оңтүстік Америка.
  • Қазақстанда негізінен Оңтүстік өңірде өсіріледі.

Адамға пайдасы

  • Дәні — талшық алуға арналған.
  • Бұтағы мен қалдығы — тұрмыста және өндірісте (мақта, қағаз, картон) пайдаланылады.

Құрылымы және гигроскопиялық қасиеті

Талшық қалыңдығы

Өте жіңішке, майда болады.

Ұзындығы

6–52 мм-ге дейін жетеді.

Түсі

Негізінен ақ, кейде қоңыр-сарғыш немесе жасыл түсті де кездеседі.

Гигроскопиялығы — қоршаған ортадағы ылғалды сіңіру және өткізу қасиеті. Мақта бұл қасиеті бойынша өте жоғары: ылғалды тез сіңіріп, тез кебеді.

Мақта матаның практикалық ерекшеліктері

  • Қолға ұстағанда жұмсақ.
  • Оңай жуылады, тез кебеді, жақсы тазарады.
  • Жеңіл үтіктеледі.
  • Беті тегіс, біркелкі иірілген жіптен тоқылады.

Тексеру (жанып көру)

Мақта талшығын жаққанда ашық-сары түсті болып жанады және күйген қағаздың иісі шығады.

Бұл талшықтан мата, тоқыма бұйымдары, тігін жіптері дайындалады.

Ескерту: мақта маталар көбіне негізгі жіп бағытымен созылады және жуылған кезде сол бағытта көбірек отыруы мүмкін.

Зығыр: шығу тегі мен қасиеттері

Жалпы мәлімет

Зығыр — біржылдық, шөптектес өсімдік. Зығыр талшығын алу үшін көбіне салалы зығыр өсіріледі.

Зығырдың түрлері

  • Салалы
  • Жабайы
  • Бұйра

Адамға пайдасы

  • Дәні — техникалық май алуға пайдаланылады.
  • Сабағы — матаға арналған талшық береді.
  • Қалдығы — техникалық мақсатта, кендір ретінде қолданылады.

Құрылымы және гигроскопиялық қасиеті

Сабағы

Тік өседі, биіктігі 1 м-ге дейін жетеді.

Талшық ұзындығы

15–20 мм шамасында.

Түсі

Ашық сұрдан қою сұрға дейін.

Зығыр ылғалды жақсы өткізеді, оңай жуылады. Мақтаға қарағанда ыстыққа төзімді және беріктеу.

Зығыр матаның практикалық ерекшеліктері

  • Мақта матадан мықтырақ.
  • Негізгі және арқау жіп бағытымен де созылады.
  • Салмақты, қалыңдау келеді.
  • Беті тегіс әрі жылтыр; жіп жуандығы әркелкі болуы мүмкін.

Таза зығыр мата тез сетінегіш, мыжылғыш болуы мүмкін, бірақ үтіктеуге тез көнеді.

Талшықтарды алғашқы өңдеу

Мақтаны алғашқы өңдеу

  1. Мақта талшығын алдын ала тазалау.
  2. Тұқымынан талшықты айыру.
  3. Нығыздау (престеу).

Зығырды алғашқы өңдеу

  1. Зығыр сабағын суда жібіту.
  2. Кептіру және жұмсарту.
  3. Сабау.
  4. Зығыр талшықтарын алу.

Тарихи-мәдени дерек: мата атаулары және дәстүр

Мата қазақ өлкесіне бұрын Ұлы Жібек жолы арқылы Шығыс және Оңтүстік Азия елдерінен, кейін Ресейден тасымалданып әкелінген. Тоқылуына, сапасына, өрнектерінің түрі мен әсемдігіне қарай матаның әртүрлі атаулары қалыптасқан. Халқымыз матаның әсем, жанға жайлы қасиеттеріне сай қыз баланың есімдерін де мата атауларымен байланыстырып қойған: Күлдәрі, Ұштап, Мақпал, Қырмызы, Жібек, Дүрия және т.б.

