Топ көшбасшысына тапсырма

Атырау облысы, Атырау қаласы. Үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған №30 мектеп-гимназиясының орыс сыныптарындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі — Габдуллина Балауса Гайнеденовна.

Пәні: Қазақ әдебиеті

Сынып: 5

Сабақтың тақырыбы: Міржақып Дулатұлы — «Шешенің балаларын сүюі»

Жалпы мақсаттар

  • Міржақып Дулатұлының өмірі мен шығармашылығының қыр-сырын меңгерту, түсінікті тереңдету.
  • Оқулықта берілген өлеңге жан-жақты талдау жасап, тақырыбы мен идеясын ашу.
  • Оқушыларды өз бетімен әрекеттендіру арқылы сын тұрғысынан ойлауын және жазылым дағдыларын дамыту, топтық жұмыстың тиімділігін арттыру.
  • Анаға сүйіспеншілікпен қарауға, құрметтеуге, қадірлей білуге тәрбиелеу.

Оқыту нәтижесі

Өзгерісті бағалау

Өзгеріс енгізу барысында сыныпта нақты не болатынын бақылау және бағалау: болжамға сүйенбей, шынайы үдерісті айқын анықтау.

Үдеріске ықпал ету

Оқыту үдерісіне жаңалық ұсыну арқылы ықпал етуге, қолдауға және нәтижеге бағыттауға талпыну.

Негізгі идеялар

Ана — тіршіліктің гүлі, отбасының берекесі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі.

Нақыл: «Ат — биеден, алып — анадан туады».

Тапсырмалар

  1. Ақынның өмірі туралы айту.
  2. Өлеңді мазмұндап, талдау жасау.
  3. Венн диаграммасын құрастыру.
  4. Мақал-мәтелдің жалғасын табу.
  5. Өлеңнің жалғасын табу.
  6. Жылдар мен оқиғаларды сәйкестендіру.
  7. Бейнебаян бойынша ой қорыту.
  8. Топ көшбасшысына арналған тапсырма.
  9. «Анаға тілек» — жылы лебіз білдіру.
  10. Эссе жазу.

Кейінгі тапсырмалар

Өзгерістерді бағалау

Сабақ барысындағы өзгерістердің тиімділігін дәлелдермен бағалау.

Әріптестермен кеңесу

Жоспарды жетілдіру үшін басқа әріптестермен ақылдасу, тәжірибе алмасу.

Тәжірибе негізінде сипаттау

Нәтижелерді жинақтап, тәжірибе негізінде енгізілген өзгерістерді сипаттау.

Сабақтың ұйымдастырылуы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Сыныппен сәлемдесу.

Оқушыларды 3 топқа бөлу: сыныпқа кірген кезде «бағдаршамның» үш түсі (қызыл, сары, жасыл) таратылады.

Сабақалды тренинг: «Жүректен — жүрекке».

Оқушылар, бүгінгі сабағымыздың ерекше болатынын байқаған шығарсыңдар. Бүгін сабағымызға қонақтар қатысып отыр. Ендеше, сабақты бастамас бұрын бір-бірімізге оқу-білімге қатысты нақыл сөз айтып, сабақалды тілегімізді білдірейік.

Әр топ оқушылары бір-біріне оқу-білімге қатысты тілек ретінде нақыл сөз айтады.

Сабақтың жүрісі (Блум таксономиясы бойынша)

I

Білім. Мағынаны тану сатысы

Мультимедиялық тақтадан Қ. Әжібековтің «Ана мен бала» картинасын көрсету.

Оқушылар, бұл суреттен нені байқадыңыздар?

Дұрыс, ана мен бала. Ал ана — бала үшін кім?

Иә, ана — баланың ең жақын әрі ең қамқор адамы.

Бүгінгі сабағымыздың тақырыбы — ана мен баланың арасындағы махаббат. Біз Міржақып Дулатұлының «Шешенің балаларын сүюі» өлеңімен танысамыз.

Топтық жұмыс

Әр топқа тапсырмалар таратылып, оқушылар жаңа тақырыппен өз беттерінше танысады.

1-топ

М. Дулатұлының өмірі туралы мәліметтер.

2-топ

«Шешенің балаларын сүюі» өлеңі: мазмұны мен негізгі ойы.

3-топ

Ақын өмір сүрген кезеңдегі ел жағдайы мен қазіргі жағдайды салыстыру.