Менің тілім
Ауызша журнал (8-сынып)
Ана тілі – жүрек үні
Орындаған
А. Даулова, А. Тәжиева
Арналады
22 қыркүйек — Тілдер күні мерекесіне
Мақсаты мен көрнекілігі
Мақсаты
- Балаларды ана тілімізді құрметтеуге тәрбиелеу.
- Тіл — ертеңіміз, тіршілігіміз, бабалардан қалған асыл мұра екенін ұғындыру.
- Шешендікке, тапқырлыққа, сөз қадірін түсіне білуге үйрету.
Көрнекілігі
- Ақын-жазушылардың портреттері
- Нақыл сөздер
- Кітаптар көрмесі
- Интерактивті тақта
Кіріспе сөз
Құрметті ұстаздар, оқушылар! Бүгін сіздердің назарларыңызға «Ана тілі – жүрек үні» атты ауызша журнал ұсынамыз. Бұл журнал Тілдер күні мерекесіне арналады және 4 беттен тұрады.
Ана тілге деген сүйіспеншілік бала кезден басталады. Ана тілі — халықтың өткен, қазіргі және келешек ұрпағын мәңгілік біріктіретін ең сенімді құрал. Ана тіліміз арқылы ғана біз халқымызды, Отанымызды танып білеміз. Туған жердің қасиеті мен ерекшелігін жүрегімізге сіңіріп, оған деген махаббатымызды да ана тіліміз арқылы жеткіземіз.
Біздің ана тіліміз — қазақ тілі. Қазақ тілі — дүние жүзіндегі ең бай, беделді әрі бейнелі тілдердің бірі. Ұлы Абай: «Өткірдің жүзі, кестенің бізі, өрнегін сендей сала алмас» — деп таңырқап, тағзым еткен. «Қазақстанның болашағы — қазақ тілінде» деген ой да елдік мұратқа айналды.
Құрметті ұстаздар, ата-аналар! Сіздерді Тілдер күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! Оқушыларымыз ана тіліміздің мәртебесін биікке көтеретін сұңқардай самғасын, бәйгенің алдын бермес тұлпардай оза шапсын! Мереке құтты болсын!
Ән
«Тәуелсіз қазақ елі»
Орындайтын: Н. Жаңабай
Түйін
Тіл тарихы — ел тарихы, тіл тағдыры — ел тағдыры. Тарих пен тіл — тамырлас.
1-бет: «Ардақтап ата тарих, ана тілін»
Тарихи дерек • Мәртебе • ЗаңДархан
Менің ана тілім — қазақ тілі. Қазақ тілі әлемдегі 15 миллион қазақтың ұлттық тілі. Тәуелсіздік алғаннан кейін ана тіліміздің мәртебесі өсіп, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі ретінде Ата Заңмен бекітілді.
Шахноза
Бұл — 1989 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің қабылдаған қаулысының заңды жалғасы. Сол жылы қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болып, кейін конституциялық деңгейде орнықты.
Ақбаян
Егемендік алғаннан кейін 1997 жылғы 11 шілдеде Қазақстанда «Тіл туралы» Заң қабылданды. Мемлекеттік тіл — қазақ тілі. Заң 6 тараудан, 27 баптан тұрады.
Жібек
Президент Жарлығына сәйкес жыл сайын 22 қыркүйек — Қазақстан халықтарының тілдері күні ретінде аталып келеді. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін нығайтатын игі істер жалғасын табуда.
Жандаулет, Ғалымжан
Қазақ тілі — Қазақстан халқы үшін әдебиет, мәдениет, ғылым мен білімнің, оқу-ағартудың тілі. Қазіргі қазақ тілі кез келген әдебиетті басқа тілден аударуға, әртүрлі стильде сөйлеуге, жазуға мүмкіндік беретін кемелденген тіл. Ана тілін ардақтау — өз Отанын сүйетін әрбір адамның азаматтық борышы.