Ой-толғаныс: мата атауларын білеміз бе?

Масаты дегеніміз не?
Масаты — жұмсақ, түкті мата. («Масатыдай құлпырар жердің жүзі».)
Шидем дегеніміз не?
Шидем — түйе жүнінен тоқылған мата. («Шидем шекпен кигенім, түлкі тымақ».)
Шайы дегеніміз не?
Шайы — үлбіреген, жұқа жібек мата. («Шолпысы сылдырлап, шайы көйлегі сусылдап».)
Бүлде дегеніміз не?
Бүлде — сәнді, бағалы маталарға қатысты атау ретінде қолданылады. («Үлде мен бүлдеге оранып...».)

Жұмбақтар (сергіту сәті)

Бар екен дүниеде жалғыз көзді, сол көзбен дүниенің бәрін кезді. Әлемді он сегіз мың киіндіріп, дүниеден жап-жалаңаш өзі безді.

Жауабы: ине

Екі басты жалмауыз, керіп аузын ашады. Алдына түскен нәрселер, өзінен-өзі қашады.

Жауабы: қайшы

Қимылдаса қос шебер, қыруар істі бітірер.

Жауабы: қол

«Жалғасын тап» ойыны (мақал-мәтел)

  1. Әке көрген оқ жонар...
  2. Еңбектің наны тәтті, ...
  3. Шешеннің сөзі ортақ ...

Жұмбақ: шыт мата

Матамын әркез төзімді, мақтадан алар бөзімді. Үлкендер де, кішілер де сәндікке киер өзімді. Көп жуса тез қысқарам, қажетімді білер ұстаған. Бүктелсем де сан рет, үтіктелсем жақсарам.

Жауабы: шыт мата

Жұмбақ: мақпал

Сәндік киім тігетін, қалың түкті матамын. Ұлттық киім нышаны, қасиетті затқа жатамын. Сондықтан да аналар, қызына қояр атымды. Атауымды кім табар, айта ғой, қызым, атымды.

Жауабы: мақпал

Сабақты бекіту

Мақта мен зығыр талшықтарын салыстыру

Қасиеттері Мақта Зығыр
Түсі Көбіне ақ (кейде қоңыр-сарғыш, жасыл) Ашық сұрдан қою сұрға дейін
Беріктігі Орташа Жоғары
Жұмсақтығы Жұмсақ Қатқылдау
Ылғал өткізгіштігі Өте жоғары, тез кебеді Жоғары, оңай жуылады
Талшық ұзындығы 6–52 мм 15–20 мм
Қалыңдығы Жіңішке талшық Салыстырмалы қалыңдау сезіледі

«Иә / Жоқ» сұрақтары

1. Мақтаның түсі ақ па? Иә

2. Зығыр мата бұйра зығырдан алына ма? Жоқ

3. Мата талшықтан тұра ма? Иә

4. Табиғи талшықтарға лавсан, капрон жата ма? Жоқ

5. Мақта мықты, жұмсақ, жеңіл ме? Иә

6. Зығыр мата беті тегіс, жылтыр ма? Иә

7. Гигроскопия — қоршаған ортадан ауа өткізу қасиеті ме? Жоқ

8. Мақта — біржылдық өсімдік пе? Иә

9. Зығыр жұмсақ мата ма? Жоқ

10. Мақта талшығын жаққанда қағаз иісі шыға ма? Иә

«Хат тасушы» ойыны (қайталау сұрақтары)

  1. Қазақстан Республикасының астанасы қай қала?
  2. Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне қанша жыл толды?
  3. Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті кім?

Қорытынды және тапсырмалар

Бағалау

Оқушылардың сабаққа қатысуы, сұрақтарға жауап беруі, салыстыру жұмысы мен талдау нәтижелері негізінде бағаланады.

Үй жұмысы

  • «Мата туралы жалпы түсінік» тақырыбын оқу.
  • Мата атауларына байланысты сөзжұмбақ құрастыру.