Ән
«Қазақ елі»
Орындайтын: Д. Ахмет
2-бет: «Тіл — қымбат қазына»
Шешендік • Дәстүр • КөрінісЕрдің құнын екі ауыз сөзбен бітіретін де, жауласқан елдерді келісімге келтіретін де — осы тіл. Ол күлгенді жылатып, жылағанды жұбата алатын құдірет.
Үш бидің өнегесі
Төле би
Атың жақсы болса — ер жігіттің пырағы.
Балаң жақсы болса — жан мен тәннің шырағы.
Бірлік керек, тірлік керек — ағайынға ала көз болма.
Қазбек би
Біз қазақ деген мал баққан елміз,
Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.
Досымызды сақтай білген, дәм-тұзды ақтай білген елміз.
Әйтеке би
Ашу — ағын су, алдын ашсаң арқырар.
Ақыл — дария, алдын тоссаң торқырар.
Елді, жерді қорғаңдар; досқа мейірімді болыңдар.
Көрініс: «Жетес бидің тапқырлығы»
Сыр өңірінің белгілі азаматы Кемал деген кісі жолаушылап жүріп, серіктерімен Жетес бидің үйіне түседі. Үй иесі қонақтардың алдына сары майға бөктіріп, қазан жаппай нанын әкеліп қояды. Алпамыстай алып денелі кісілер нан мен майды бұйым көрмей, өзара күбірлесіп: біреуі етті, біреуі жентті сөз етеді.
Жетес би:
Сөз жақсысы — «ләббай», ас жақсысы — қазан жаппай.
Біреу ет дейді, біреу жент дейді.
Бірақ соның бәрі сары майға салған сары нанға жетпейді.
Алып отырыңыздар!
Сонда Кемал: «Жетес-ау, дұрыс. Сары майға батырылған нанға еш нәрсе жетпейді. Бірақ жанымдағы серілер Кіші жүзге аты белгілі Қыстаубайұлы Жетестің отбасынан ет жемей кетпейді. Мен не қылайын?» — деген екен. Тапқыр сөзге разы болған Жетес би мал сойғызып, қонақтарын күткен деседі.
Халқымыздың ойлы азаматтары ғасырлар бойы ана тілімізді барша өнерден жоғары бағалады. Егемендік алғаннан кейін елге оралған қандастарымыздың да жүрегі «тіл» деп соғады.
Ән
«Туған жер»
Орындайтын: Каналбек А.
3-бет: «Тіл деп соққан жүрегі»
Поэзия • Тұлғалар • ТұғырРахымжан
Егемендік алғалы ұлттық жолдың жалғасып келе жатқаны — ақиқат. Бұл тіл — қазақты әлемге танытқан ұлы Абайдың, әліпбидің атасы Ахметтің, көркем сөздің көшбасшысы Мұхтардың тілі.
Әсел
Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Алатаудың арасын мекендеген қазақтың Әлихан Бөкейханов, Мұстафа Шоқай, Ахмет Байтұрсынұлы сияқты біртуар ұлдары ХХ ғасырда тәуелсіз Алаш мемлекетін құруға бекер кіріспеді.
Мағжан Жұмабаев, «Ана тілі»
Ерлік, елдік, бірлік, қайрат — бақ ардың,
Жауыз тағдыр жойып не бардың.
Алтын күннен бағасыз бір белгі боп,
Нұрлы жұлдыз, бабам тілі, сен қалдың!
Аманай
Сұлтанмахмұт Торайғыров
Сүйемін туған тілді — анам тілін,
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.
Шыр етіп жерге түскен минутымнан
Құлағыма сіңірген таныс үнін.
Ақбаян
Адам қанша дарынды әрі табанды болса да, туған жерін сүймей тұрып ғаламды сүйе алмайды. Ана тілін сыйламаған — халқын да сыйламайды.
Айжан
Тілім менің — ең бірінші байлығым,
Тілім менің — арқа сүйер айбыным.
Сен арқылы сезінем
Шабытымның шалқар сезім айдынын.
Тілім менің — бойымдағы ар-намысым,
Тосар мені өмірде әлі сын.
Сен жасасаң — мен де шатпын өлгенше,
Сен қымбатсың өз халқыңның бағы үшін.
Жібек
Адамды мұратқа жеткізетін — ана тілі мен ата дәстүрі. Тілімізді шұбарлап сөйлеуге жол бермеуіміз керек. Ана тілі — ар өлшемі.
Қ. Мырза Әли
Ана тілің — арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте!
Шахноза
Ана тіліміздің шұрайы мен шырайына ерте заманнан-ақ шетел саяхатшылары мен ғалымдары ерекше мән берген. Пушкин қазақ даласына келгенде «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» сияқты жырларға тамсанған, ал Радлов қазақ халқының шешен сөйлеуді ұнататынын және поэзиясының аса бай екенін жазған.
Ой-толғау
Өз тіліңде ойлау мен сөйлеу тоқтаған сәттен бастап, баба рухымен байланыс әлсірейді. Өз тілін жерсінбеу, өз анасын менсінбеу — рухани мүгедектік әрі ұлттық сатқындыққа бастайтын қауіпті жол.
Ән
«Ана тілі»
Орындайтын: Есбол Асқар
Мұхтар Шахановтың сөзі
Тілін сыйламаған адам ұлтын сыйлауға қабілетсіз. Тіл — әр ұлттың ең ұлы анасы. Әлемдегі дамыған мемлекеттердің қатарына қосылу идеясын қолдаймыз, бірақ қандай дәрежеге жетсек те, тіліміз бен рухымыздан айырылсақ, бұл біз үшін өліммен тең.
Төлеген Айбергенов, «Сағыныш»
Жалғасын сен айт, сен айт бұл әннің,
Жабылып кетсем егер мен.
Ғұлама жылдар суырлатқанда парағын…
4-бет: «Тіл және біз»
Қоғам • Жауапкершілік • ҮндеуНұртуған
Ғаламдық жаһандану үдерісі күшейген заманда ұлттық болмысты сақтау — әр азаматтың намысымен өлшенеді. Әлемде тамырсыз өсімдік жоқ болса, тамырсыз адам да болмайды. Өз тамырын ұмытқан қоғамның болашағы бұлдырайды.
Біз ата-баба аманатына сүйеніп, ұлттың рухын, тілдің тұғырын сақтауымыз керек. Кеше кім едік, бүгін қайда барамыз — осы сұрақ әрқайсымызды ойландыруы тиіс.
Жәнібек
Ана тілін мойындамау — адамдық және қоғамдық заңдылыққа кереғар. Тілі мен рухын сақтаған ұлт қана ертеңіне сеніммен қарайды. Ал тіл жойылса — үн де, ән де әлсірейді. Адасқан санаға бағыт беретін — ұлттық жауапкершілік пен тілге құрмет.
Оқушылардың тілегі
Асқар
Қазақ тілі — ұлы Абай, Шоқан, Мағжан, Мұхтар; Ғабит пен Сәбит аталарымыздың тілі. Бұл — менің тілім! Ана тілімде сөйлеп, білім алып, болашаққа жол ашып келе жатқаныма қуаныштымын. Мәңгі жаса, менің ана тілім!
Айжан
Ә. Тәжібаев: «Болдым, толдым деме — ізден. Ізденген мұрат-мақсатқа жетеді» — деген. Ендеше, мен ана тілімді дәріптеп, құрметтеймін. Ана тілімнің болашағы зор екеніне сенемін.
Ән
«Ана»
Орындайтын: Н. Жаңабай
Қорытынды
Тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болды. Енді ана тіліміздің өрісін кеңейтіп, қолданыс аясын барынша ұлғайту — бәріміздің міндетіміз.
Қоштасу
Құрметті ұстаздар, оқушылар! Осымен «Ана тілі – жүрек үні» тақырыбындағы ауызша журналымыз аяқталды. Сау болыңыздар!